Қыңыр басып, қисық сөйлеген — «Хизбут тахрир» ағымы жайлы
Қыңыр басып, қисық сөйлеген — «Хизбут тахрир» ағымы жайлы
24.07.2018
292
0

Ислам сөзі — бейбітшілік деген мағына береді. Асыл дініміздің аты айтып тұрғандай, ислам діні бейбітшілік пен келісім діні. Ислам діні ешқашан берекені бұзып, бірлікті кетірмеген. Керісінше, татулықты ту етіп, бірліктің бесігін тербеткен бірегей дін.
Десекте, бұл күндері діни экстремизім деген терминді білмейтін жан жоқ десек жансақтық болмас. Өкініштісі, ең бейбіт сүйгіш дін ислам дініне осы бір жағымсыз, құлаққа түрпідей тиетін терроризм термині тіркеліп, экстремизімнің елесін Исламнан іздеу дағдыға айналды. Ислам діні арасында арбасқан ағымдардың апаны көбейіп кетті.
Алла Тағаланың әміріне бойұсынатын, кез-келген тура жолдағы мұсылман адам ең әуелі қасиетті Құран мен хадиске, қалаберді, ижмағ пен қиястың үкіміне жүгінетіні белгілі. Алайда, осы аят-хадисті теріс түсініп, терісіне симай желіккен жастардың жарыққа шыққаны ащы да болса шындық екені шымбайыңа батады. Әрине, олар өздерінің артында бір алпауыт күштердің көмескіден көсеу тастап тұрғанын түсінбейді-ау!
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Менің үмбетім жетпіс үш фирқаға(ағымға) бөлінеді»,—деген еді. (Хадисті Әбу Хурайрадан Тирмизи және Ибн Мәджә жеткізген). Осы хадисте айтылғандай, Исламның ішінен бөлінген ағымдар баршылық. Міне, сондай сойқаны мол, солақай ағымдардың бірі—қыңыр басып, қисық сөйлеген хизбут-тахрирлер. Бұл ағым Ислам елдерінде қағажу көрген соң, жетпіс жыл желкелеген атеизмнің құрығынан құтылып, рухани шөліркеген ТМД-да тамырын тереңге тартпаққа тырысты. Деседе, дегендері бола қоймады. Халқының сауаты жоғары бұл кеңістікте, қысқа ғана уақытта білікті діни мамандар шоғыры да шығып үлгірген еді. Елімізде де даярланған дін мамандары Хизбуттардың қисығын мойнынан қиып салды. Ақыры, Астана қалалық сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешімі негізінде хизбуттардың қимылына еліміз аумағында тыйым салында. Жасырын ұйымның аты жасырын ұйым. Жалған жарғысын көтеріп, жағамызға қайта жармаспасын десек, антивирусты алдын ала қамдағанымыз абзал. Мақала осы мақсатты көздеді. Көмегі болар, көз тастап көріңіз!
Хизбут-Тахрир ағымының алғашқы апаны
Ең әуелі Ислам атын жамылған осы ағым қалай пайда болғаны және олардың шариғат шеңберінен шеткері шыққан тұстары туралы тоқталсақ. хизбут-тахрирдің негізін салған Тақиддин Набахани (1909-1979) Палестинаға қарасты Хайфаның Изимм қыстағында дүниеге келген. Алғашқы діни танымдық тәлімін туған қыстағында алады. Кейіннен Әл-Азһарда және Қаһира (Кайр) университетінің тіл факультетінде білімін жалғастырған. Онан кейін Палестинаның бірнеше қалаларында оқытушы болып жұмыс жасайды. 1947 жылғы таяу шығыстағы соғыстан кейін отанын тастап, отбасымен Бейрутқа кетеді. Байтул Мақдистағы шариғат істері мекемесіне басшы болып тағайындалады. Кейіннен Сирияның Аман қаласындағы бір Ислам колледжінде оқытушы болып жұмыс істейді. Осы жолдарды басып өткен Тақиддин Набахани 1952 жылы өз партиясын құрып, оны басқарады. Кітаптар, үн парақтар мен плакаттар шығаруға жетекшілік етті. Осыдан кейін, Палестина мемлекетіне көрші жатқан Иордания, Сирия, Ливан сияқты елдердің арасында жүріп жұмыстарын жалғастырды. Ол Ислам діні өркен жайған өңірде өз партиясының санын көбейтіп, ойлаған жоспарын жүзеге асыру үшін, партиясының атына «Ислам» сөзін қосып, «хизбут-тахрир әл-Ислами» деп атаған еді. Бұл «Ислам азаттық патриясы» деген мағына береді. Алайда, ол ойлағанын орындай алмады. Себебі; ақида, шариғат және ахлақ мәселелерінде Ислам іліміне кереқары көзқарастары, көздегеніне келтірмей, кежегелері кері кетті. Осылайша, ол Ислам елдерінде қатарын қалыңдатып, қамқасын қампайта алмады. Тақиддин Набахани 1979 жылы Бейрутта қайтыс болып, осы жерге жерленеді.
Хизбут-Тахрир партиясындағы екінші адам Палестинаның Халил қаласының тумасы Абдулхайум Заллум. Ол Тақиддин Набахани қайтыс болған соң партияға жетекшілік етті. Бұл әлем саяси сахнасындағы идеологиялық ойындардың қызған тұсы еді. Абдулхайум алпауыттар үшін шахмат тақтасының тасына айналды. 
Хизбут-тахрирлердің Ислам қағидаларына қайшы, қыңыр, бұзақылықпен бұрмаланған орашолақ ойлары мен татымсыз тұжырымдарын тізбелеп таусу мүмкін емес. Қысқаша қайыра кетсек.
Олар өздерін өзге де адасқан ағымдар сияқты Алланың ең тура жолындағы жандармыз деп жар салады. Осы сөздеріне қасиетті Құрани кәримдегі «Әли-Имран сүресінің» 103-аятын бұрмалап, өздеріне дәлел қылмаққа тырысып бағады.
Енді осы аят жайлы аз аял.
«Сендерден жақсылыққа шақыратын, сондай-ақ, дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне, солар құтылушылар». («Әли Имран» сүресі, 104-аят). (Құрани кәрим қазақша мағына және түсінігі. Ауд: Халифа Алтай).
Хизбутшылар осы аятта айтылған «бір топ» — біздің хизбутшылар деп соғады. Айтуларынша олар өздері биліктің бетпердесін сыпырып, айыбын ашық айтып, дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосып, жақсылықтың жаршысы болып жүрген Алланың айтқан аятына амал жасап жатқан, адал, ақ жолдағы жандар екен. Адасу деп осыны айт. Адасу демей не дерсің?! Аяттың өңін айналдырып, өзеуреп тұрса!!!
Тәпсірші ғалымдар мен ғұламалар бір ауыздан бұл аятта Алланың ақ жолына, яғни, халалға шақырып, харамнан тыю мәселесі айтылған деп тәпсірлеген. Ал, биліктің төңірегіндегі мәселені қозғау, діннің орнына саясатты қою деген сөз. Дәлірек айтқанда, Адамның Аллаға деген сенімі негізінде орындалатын дін жолына шақыру, яғни, харамнан тыйып, халалға шақыру амалын өңін айналдырып, саясиландыру болып табылады. Саяси мәселенің барлығы билікпен биліктің және халықпен биліктің арасындағы дүнияуи мәселеге жатады. Құрани кәримде дүнияуи мәселеге мән беру атымен жоқ. Тек, кейбір дүнияуи істерді (оның өзі саясатпен қатысы жоқ) дін жолымен шешу мәселелерін айтпағанда, барлығы дін мәселесі төңірегінде Алла тарапынан түсірілген аяттар. Ендеше, хизбуттардың бұл қылықтары дінді бұрмалап фитнаға (бүлікке) жол ашу, дінді іштен ірітіп бөліну болмақ. Шын мәнінде Ислам діні бүлік пен бөлінуге бүтіндей қарсы. Қасиетті Құранда: «Түп- түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар… …Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді», — дейді. («Әли Имран» сүресі, 103-аят). (Құрани кәрим қазақша мағына және түсінігі. Ауд: Халифа Алтай).
Хизбут-тахрирлер өздерін ақиқатты айтып, шындықтың шамын жағушылармыз деп санап, қоғамның қоңсы тұстарын тіміскілеп, тырнақ астынан кір іздегіш. Яғни, мемлекеттік биліктің, жүйенің жағасына жармасып, жарға жығуға жандары құмар.
Ал, Ислам діні қандай жағдайда болсын, басшыға бағынуға бұйырады. Бұл жайлы Алла тағала Қасиетті Құранның «Ниса» сүресі 59-аятында: «Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ахирет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы, хайырлы да нәтижеде жақсы», — деп бұйырса, Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім өзінің бастығынан өзіне ұнамсыз бір нәрсе көрсе, бұған сабырлықпен қарасын. Өйткені, көпшіліктен бір еліге болса да бөлініп өлген адам, жәһилдік өліммен өледі (өлімді надандықпен тапқан болады)», — дейді. (Бұхари және Мүслім).
Хизбут-тахрир мүшелері өз пікірлеріне келіспегеннің бәрін діннен шығарып, кәпір санатына қосып тастайды. Сондықтан да, олардың екі сөзінің бірі — күпірлік…
Ал, исламда мұндай мәселеде мейлінше мұқияттықты қажет ететін нәрсе. Ислам ақидасында иманның алғы шарты шын жүрекпен тілін кәлимаға келтіру. Ал, «Ләә Илләһа Иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ», — деп шын жүрекпен иман келтірген адамды ешкімнің кәпір деуге хақы жоқ. Себебі, әр адамның иман деңгейі тек бір Аллаға ғана аян. Ғұламалардың айтуынша: «тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болған адамды кәпір деген адамның өзі кәпір болып кетуі мүмкін». Тіпті, мұсылман еместердің өзін кәпір деуге болмайды. Өйткені, ол адамның алдағы тағдырын Алладан басқа ешкім білмейді. Мүмкін, ол адам тілін кәлимаға келтіретін шығар, бәлки.
Ендеше, Аллаға және оның Елшісіне иман келтірген адамның иманына шүбәлануға, сен дінсізсің деп айтуға хақымыз жоқ. Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Алладан басқа тәңір жоқ деп айтқан жүрегінде бидайдың дәніндей (бір риуаятта жүгерінің дәніндей деп келген) хайыры болған адам тозақтан шығады», — деген. Демек, ол мұсылман болғаны. Ал, мұсылмандар ешқашан бір-бірін кәпірсің демеуі керек. Олай болса, хизбут-тахриршілердің келсе-келмес «күпір» сөзін көлденең тартуының өзі Исламға жат нәрсе. Алла Елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Мұсылман адам сондай, мұсылмандар оның қолынан да, тілінен де зиян көрмейді», — дейді. Сонда қалай?! Өздерін сүннетті тірілтушіміз деп жүрген хизбут-тахриршілердің кім болғаны?! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқан хадисі қайда, олар қайда?!
Хихбут-тахриршілер өздерін «нағыз сүннетті тірілту жолындамыз, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) халифат құрды, біз де халифат құрамыз», — дейді. Олардың айтуынша, халифатта өмір сүрмеген адамдар нағыз мұсылман бола алмайды екен. Халифат құру идеясы олар үшін ең басты мақсат саналады.
Мұндай адасқан нанымға Алланың ақ діні былай жауап береді.
Біріншіден, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ешқашан «мен халифат құру үшін келдім, халифатсыз Ислам болмайды» деп айтқан емес, мұндай мағынада келетін бірде-бір риуаят жоқ. Керісінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Халифат билігі мен дүниеден өткен соң 30 жылға жалғасады (тағы бір риуаятта 40 жылға деп келеді). Одан соң әмірліктер, патшалық билік құрады», — деген. (Имам Тирмизи, Имам Ахмад ибн Ханбали). Ал, шын мәнінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) соң көп ұзамай халифаттық биліктің құр қалпағы қалды. Әмірліктердің бөліп билегені тарихтан белгілі. Солай болса да, мұсылмандықтың туын төмен түсірген жоқ.
Екіншіден, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басты сүннеті халифат орнатып, билік құру емес. Исламның ақиқат дінін тарату еді. Бұл жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Маған байлықпен биліктің керегі жоқ. Оң қолыма күн, сол қолыма айды ұстатса да, бір Аллаға иман келтіруге шақыратын уағызымды тоқтатпаймын», — десе, Құранда былай дейді: «Әй, Мұхаммед оларға айт! Шын мәнінде мен сендерге ашық ескертуші (дін жеткізуші) ғанамын де» («Хаж» сүресі, 49-аят). (Құрани кәрим қазақша мағына және түсінігі. Ауд: Халифа Алтай).
Демек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) нағыз сүннеті халифат құру емес, адамдарға Алланың ақиқат дінін жеткізу.
Үшіншіден, Ислам тек, халифат шеңберінде өмір сүрі керек болса, халифатта өмір сүрмеген мұсылман мұсылман санатына қосылмаса, онда әлемдегі диржабалар Қытай, Ресей, АҚШ және Еуропа мен Жапония тағы басқа толып жатқан елдердегі мұсылмандарды мұсылман санатынан шығару керек болғаны ма?! Әлде, ол елдерді де халифатқа күштеп қосуымыз керек пе? Ей, бауырлар! Оларға күш көрсетуге шамаң да, айлаң да жетпейді, сірә. Сен бар болғаны алыптардың алдындағы шахмад тақтасының шашкасы ғана екеніңді біліп қой, бауырым!
Төртіншіден, Халифат құрудың парыз не сүннет екенін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көрген сахабалар мен табиғиндер, аты әйгілі Ислам ғұламалары неге білмеген. Не үшін тек, мың жарым жыл өткенде Тақиддин Набахани мен оның шәкірттері ғана білген. Әлде, оларға Алладан уахи келіппе?! Ең соңғы уахи түсірілген адам Пайғамбарымыз (с.ғ.с) екені Құранда анық айтылған еді ғой!
Бесіншіден, 2000 жылдардың басында балағынан кіріп, басына өрмелеген Хизбут-Тахрирлерді көршілес алашапанды ағайындарымыздың қалай талқандағаны есімізде. Бір қызығы «экстремизм мен терроризмге қарсы күрес туралы заң жобасын» бірінші болып қабылдап, оларға қарсы «күресіп» келе жатқан батыстағы кейбір алпауыттар адам құқықтары жайлы айтып, өзбектерге өзеленгені де рас. Осыған да бір сәт тахриршілер талдау жасаса жарар еді.
Алтыншыдан, хизбут-тахрирлердің бас штабы неліктен Ислам елдерінде болмай, Лондонға орналасқан?! Бұл аталған ұйым мүшелерін мүлдем толғандырмайды ма?!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқтасақ, хизбуттардың қылығы қисынсыз, Исламға жат әрекет. Олар билікке қарсы шыққан қазіргінің қауариждері. Шала түсінік пен сауатсыз сенімге бой алдырып, дінді дүмшелікпен дүбәра, дімкас түрде түсінудің ақыры ауыр апатқа апарары анық. Осындай ойсыз, оспадарлықтан опық жеп қалмауға қам жасап, ағымдардың арбауынан сақ болайық! Ертеңімізді бүгін ойлағанымыз абзал болмақ. «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деп атам қазақ айтқандай, басыңды бәйгеге тігіп, болжап білмейтін нәрсеге бола, басымызды ақыреттің азабына байлағанымыз жәрамас. Өзімізге тиесілі болмағанды болдырамын деп, қолымыз жеткен жерге құрық салып, дайын асқа тік қасық болудан асқан пасықтық болмас сірә.
Ата-бабамыз аңсап кеткен тәуелсіздіктің тұғырын тіктеп, туын көтердік. Бұл—ата-бабамыздың арманы, Алланың аманаты. Аманатқа қиянат қылмайық. Ала жіпті аттамай, адалдықты арымыздың қорғаны қыла білейік бауырлар. Жаратқан Ием елімізге, жерімізге тыныштық силап, баршамызға екі дүниенің бақытына жетелер иман беріп, санамызға сәуле құйып, жүрегімізді нұрға толтырғай. Әмин!!!

Бірлік Тоқай

0 пікір