Сириядағы ұйымдасқан содырлар тобының құрбаны болмайық
Сириядағы ұйымдасқан содырлар тобының құрбаны болмайық
16.03.2018
114
0

   Мен, Колбаев Серик Камчибекович бір үйдің жалғыз ұлымын. Анамды жылатып қазіргі таңда түзеу мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Мен интернет желісін дұрыс пайдаланбай әртүрлі экстремистік сайттарға кіріп осындай жағдайға түстім. Мұндай жағдайға душар болатындар толық білім алмаған, күйзелістегі, отбасыдағы тәрбие көрмегендер. Ал, ондайларды  «Интернет» желісі арқылы алдап-арбап қатарға тарту да оңай. «ДАИШ» (Игил) соңғы кезде аты шулы террористік топқа айналды. Олар, өкінішке орай, өздерін Ислам діні негізінде көрсетіп, ұстанымын жақтамағандарды әйел, бала, кәрі-жас демей баудай жусатуда.
   Сонымен қатар, әр түрлі фильмдер түсіреді. Арнайы интернет сайттары бар, фильм студиялары бар. Интернетті жақсы қолдана біледі. Жалпы ДАИШ әсер етудің жан-жақты амалын тапқан. Олардың өз идеологиясы бар. Осыған орай, ақпараттық насихатты шебер пайдаланады.Сан түрлі әсерлі видео-роликтерді жоғары деңгейде түсіріп, өздерінің әлеуметтік желілері арқылы лезде таратып отырады. Олар әртүрлі әлеуметтік желілерді қолданады. Атап айтсақ: Фейсбук, твиттер, ватцап, В контакте, ютубте т.б. ДАЙШ-тың жалаулатып жүрген ұраны – «Жиһад». Бұл ең көп бұрмаланып әрі қате түсіндіріп жүрген сөз. «Жиһадты» қолына қару алып, соғысу деп түсінген көптеген жастар алданып ажал машинасының құрбанына айналуда. Қазіргі уақытта жастар мен жасөспірімдердің 95 пайызы интернет қолданады және бәрінің жеке ұялы телефоны бар. Соңғы уақытта интернет желілері діни ақпаратты жедел, әрітүрлі форматта таратуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге интернеттің дамуы, білім алу, денсаулықты сақтау, қоғамдағы қарым-қатынас, адам баласының өмір сүру үрдісін күрт өзгертіп, әртүрлі интернет чаттар, форумдар, түрлі сайттар адам өмірін тұтас қамтитын болды.
   Ал, виджет, гаджет, блог, ютуб сияқты құралдар кез келген мәліметті тез алуға жол ашты. Күн санап жаңа технологиялар дамып жатқан уақытта дегеніңе жеткізбейтін, адастыратын, алжастыратын кедергі ақпараттар аз емес. Ал адамдарға ғұмыр бойы ең қиыны – солардың ырқынан жол тауып шығу мәселесі. Сана бостандығына әркім-ақ ерікті. Бірақ, кейде «ешқандай идеяға тәуелді емеспін, өз ойымды өзім басқарамын, ерік жігерім еркін, тәуелсізбін» - деп айтып тұрсақта, «5 адамға хат немесе видео тарат» - деген белгісіз біреудің бұйрығын қалай орындап қойғанымызды сезбей қалып жатамыз. Мен де сол интернет арбауына түскен бір азаматпын. 2015 жылдың қаңтар айында «В контакте» әлеуметтік желісінде бір азаматпен танысқан болатынмын. Мен ол азаматпен біраз уақыт хат алмасып жүрдім. Ол маған әртүрлі видеолар мен фотосуреттер жіберіп отырды. Мен бейнероликтерді өз телефонымда сақтап қойдым. Сақтап қана қоймай әлгі бейнероликтерді «В контакте» әлеуметтік желісі арқылы өзімнің таныстарыма жіберіп отырдым  Мен сол бейнероликтерге тыйым салынғанын білмеген едім. Менде ешқандай жаман ойлар болған жоқ. Жастық сезіммен осылай ойнап жүріп от бастым.Қазіргі уақытта мен Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 жаза өтеу мекемесінде жазамды өтеп отырмын. Мен өзімнің қателігімді түсіндім. Өзге жастардың интернет арбауына түсіп қалмауын қалаймын және осы мақаланың жастарға көмегі тисе деймін. Сондықтан жас бол, жасамыс бол, әйтеуір еліміз аман, жұртымыз тыныш болып «төл мәзһабымыздың жолынан жаңылмайық, ой-санамызды біреу билеп кетіп жүрмесін! ........»
   Ал, мен қазіргі уақытта имам-теологтардан діни танымдық сабақ алып, ілім ізденіп жүрмін. Тәубеге келіп, түзелу жолына нық түстім. Жалпы діни мазмұны бар бейнероликтерді интернетте көптеп кездестіруге болады. Тіпті қаласаңыз да, қаламасаңыз да, таныс дос-жарандарымыз күнделікті қарым-қатынасда электронды поштамызбен, ұялы телефон қосымшасына осындай мәліметтерді жиі жіберіп отыратынын білеміз.Сонда, интернет әлемін кезіп жүрген теріс түсінік пен сенім қалыптастыратын «эмоционалды» бейнеороликтер мен суреттердің кімге керегі бар? Не үшін жасалған? Астарында не жатыр? Әрине мұндай ақпараттар белгілі бір мақсатта қолдан жасалатыны белгілі. Ол қандай мақсат? Мақсаты қоғамның ең нәзік діни сенімі мен иманына күдік ұялату. Егер адамның дін туралы түсінігі өзгерсе, дүниетанымы да өзгереді, ділің де, тәрбиең де, тұтас өмірің де басқаша арна табады.
   Осы орайда бостандықта жүрген жастарымызға айтарым «Интернет»- ақпарат жүйесіндегі дәстүрлі емес діни ағымдардың, діни радикалды топтардың, экстремистік және террористік сайттарына жоламаңыздар. Діни мазмұндағы бейнероликтер мен материалдарды оқымаңыздар дегім келеді. Өйткені, олардың заңсыз әрекеттері түбі жақсылыққа апармайтынын өз өмірім арқылы көз жеткізіп отырмын. Анық нәрсе біреу: күрделі интернет-ақпараттық заманда кез келген діни ақпаратқа сеніп, соңынан еріп кете бермейтін, өзін берік ұстай алатын, екі аяғын нық басқан иманды көзқарас иесі, түптеп келгенде нағыз ізгі әрекет жасай алатын, елге тұлға азамат дәрежесіндегі жастар болайық!

 

                   ИЧ 167/3 мекемесі
Серік Колбаев

0 пікір