«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға»
«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға»
16.03.2018
433
0

Соңғы кездегі еліміздің тыныштығын бұзып, түп тамырымен құртып, ойран қылатын ағымдарға алданып, сайқал саясаттың құрбаны болған жастардың бірі мен едім. Қысқаша өмірбаянымды айтар болсам 1993 жылы ОҚО, Кентау қаласында дүниеге келдім. Алғаш дінге бет бұрып бес уақыт намаз оқуды «Намаз оқып үйренейік» деген кітаптан бастап, мешіттен қалмай барынша имамдардан дәріс алып, Абу Ханифа мәзһабын ұстанып жүрдім. Уақыт өте келе намазды сунна (сәлафилік) бойынша оқимыз дейтін бауырлармен таныстым. Олардың көпшілігін жастар құрайтын. Сол жігіттердің бірі маған таң намазынан кейін имамдармен бірге жиналып шеңбер жасап дұға етуге қатыспа, ол дінде жоқ, дінге енгізілген бидғат (дінге жаңалық енгізу) деді. Біраз уақыттан кейін біз суннамен оқуымыз керек деп көптеген дәлелдер келтірді. Біздегі имамдардың білімі жоқ, оларға ерсең адасасың жүрегіңе күмән салады деді. Олардың айтқандарын саралап беретін білімнің жоқтығынан қабылдай бердім. Себебі дәлелдерді Құран мен сүннеттен келтіріп жатыр деп ешқандай күмәнім болған жоқ. Осылай олардың айтқанын екі етпей орындауға көштім. Кейіннен Құран аяттары мен хадистерді тікелей түсініп, өзімді тақуа санай бастадым. Ал бізден басқалар адасқан деген ой қалыптасты. Осылайша күн өткен сайын олардың берген ақпараттардың ішіне тереңдей бердім. Қызығушылығым артып интернет желісі арқылы аудио, бейнероликтерді көре бастадым. Бейнероликтерде шетелдік діни радикалды уағызшылардың уағыздарын тыңдап жүрдім. Онда Сириядағы қанды қақтығыстарды «Лә иләһә иллә Алла» дегені үшін тірідей көмгендерді, хиджаптағы қыздарды соққыға жыққандарды, халықты қырып,  сәбилерді өлтірген роликтерді көріп. Эмоцияға беріліп, радикалды көзқарас қалыптасты. Осыдан кейін намаз оқымайтындарды «кәпірлер» деп айыптап, «мұсылман мен кәпірлердің арасын айыратын намаз»  деген хадистердің мағынасына мән бермей, тікелей қабылдап, сол бойынша түсінік қалыптастырдым. Қиналып жатқан мұсылмандарға көмектесу керек, Алла жолында жиһад жасамасаң бәрі бекер деген ойға келдім. Саф сүресіндегі «Ей, иман келтіргендер! Сендерге жан түршігерлік азаптан құтқаратын сауда жолын көрсетейін бе? Аллаға, елшісіне иман келтірсеңдер, малдарыңмен, жандарыңмен Алла жолында күресіңдер. Егер білетін болсаңдар, осылардың сендер үшін қайырлы» (Саф сүресі, 10-11-аяттар) деген Құран аяттарының мағынасын кеңінен түсінбей тікелей түсініп, амал жасау керек деген ұғымда болдым. Ер баланың жас кезінде ұрыс, төбелеске бір табан  жақын болатыны анық. Мен де көбіне ақ-қараны ажыратып жатпай ақылдан гөрі сезімге көбірек жүгініп мұсылмандар қиналып жатыр, оларды әділетсіздер өлтіріп жатыр, мұсылманның ар-намысы харам деген радикалдардың үгіттеуіне бой алдырып жиһад жасау парыз деп есептедім. Ең оңай жолды таптым. Ол осы жолда өлсем шаһидпін, жәннаттың ең жоғарғы сатысы «Фирдаус» жәннатына кіремін деген ой болатын. Осылай жүргенімде Өмірбек деген азаматпен Алматы қаласындағы Көкбазарда таныстым. Бір жерде сауда жасайтын, әрі екеуміздің де ақидамыз (діни сенім) бір болғасын, бір-бірімізге көмектесіп, тез тіл табысып кеттік. Екі жылдай тығыз араласып жүрдік, содан кейін ол кісі көрінбей кетті. Арадан біраз уақыт өткеннен кейін әлгі кісі менің ұялы телефоныма «WhatsApp» желісі арқылы хабарласты. Өзінің Сириядағы қанды қақтығыста жүргенін айтып, мені де сонда шақырды. Қазақстанда жүруге болмайды, кәпірлердің жерінде жүру «харам» деген мағынадағы хабарламаларды жібере бастады. Сөйтіп жүргенде мені және бірге жүрген бауырларды 2014 жылдың қараша айында «WhatsApp» желісі арқылы терроризмді насихаттап, халық арасында бүлік салды деген айыппен Ақтөбе қаласында қамауға алып, 5 жылға бас бостандығымнан айырды. Жазамды өтеу кезімде менімен арнайы бөлінген теолог мамандар, имамдар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік желілердегі кереғар діни ағымдардың роликтерінен сақтану қажет екенін айтып өтті. Сириядағы радикалдардың намаз оқуға рұқсат етпей өлтіріп тастағандарын, адамды тірідей өртегендері туралы бейне роликтерді көрсетіп бастапқы радикалды ойымнан қайтуыма ықпал етті. Дәстүрлі діннің тағылымын жіті түсіндіріп санама жеткізе білді.
Менің радикал көзқарасымнан қайтуыма себепкер болған, әрі дінді дін етіп түсіндірген теолог мамандарға Алла разы болсын. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) «Мұсылманды ренжіту қағбаны бұзумен тең» деген. Яғни мұсылманды өлтіру емес, ренжітудің өзі ауыр күнә екен. Бір ғалым кісі «қазіргі кезде тірі мұжтахид (пәтуа шығаратын) ғалым қалмады, сондықтан мәзһаб ұстанбасақ болмайды» деп. Демек ғалым кісі осылай деген болса білім дәрежесі төмен біздер мәзһаб ұстанбасақ адасып от басып, арты орын толмас өкінішке әкеледі. Дәстүрлі ханафи мәзһабымызға берік болайық.
Қортындылай келе «жәннаттың кілті аналарыңның аяғының астында» деген Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с). Сондықтан ата-анамыздың разылығын алып, әйел бала-шағамызға бекем болып, дұрыс тәрбие беріп, туған туыстарыңызбен ара қатынасымызды үзбей, нығайтайық. Бұл күнде өткен істерім мен жіберген қателіктеріме қатты өкінемін. Тәубе етіп, түзелу жолына нық түстім.Осыған орай менің жіберген қателіктерімді өзге де адасып жүрген бауырларымыз қайталамаса екен, оларға түйірдей болса да ой салса деген ниетпен қолыма қалам алып, ойымды ақ қағазға түсірдім. Ендігі мақсатым, ертерек ата-анама, әйел, бала-шағамның ортасына оралып, бәрін өзгертіп, өмірімді ақ парақтан бастап бақытты ғұмыр кешкім келеді. Абай атамыздың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген сөзін ұран етіп еліміздің, жеріміздің, халқымыздың үмітін ақтар қайсар азаматы болуды армандаймын.

 

ИЧ 167/3 мекемесі
Кенжебай Қанат Полатұлы

 

0 пікір