Қартайғанда кеткен қадір!
Қартайғанда кеткен қадір!
13.03.2018
388
0

Ата – бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды, мұның барлығы Қазақ елінің ұстанған бағыт бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді. Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп ақырында Ислам діні халық дінімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды.

Бірақ қазіргі таңда арамызда от ала келген ағымдар көбейіп кетті. Көпшілік жастардың осы дін атын жамылған немесе дәстүрлі емес ағымдардың жетегінде кетуі орын алуда. Олар дінді саяси немесе қаржы көзін табу мақсатында пайдаланды. Қазіргі таңда саяси көзқарастары байсалды болып көрінген топтардың бірі бұл «сәләфизм» бағыты.

Бұл ағым алғашқылардың жолын ұстанушы «сәләфилер» деп аталғанымен уахабилік қозғалысының жалғасы екендігін жасыра алмайды. Мен, Абдубайтов Сапархан Айтбаевич 30.06.1964 жылы дүниеге келдім. Қазіргі таңда ИЧ 167/3 мекемесінде өз жазамды өтеп жатырмын. Мен осы, «сәләфизм» ағымын дұрыс деп қабылдап білімсіздігімнің, ілім ізденбеуімнің салдарынан осы топтың жетегінде жүріп көп қателіктерге жол бергенмін. Мен, 2001 жылдан намазға бет бұрып дәстүрлі ханафи мәзһабы бойынша діни рәсімдерді орындап жүрдім. 2010 жылдары туыс інім қажылаққа барып сақал өсіріп, балағын қысқартып өзгеріп келді. Ол кезде мен «қант диабетіне» шалдығып 3-ші топтағы мүгедек едім. Әлеуметтік жағдайым төмен еді. Ол үйге келіп жиі сәләфи бағытындағы уағыз-насихатын айтатын. Біздің ұстанып жүрген дәстүрлі жолымызды қате бидғат (исламға енгізілген жаңалықтар) деп айптайтын. Әлеуметтік жағдайыма көмек беріп мейірімділік танытқасын, ол маған нағыз тақуа адам болып көрінді. Мен оның артынан ере бастап сәләфи бағытына жүріп кеткенімді сезбей де қалдым. Осы қателіктерім үшін жазамды өтеп жатырмын. «Сәләфилер» ата-бабаларымыздың дәстүрлерін жоққа шығарады және де оларды өздерінше Құранда, сүннетте, амалдарда жоқ деп дәлелдер келтіреді. Менің басты қателігім осы миллиондаған адамдар қолдаған ата-бабамыздың діні, дәстүр тарихы жайлы ізденбегенім, дін мәселесінде имамдарға жүгінбегенім және олардың «шырмауына» оралып тіпті бір «мәңгүрттей» жетегінде кете бергендігім деп ойлаймын. Бірақ қателігімді өте кеш түсіндім. Енді міне ИЧ 167/3 мекемесіне келіп Имам-теолог мамандар және тағы басқа ілімді ұстаздардың түсіндіруімен, мен өз қателіктерімді түсініп отырмын. Мұнда еркіндікте ізденіп оқымаған кітаптарды «Дін мен діл», «Дін және дәстүр», «Иман мен Дәстүр»және т.б. көптеген кітаптарды оқып және имам-теологтардан түсініктемелер алып, мен Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі ислам дінімен бірге өрілгендігі, хақ діннің негізінде пайда болғандығын, ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылатынын түсіндім.

Мен оқырман бауырларымызға айтқым келіп отырғаны маған ұқсап қателікке жол бермеңіздер. Мен, міне өз қателігімді түсініп қатты өкініп, тәубеме келдім. Бес перзенттің әкесімін, төрт немерем бар. Бүгінде солардың тәрбиесімен айналысып қызығын тамашалап қасында жүрудің орнына абақтыда отырмын. Мен өз халқымнан және ағайын-туыстарымнан кешірім сұраймын. Ендігі қалған өмірімде тура жолмен жүруге нық сенімдемін. Жастарымызды ілім алуға, дәстүрімізді сақтауға мемлекетшіл, ұлтжанды болуға шақырамын. Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарды қадірлеуіміз қажет. Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен әдет ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құптай білгеніміз жөн.

Ендеше, қазіргі ортамызда от ала келген діни ағымдар мен пікірлік-ділдік басқыншылыққа қарсы тек сол дәстүрлі ханафи мәзһабы мен салт-дәстүрлерімізге берік болу арқылы табанды күрес жүргізіп, елдігімізді сақтап дербестігімізге ие бола аламыз.

 

                                             ИЧ-167/3 мекемесі

                                                          С.Абдубайтов

0 пікір