Анамның көз жасын ақтадым ба?
Анамның көз жасын ақтадым ба?
20.11.2018
88
0

Мен Беккулов А.Қ 1988 жылы Атырау қаласында дүниеге келдім. 2006 жылы мектепті бітіріп әке-шешеме көмектесемін деген ниетпен жұмысқа орналасып жұмыс істеп жүрдім. Жұмыста жүргенімде әскер қатарына шақыру қағазы келді. Сөйтіп анам, үлкендермен ақылдаса келе әскери борышымды өтеген дұрыс деп шешіп, әскерге аттандым. Әскерде 1 жыл отан алдындағы борышымды өтеген соң, үйіме, ата-анама, жақын туыстарыма аман-есен оралдым. Анам менің әскерден келгеніме қуанып, қуанышында шек жоқ еді. Ол да бала-шағам аш қалмасын деп базарда сауда жасап, тапқанын үйге алып келіп, бізге беретін. Үйдің кенжесі болғасын, жасымның ер жеткеніне қарамастан мені еркелететін, осылай жақын туыстарымның, анамның мейірім құшағында өмірім өтіп жатты. Мен де бос жүргенді құп көрмей, дереу жұмыс іздеуге кірістім. Осылайша ТОО «Ақжайық-7» деген мекемеге жұмысшылар керек деген хабарламаны оқып, сол мекемеге жұмысқа орналастым. Бұл мекеме темір жол транспортын (вагон) жөндеумен айналысатын. Болашағы бар цехтың слесарь қызметінде 5 жыл жұмыс жасадым.
Бір күндері, әскери борышымды өтедім, ата-анамның алдындағы міндетімді де атқарып жатырмын, осы нәрселерге қол жеткізуге мүмкіндік берген әлемдердің Раббысы, Раббымның алдындағы парызымды өтеп шүкіршілігімді білдірмеймін бе деген ниетпен қаладағы «Иманғали» атындағы орталық мешітке Жұма намазына бара бастадым. Бұл 2008 жыл еді. 2009 жылдың жаз мезгілінен бастап бес уақыт намазға жығылдым. Осы кезден бастап Назратулла, Ринат, Найл деген азаматтардың діни тұрғыдағы уағыздарын көп тыңдайтынмын.
Содан 2010 жылы діни есімі Исмаил (Нұрбек) деген жігітпен танысып телефон номерлерімізбен алмасып, жақын араласа бастадым. Ол маған арабша Құран аяттарын оқып, қазақша аудармасын айтатын. Мен оның тәжуидпен әдемілеп Құран оқып және қазақша аударғанына қатты сеніп, оны білімді азамат деп ойладым. Сөйтіп Исмаилмен араласып жүрген кезімде ол мені өзінің досы Ерланмен (Абдуррохман) таныстырды. Ол да уақыт өте келе Исмаил секілді Құран аяттарын оқып, «джихад» туралы насихат жүргізетін (және де шетелдік видеороликтерді көрсететін). Сонымен қатар Кавказда соғысып жүрген мұсылман бауырларымыз Алла жолында джихад қылып жүрген муджахидтер деп бірнеше видеороликтер көрсететін еді. Ол бейнероликте соғыс барысында өлген кісілер де бар еді. Бұл Алла жолында ИншаАлла шаһид болғандар. Олардың жәннәтта дәрежелері жоғары болады. Олардың алғашқы қаны төгілуімен күнәлары кешірілетінін айтып қызығушылығымды оятты. Сөйтіп менде де джихадқа шығамын деген ой қалыптасты. Бұған себеп, кез келген адамның жәннәт бақтарының тұрғындарынан болғысы келеді, менде де сол мақсатқа жетіп, яғни жәннәттықтардың қатарынан болуды армандадым.
2012 жылдың қыркүйек айында Нұрбек Атырау қаласында жалдамалы үйде жарылғыш зат жасап жатып жарылып қаза тапты. Сол оқиғадан кейін мені құзырлы орган қызметкерлері құрықтап тергеу изоляторына қамады. Осы жағдайлардан кейін, менімен берге тұрған сол кездегі достарым құзырлы орган қызметкерлеріне қарсы қарумен күш көрсетіп, сол қақтығыс барысында қаза тапты. Мен ол кезде жоғарыда айтқандай қамауда едім. Маған құзырлы орган қызметкерлері келіп болған жағдайларды айтқанда таңданысымды жасыра алмадым, бір жағынан қасымдағы бауырларым Алла жолында шаһид болды деп іштей қуандым. Сондай-ақ олардың араларында өзімнің болмағаныма өкініш те болған еді.
Осы оқиғалардан кейін мен ҚР ҚК 233-2-2 тармағымен 15 жылға бас бостандығымнан айырылып, шілде айының аяғында ОҚО Леңгер қаласындағы ИЧ 167/9 қатаң режимдегі түзеу мекемесіне жазамды өтеуге келдім. Мен бұл мекемеде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында жұмыс жүргізетінін көрдім. Өзім секілді сотталған азаматтарға және жалпы намазхандарға имам-теологтар діни танымдық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұндай жиын бұл мекемеде айына 3 реттен кем болмайды. Бұл жиында имам-теологтар сотталғандарға діни мәселелерді (ақида, фикһ, дін мен дәстүр саласын және еліміздің жастары не үшін экстремизге, радикалдық әрекеттерге бейім тұратынын) кеңінен түсіндіріп өтеді. Мен сол имам-теологтармен сөйлесу барысында өзімнің қателескенімді, адасушылықпен  қараңғылықта жүргенімді ұғындым. Менің ең қателескен жерім жиһад сөзінің мағынасын қате түсінгендігім.
Жиһад бұл арабша сөз. Ол сөз көптеген мағыналарды білдіреді. Бұл сөздің негізгі мағынасы белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайратпен ынта жігерді жұмсау, тырысу, күресу дегенді білдіреді. Жиһад деген сөзді мен тек қана Алла жолында соғысу деп бір жақты түсіндім. Имам-теологтармен сөйлесе келе жиһад ұғымының аясы өте ауқымды екені анықталды. Құранда жиһад сөзі 35 жерде келгенімен тек 4 жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мухарабә», «мағракә», «қитал» терминдерімен білдірілген, бірақ жиһад сөзі соғысты да қамтығандықтан көпшілік жиһад сөзінен тікелей соғысты түсінетіндігін айтып жеткізді. Менің Алла жолында жиһад қылам деген себебім Алланың мүміндері үшін әзірлеген жәннәт бақтарын армандауым еді, сол арманыма жетем деген оймен әрекет ете бастадым. Мен сол кезде Алла елшісінің (с.а.с) Алла жолында жиһадқа шығу үшін ата-ананың рұқсаты керек екендігіне ишарат ететін хадисті білмеген едім. Бұл хадис былайша риуаят етіледі: Бірде бір сахаба Алла Елшісіне (с.а.с) келіп «Уа, Расулалла! Алла жолында жиһад жасағым келеді» дегенде, Ол (с.а.с): «Әке-шешең тірі ме?» деп сұрады, «Иә, тірі» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Олар саған рұқсат берді ме?» деп сұрағанда, сахаба: «жоқ» деді. Сонда Ол (с.а.с): «Олай болса еліңе қайт, рұқсат берсе жиһадқа қатыс, бермесе соларға қызмет жаса, батасын ал, сол жиһад» деген хадисін Бухари риуаят етеді. Хадисте баяндалғандай Алла жолында жиһад қылу үшін адамның өз ойы мен қалауы жеткіліксіз екенін, міндетті түрде әке-шешенің разылығы керек екендігі айтылады.
Сондықтан да өзім сияқты жастарға айтарым, әке-шешеден аттап ешқандай қадам баспаңыздар, жәннәт бақтары әке-шешенің аяқтарының астында деген мағыналы хадисте риуаят етіледі. Әке-шешеге қызмет қылып, олардың разылығын алуға асығып, жәннәт бақтарын ата-анамыздың қасынан іздейік. Мен бұл хадистерді дер кезінде білген болсам мүмкін бұл жағдайға тап болмаған болар ма едім деп те ойлап қоямын. Бұл жағдайға тап болмас бұрын діни білім жоқ еді, яғни иммунитетім әлсіз еді. Енді қазіргі таңда абақтыда отырып имам-теологтармен сөйлесе отырып, мен діни білім алып кереғар діни ағымдарға қарсы иммунитетімді күшейтудемін. Сол себепті жастарға айтарым, менің басыма келген жағдай сіздің де басыңызға келмесін десеңіз, дер кезінде өзіңіз діни білім алып, өзіңіздің ақыл-санаңызды антивирус бағдарламасымен жабдықтап, адасқан ағымға тосқауыл қойыңыз.

 

Беккулов А К
ИЧ-167/9 мекемесі

0 пікір