Кеш келген иман
Кеш келген иман
13.03.2018
201
0

 

 Мен Жұмахан Сүлейменұлы 1975 жылы шілденің 12 күні Шунхауа халық жумхуриятының Қармай шаһарында дүниге келдім. Ұлтым қазақ. Білімім орта.1994 жылы Қарамай қаласы Майтағ ауданындағы «Шаруашылық» техникумын бітірдім. Сосын мұнай завотында қызмет еттім. Ал 2000 жылы отбасын құрдым. Күнделікті күйбең тіршілікпен жан бағып жүргенде әкем қатты сырқаттанып қалды. Әкем мені шақырып алып; «Балам бұл жүрісің жарамайды, мен төрімнен көрім жақын адаммын, намаз оқы, егер дүниеден өтіп кетсем арқамнан дұға оқып тұр» деп ақылын айтты. Әкем мені жақсы көретін, не жағдай болса да менімен ақылдасып отыратын. Сол үшін маған қатты сенім артып намаз оқуға бейімдеді. Осылайша әкемнен намаз оқуды үйрендім. 2003 жылдары намазға деген көңілім тартпай, бірде оқып бірде оқымай жүрдім. 2007 жылы әкем өмірден өтті. Мен қатты өкіндім, қайғырдым, бір нәрсені жоғалтып алғандай күй кештім. Әкемнің өлімі маған қатты соққы болып тиді. Осыдан кейін намазды тастамай оқып, мешітке жиі баратын болдым. Мешіттерде имам Абу Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқитын. Ағайын-туыстарым және отбасыммен қарым-қатынасым жақсы еді. Аға-інім, әпке-қарындастарым бір жағдай болса мені шақырып кеңесіп, ақылдасып отыратын. Айт мерекелерінде ағам мені әкемнің қабіріне апарып Құран оқып рахаттанып келетін едік. Достарым Құдайы тамаққа барса Құран оқу үшін мені ертіп алатын. Олар да ерекше құрметтейтін. 2008 жылы мешітте Абдулуаххаб, Фаруқ деген ұлты ұйғыр азаматтармен таныстым. Олармен таныстығымыз нығайып, маған білім үйретпекші болды. Мен келісімімді бердім. Олар сәләфизм ақидасын үйрете бастады. Уақыт өте келе әңгіме арасында намаз оқымаған адамның үйінен тамақ ішуге болмайды, Құдайы тамаққа бару бидғат (діндегі жаңалық), намаз оқымайтындардың сойған малдың етін жеуге, некесіне, жаназасына қатысуға, тіпті қарым-қатынас жасауға да болмайды деген сияқты ұстанымдарын ашық айтып жүрді. Соңы қытайдың заводтарында жұмыс істеп ақша табу да харам, біраз күннен кейін маған жиһад туралы уағызды жиілете түсті. Тәубе сүресінің 38 – аятында: «Ей, мүміндер! Сендерге не болды? «Алла жолында соғысқа шығыңдар!»,- делінген кезде, салмақтарыңды жерге салдыңдар. Ақыреттен көрі дүние тіршілігін қоштадыңдар ма? Негізінде дүние тіршілігінің пайдасы ақыретке қарағанда өте аз ғана».  Қазір кәпірлер бізбен соғысуда, бейкүнә мұсылмандарды өлтіріп жатыр. Біз оларға көмек беру үшін жиһадқа шығу керек. Жиһад қазіргі заманда «парыз айн» (әрбір мұсылманның орындауға міндетті ісі) жиһад қылмасаңдар күнәһар боласындар, бұл әрбіріміздің мойнымыздан түспейді. Егер жиһад «парыз айн» екендігін біліп тұрып бармай қалсаң жаһилдік (надандық, дінсіздік) өлімімен өлесің деп түсіндірді. Менің діни сауатым болмағасын оларға ешқандай уәж айта алмай, толықтай рас сендім. Сонымен олардың үйреткенін бұлжытпай орындауға бекініп туған бауырларым, достарым намаз оқымайды деп олармен қарым-қатынасымды үздім.

2009 жылы анам өмірден озды. Сәләфилік идеолгияның ықпалының себебімен тоғыз ай көтеріп бұл дүниеге келтірген, түн ұйқысын төрт бөліп емізген, мәпелеп өсірген, қатарынан кем болмасын деп өзі аш қалса да баласының жағдайы үшін барлық нәрсеге дайын болатын жан анамның жаназасына да артынан берілген астарына да қатыспадым. Осылайша аға-інім, әпке-қарындасым туысқандарыммен арақатынасым үзілді. 2009 жылдың соңында тағы да сол сәләфилік көзқарас бойынша кәпірлердің кәсіп орнында жұмыс істеу харам деген оймен жалақысы жақсы жұмыс орнымнан кетіп тындым. Күн өткен сайын Сәләфилік көзқарасқа тереңдеп ене бердім. Осының салдарынан пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Үш адам жұмаққа кірмейді; ата-анасын ренжіткен адам, арақ ішіп өлген адам, даюс (әйелін қызғанбайтын)адам» деген хадисінің мән-мазмұнын терең ұғынбай, амал қылуға асықтым. Нәтижесінде әйеліме діннің негіздерін жақсы түсіндірмей, дінді жақсы көрсетпей өзімнің білімсіздігімнен сен намаз оқымадың, хиджаб кимедің, мен әйелін қызғанбайтын даюс болғым келмейді деп әйеліме талақ бердім. Осыдан кейін әйел, бала-шағамды тастап 2010 жылы Қазақстанға көшіп келдім. 2010 жылдың соңында Алматыдағы Көкмешітте қазіргі Гульвира атты әйеліммен таныстым. 2011 жылы некемді қиып, отау құрдым.

Алматы қаласы «Алтын Орда» сауда орталығындағы Қытайдан келген Әділ (ұлты қазақ) деген жігіттің қолында жұмыс істедім. Тұрмысым жақсы еді. Бір күні Ерлан атты Қытайдың қазақ жігіті Омар, Ибрагим, Ясин атты оралман жігіттерге жиһад туралы уағыз-насихат айт деп таныстырды. Жиһад туралы үгіт-насихат айтқаным үшін 2014 жылдың шілде айының 21- жұлдызында қылмыстық жауапкершілікке тартылдым.

 Тергеу изоляторындатүсіндіру жұмыстарын жүргізетін имам-теологтардан өзімнің жиһад туралы көзқарастарымның дұрыс-бұрыстығын сұрадым. Имам-теологтар Құрандағы «жиһад» сөзінің мән-мағынасын, жиһадтың қандай уақытта жасалатынын түсіндірді. Сондай-ақ жиһадты елбасы жариялайтынын және мемлекетке жау келгенде отанды қорғау үшін қолға қару  алып жиһад жасаудың парыз болатынын кеңінен баяндап берді. Осындай түсіндірме жұмыстарынан кейін елімізде жүйелі түрде жұмыс жасап жатқан мешіт-медреселерде біліктілігімізді көтеріп, тыныш өмірді сүру керек деп қатты ойландым. Дегенмен қолыңмен істегенді мойныңмен көтеру керек, жаза басқанға жаза бар. Осыған орай 2014 жылы қазанның 20-шы күні ҚР ҚК-нің 233 бабның 1-тармағы, 164 баптың 1-тармағы бойынша жалпы режимге бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. 2015 жылы ақпанның 2-ші күні Алматыдан Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 мекемесіне этаппен келдім.  Абдулуахаб, Фаруқ атты азаматтар сен сотталсаң ол жақта сені қинап, ұрып-соғады деп қорқытқан болатын. Бірақ олардың айтқандары жалған болып шықты. Бұл жерде білікті имам-теологтар мен сияқты жаза басқан адамдармен жеке-жеке кездесіп, дін тұрғысында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді екен. Мен Қытайда Юсуф Қардауидің кітабын оқып сол кітап бойынша білім алған едім. Имам-теологтар ол кісінің қателескен тұстарын көрсетіп берді. Сол кітапты оқып қателескенімді түсіндім. Имам-теологтардың маған берген діни танымдық түсіндіру жұмыстары арқылы өзімнің сәләфилік ақидасына еріп, жиһад мәселесінде қателескенімді түсіндім. Лұқман сүресінің 14-аятында «Адамдарға, ата-анасына қарайласуды бұйырдық....» Исра  сүресінің 23 аятында «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңе, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «туһ» деме (кейіс білдірме) сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле»  деп баяндаған.

Пайғамбарымыз хадисінде; «Алла Тағала қандай істі жақсы көреді? деп сұрадым. Ол «уақытында оқылған намаз деді, мен және одан кейін? деп сұрағанымда ата-ананы құрмет қылу»деп келеді. Келесі бір хадисте; «Аллаға серік қосу, ата-анаға мойынсұнбау, қастықпен адам өлтіру, жалған ант беру үлкен күнәлардан» деген секілді аят-хадистерді оқыған сайын бойымды қорқыныш, үрей билеп алады. Осыдан кейін қолымды жайып «Уа, Раббым! Мені кешіре гөр!» деп өкініп тәубе етіп, Аллаға жалбарынам. Сауатсыздықтың салдарымен сәләфилік идеологияның жетегінде жүріп анамның жаназа намазына және мазарының басына бармағаныма қатты өкініп жыладым. Сәләфилік деп жүрген бауырларым үйреткен діни тәрбиенің дұрыс еместігіне толық көзім жетті. Солардың соңынан соқыр еріп жүргеніме өкінем. Ең бастысы кеш болса да қателіктерді түсініп, оны түзету адамдықтың белгісі деп түсінем. Сондықтан да Құдай қаласа аға-інілерім мен әпке-қарындастарымнан кешірім сұраймын. Тәубе етіп, түзелу жолына нық түстім. Сіздерге айтарым «дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» демекші көрінген көк аттыдан білім үйренбеңіздер, дәстүрлі рұқсат етілген имам-теологтардан білім алған абзал дер едім. «Иманды ұрпақ көбейсе, елдің болар қорғаны» демекші иманды ұрпақ көбейсін. Діннен безген опасыздардан елімізді Алла сақтасын!

 

ИЧ 167/3 мекемесі
Жұмахан Сүлейменұлы

0 пікір