Уахабизм ұрпақ санасын улауды көздеиді
Уахабизм ұрпақ санасын улауды көздеиді
27.08.2018
241
0

Бұл сұраққа келмес бұрын, жалпы «Сәлафия» дегенге тоқталып, оның мән-мағынасын түсініп алғанымыз жөн. Өйткені, барлық ағымдарға ортақ бір қағида бар. Ол – жақсы ұранның астында жымысқы ойларын жүзеге асыру. Ислам теологиясында «ас-Салаф ас-Солих» деген термин бар. Бұл туралы ислам энциклопедиясынан көре аласыз.
Бұл терминнің шығуына себеп болған мынадай хадис бар. Пайғамбарымыз (с.а.с)  былай деген: «Ең жақсы ғасырлар: менің ғасырым, сосын одан кейін келетіндер (ғасыры), сосын олардың соңынан келетіндер (ғасыры) жақсы». Міне, осы ғасырға «Аср ас-Сағадат» делінеді. Ал осы ғасырда өмір сүргендер абзал адамдарға «ас-Салаф ас-Солих» делінеді. Олар – пайғамбарымызбен (с.а.с) бірге өмір сүрген сахабалар, олардың ізіне ерген табиғиндер және оларға ерген атбаға табиғиндер болып табылады. Міне, осы қасиетті ұғымды өздеріне ұран етіп алған заманауй сәлафиттер бар. Бірақ бұлардың айтқан сөздері ғана болмаса, амалдарын көріп, шынайы сәлафилерге еш қатысы жоқ екенін байқайсыз.
Жалпы, діннен еш хабары болмаған қарапайым қатардағы жастардың дінге бет бұруына ықпал ететін бірқатар факторлар бар. Солардың бірі әрі бірегейі, әлбетте, интернет, ондағы әлеуметтік желілер, қауымдастықтар болып табылады. Ата-анасының немесе имамдардың ықпалымен дінге бет бұрушылар да жоқ емес, бірақ өте аз. Өйткені, ата-ананың балаға рухани тәрбие беруге уақыты да, қауқары да жоқ. Ал имамдарға келетін болсақ, қала және аудан орталықтарындағы бір мешітке кем дегенде 300-400 жамағат келсе, оларға жалғыз имамның рухани тәрбие беруге физикалық тұрғыдан мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, олардың негізгі ғибадат рәсімдерін өткізуден басқаға қолы да тимейді. Оның үстіне, мешіттің барлық тұрмыстық жағдайлары мен халықтың өлім-жетімге деген сұраныстары да сол жалғыз имамға жүктеледі. Міне, осыдан кейін жастардың рухани сұранысын қанағаттандыратын негізгі құрал әрі ұстаз интернет болып шыға келеді.
Ал өз беттерінше ілім алған жастардың дәстүрлі емес діни ағамдардың жетегінде кету ықпалы басым. Егер балаларымыз бұл ағымның ықпалына түссе, онда оларды дәстүрлі бағытқа қайтару өте қиын. Себебі, бұл – тек бір діни бағыт қана емес, мұсылман үмбетін өз ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама. Яғни, сіздің балаңыз саяси бір ағымның жалған идеяларын жүзеге асырушы құралға айналады деген сөз. Оның соңы Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға кетіп, Отанын сатушылардың қатарын толтырушылардан болуы да әбден мүмкін. Себебі,елімізден Шам жеріндегі қарулы қақтығысқа қатысу үшін кеткен 400 азаматтың барлығы дерлік осы көзқарастағылар болып отыр.
Енді «Бұлар кімдер? Мақсаттары қандай? Біздің жастарымызда несі бар?» деген сұрақтарға шамамыз келгенше жауап беруге тырысамыз.
Қарапайым қатардағы бала дәстүрлі емес діни ағымның ықпалына түссе, оның бойында бірқатар өзгерістер пайда бола бастайды. Уақыт өте келе, ол мүлде басқа адамға айналады. Ол өзгерістерді отбасы мүшелері, жақындарымен достары міндетті түрде байқайды. Дәстүрлі емес діни ағымның ықпалына түскен азаматтардың тұлғасындағы өзгерістер төмендегідей:
1.Сөздеріндегі өзгерістер: Күнделікті қолданыстағы сөздерді араб терминдерімен ауыстыра бастайды. Әсіресе, «Ахи», «Ухти», «Джазака Аллаһума хайран», «Джахил», «Мушрик», «Мунафиқ», «Бидғат», «Харам», «Ағузубиллаһ», «Әстағфируллаһ» деген сөздерді өте жиі еститін боласыз. Бұлардың бірқатары діни терминдер болса,кейбірі күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздер.
2. Атын өзгерту: Өзінің негізгі атынан бөлек, «куня», яғни, лақаб аттар ала бастайды. Абдуллаһ, Сейфуллаһ, Халид, Хамза, Салахадди т.б.. Бұл аттардың барлығы ислам тарихандағы қаһарман қолбасшылардың аттары болып табылады. Алғашында бұл есімдер олардың өжет, қайсар әрі батыл болуларына себеп болса, кейіннен заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру барысында ешкім танып қоймасын (әсіресе, құқық қорғау органдары) деген мақсаттағы бір құралға айналады. Бұл да өзін жасырудың (канспирация) бір түрі.
3. Киімдерін өзгерту: Спорттық немесе әскери киімдерге әуес болу. Шалбардың балақтарын қысқарту, егер спорттық болса, балақтарды бүру, үнемі ақ шұлықтар кию. Кең және суреті, жазуы жоқ киімдер кию, Сауд Арабиясының киімдеріне әуестігі арту, қыз болса,қара түсті жамылғылар немесе абая кию, т.с.с.
4. Музыкадан бас тарту: Рок, поп, джаз секілді музыкаларды қоспағанда, дәстүрлі, патриоттық әндердің өзін тыңдауды харамға шығарады. Әйелдер ән айтатын жерлерден кетіп қалады. Тек «нашидтер» (ешқандай музыкалық аспапсыз айтылатын діни әуендер) тыңдайды. Кейбіреулері одан да бас тартады.
5. Намаздағы өзгерістер: Егер бала намаз оқымаса, онда намаз бастайды. Ал оқитын болса, намаздарды көбейте түседі. Фарз намаздардан басқа, нәпіл намаздарды да өте ұзақ әрі тастамай оқитын болады. Намаздарды Ханафи мәзһабымен емес, аяқтарын талтайтып, қолдарын көкіректеріне байлап, басқаша оқиды. Әйел және еркек намаздарының айырмашылығы болмайды. Егер жамағатпен оқылатын намаздар болса, «Әмин» дұғасын дауыстап, айғайлап айтады. Кей жағдайларда жұма намаздарына мешітке бармайды. Себебі, «мешіттер адал ақшаға салынбаған, ондағы имамның ақидасы дұрыс емес, оларға ұюға болмайды» деген қарсылық пікірлерді ашық айтады.
6. Мінездегі өзгеріс: Отбасы мүшелерімен қарым қатынасы бұзылады. Алғашқы уақытта кез келген нәрсе үшін сөз таластырып, тез ашуланатын болады. Уақыт өте келе тұйықтық басып, ешнәрсеге зауқы болмай, ешкіммен ашылып сөйлеспейді. Туған-туыстарымен қатынасын үзе бастайды. Туыстары арасында мемлекеттік, құқыққорғау органдарында қызмет жасайтын болса,олармен мүлде араласпайды. Соңында барлық әрекеттерін жасырып, өзі намаз оқып жүрсе де жалған сөйлей бастағанын байқайсыз. Компьютер, телефондарына кодтар қойып,рұқсатсыз тисеңіз, қатты ашуланып, дөрекі сөздер айтуға дейін баруы мүмкін. Бұл – радикалданудың орта кезеңі.
7. Жиһад: Ислам дінінің мәні, ең асыл мақсаты жиһад деген түсінікке жетеді. Оған ислам тек жиһадтан тұратын болып көрінеді. Тек жиһад тақырыбы ғана қызықтырып, жүрген жерінде сол терминді іздей беретін болады. Оның «Бұл өмірдің мәні жоқ», «Шынайы өмірге дайындалу керек» деген сөздерін байқайсыз. Бұл – жастардың психологиялық ауытқуға түсуіне себеп болатын факторлардан бірі. Оның соңы суицидпен аяқталуы мүмкін. Өйткені, дәстүрлі дінді үйрету методикасында алғаш дінге келген адамның жүйке жүйесінде ауытқулар болмас үшін бақидың емес фәнидің мәні мен мағынасын түсінуді үйретеді.
8. Оқитын мәшһүр әдебиеттері: «Үш негіз», «Төрт қағида», «Күмәннан тазару» «Таухид кітабы» (Мухаммад ибн Абдулуаһаб ат-Тамами), «Описание молитвы пророка», « Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» (Шейх Хафиз Ахмад әл-Хакәми).Қосымша оқылатын әдебиеттер: Егер құран аудармасын оқыса, тек Саадидің тәпсірі. Бухари және Муслим сахихтерін шархсыз (түсіндірмесіз) немес өз ұстаздарының түсіндірмелерін оқиды. Мысалы, Имам Науауидің «Сады праведных» атты ислам әлеміне танымал хадистер жинағы бар. Бірақ олар оның «Праверенный (с тахкиком) шехам аль-Албани» деген түрін ғана оқиды. Сондай-ақ, тыңдайтын шейхтары: ал-Албани, ибн Бааз, шейх Усаймин, шейх Фаузан т.с.с.
9. Ақпараттық алаңының өзгеруі: Телевизор, радио, газет, журнал секілді ақпарат көздерін қарауды қояды. Тек интернет алдында өз ұстаздарының діни уағыздардын тыңдап, ислам әлемінде болып жатқан қарулы қақтығыстардың видеоларын көріп, оған қатысты жазылған пікірлерін оқумен күнін өткізеді. «Олар сендерді адастырады немесе жүректеріңе күмән салады» деген желеумен басқа дәстүрлі бағыттағы ұстаздардан немесе дәстүрлі ақпарат көздерінен діни білім алуға тыйым салынады.
Бұл, жоғарыда айтып кеткеніміздей, мұсылман үмбетін өз ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақты орта буынға қарсы қою арқылы, қоғамда бейберекетсіздік орнату және бітпес талас-тартыс алаңына айналдыру. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін әуелі жастардың бойындағы мынадай негізгі құндылықтарды жоюға тырысады.
1. Өскелең ұрпақты ұлттық құндылығы мен санасынан, тарихынан айыру;
2. Оның барлық құқықтық, әлеуметтік және діни сұранысын қанағаттандырып отырған мемлекетінен айыру және оны жоюға дейін мәжбүрлеу;
3. Ата-анасынан, туған-туыстары мен оны қоршаған барлық ортадан айыру.
Бұлар адам баласы өмірінде ерекше орын алатын үлкен үш құндылық болып табылады. Егер адамды бұл құндылықтарынан ажыратса, ол зомбиге айналады. Мұндай адам үлкен күйзеліске ұшырап, төмендегідей халге келеді:
1. Ақиқатпен жалғанды, кімнің дос, кімнің қас екенін ажырата алмай қалады;
2. Бойына еш нәрсеге төзбеушілік, қырсықтық бір мінез қалыптастырады.
3. Ақиқатты иемденуші позицияға өткізеді. Тек өзін ғана ақиқаттың иесіне айналдырып, тәкаппар қылады.
4. Еркін ойлау қабілетін тоқтатады. Ақылды мүлде қолданбайды. Өмірін тек нақылмен (Құран және хадис) байланыстырады. Бірақ араб тілі мен негізгі қайнарларды түсіну құралдарын білмегендіктен, ұстаздарының айтқанына жүгінуге мәжбүр болады.
5. «Дүниеде ең таза ислам – Арабияда» деген ұғымды санасына сіңіру арқылы араб елдеріне кетуді аңсатады. Содан соң Қазақстанда өмір сүруді қорлық санайды. Оқу, сауда, қажылық секілді сылтаулармен шетелге шығудың амалдарын іздей бастайды. Бұл олар үшін өте қауіпті екенін сезбейді де. Шетелге шығып, содырлардың ортасына түскен кезде ғана алданып қалғандарын сезеді, бірақ өте кеш болады. Ол жерден қайтып оралу кез келген адамға бұйырмайды.
Осылайша, қарапайым қатардағы бала жалған діни ағымдардың жетегіне түседі. Егер өз ұрпақтарыңыздың бойынан осы тұлғалық өзгерістерді байқасаңыз, міндетті түрде мамандарға жолығуыңыз керек. Егер баланың идеологиялық көзқарасы әбден қалыптасып үлгерген болса, онда баламен ұзақ мерзім үздіксіз жұмыс жүргізуге тура келеді.Ол үшін еліміздің барлық облыс орталықтарында Дін істері басқармаларының жанынан «Дін мәселелерін зерттеу орталықтары» қызмет етеді. Ол орталықтарда арнайы діни ағымдардан зардап шеккендерге теологиялық, заңгерлік және психологиялық көмек көрсететін оңалту бөлімдері ашылып, дәстүрлі діни бағыт бойынша (Ханафи мәзһабы) жоғары білімді, тәжірибелі мамандар жұмылдырылған. Міне, осы орталықтар арқылы ұрпақтарыңызды орта жолды ұстануға бағыттауға мүмкіндіктеріңіз бар. 

Төлеген Талдыбаев
дінтанушы

 

0 пікір