«Ең үлкен жиһад – нәпісмен күрес»
«Ең үлкен жиһад – нәпісмен күрес»
26.06.2018
239
0

Қазақта: «Іштен шыққан жау жаман», – деген мағыналы сөз бар. Бәлкім біз мұның мағынасын сырттай ғана түсініп жүрген болармыз. Бабаларымыз айтқан осы сөзге тереңдеу үңіліп көрейікші. Бүгінгі жұма тақырыбымыздың өзі – «Ең үлкен жиһад – нәпсімен күрес» деп тұр. Олай болса, сіз бен біздің бұ дүниедегі ең үлкен жиһадымыз қандай?! Бір сөзбен айтқанда, жан-дүниемізді үнемі жаманшылыққа, арсыздық пен ұятсыздыққа шақырып тұратын ішкі жауымыз нәпсімен күресу.
Құрметті жамағат, қадірлі ағайын!
Сыртқы жаудың, дұшпанның қайдан келетіні және қалай шабуыл жасайтындығын әбден аңғарып, оған тосқауыл жасауға, онымен жолын тауып оңай күресуге болады. Бірақ ең үлкен дұшпанымыз – нәпсінің қай кезде күш алып, қай сәтте әлсіз тұсымыздан шабуыл жасарын білмегендіктен онымен күресу де оңай соға қоймас. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең үлкен соғыстың бірі – Табук жорығынан қайтып келе жатып ардақты сахабаларына:

رَجَعْنَا مِنَ الْجِهَادِ الأَصْغَرِ إِلَى الْجِهَادِ الْأَكْبَر   

«Кіші жиһадтан (жорықтан) үлкен жиһадқа (нәпсімен күресуге) оралдық», – деген екен. Осы уағызымызда сол нәпсі және онымен күрес жолдарын талқылайтын боламыз.
Алла Тағала адам баласының дүниеге жіберілудегі мақсатын Құранның мына аяты арқылы өзіне құлшылық ету үшін жаралғандығын айқындауда:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ

«Адамдар мен жындарды тек Өзіме ғана құлшылық қылулары үшін жараттым»(«Зарият» сүресі, 56-аят).
Аллаға иман келтірген адам баласы бұл мақсаттың үдесінен шығу үшін дүниесі мен ақырет нығметіне қол жеткізу үшін қам-қарекет етеді. Жаны мен тәнін Алла үшін құлдыққа арнайды. Бірақ та, сол құлшылық жолда кежегемізді кері тартып, Алланы разы етер сауап амалдар жасауға келгенде шайттанның азғыруымен қарсылық танытатын нәпсіміз тағы бар. Ал нәпсі – ол өзің. Демек, өзіңнің бойыңдағы теріс әрекеттермен, күнәға алып барар ойлармен, Алланың разылығынан қашық ететін істерден бойыңды таза ұстау деген сөз.
Нәпсіні ешкім өлтіре алмайды, оны тәрбиелейді. Нәпсімен күресудің ең төте жолы – күн сайын өзін есепке тартып отыру. Хазіреті Омар (р.а.): «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер», – деп өнегелі сөз қалдырған. Сондықтан адам болып жаратылудағы мақсат – Аллаға құлдық екенін ұмытпай, сол жолда өз-өзіңе мықты бақылау механизмін орнату қажет. Алла Тағала былай дейді:

قَدْ أَفْلَحَ مَنْ زَكَّاهَا.  وَ قَدْ خَابَ مَنْ دَسَّاهَا

«Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да. Әлде кім оны кірлетсе, қор болды»(«Шәмс» сүресі, 9,10-аяттар).
Нәпсісін иман сүзгісімен тазартпайтын адам жамандықтан құтыла алмайды. Әрбір жаман істің артын күнәлі іс күтіп тұрады. Демек нәпсісін үнемі тақуалықпен тәрбиелейтін кісі ғана жаны мен тәніне кір жұқтырмайды.
Нәпсіге сәл ғана ерік берсең, жамандықты аңсайды, арам істерден рахат алады. Қасиетті Құран бізге Жүсіп пайғамбардың  (ғ.с.) былай дегенінен хабар береді:

وَمَا أُبَرِّىءُ نَفْسِي إِنَّ النَّفْسَ لأَمَّارَةٌ بِالسُّوءِ إِلاَّ مَا رَحِمَ رَبِّيَ إِنَّ رَبِّي غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мәрхамет етсе ол басқа. Күдіксіз Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді»(«Юсуф» сүресі, 53-аят).
Аталмыш аяттан нәпсімен күресудің оңайға соқпайтынын түсінуге болады. Өйткені, нәпсіні есепке тартуда адамның бір ғана ерік-жігері жеткіліксіз келеді. Сондай-ақ, Жаратқанның мәрхаметіне де мұқтажбыз. Алланың жарылқау, мейірімі болмаса, нәпсіні есепке тартып, оның зиянынан сақтану мүмкін емес. Өйткені, Алла Елшісі де тойымсыз нәпсіден  сақтауын сұрап дұға еткен.
Ардақты сахабаның бірі Зәйд бин Арқам (р..) сүйікті Пайғамбарымыздың мына дұғасын риуаят етіп жеткізген:

أَللهُمَّ إنّي أَعُوُذُ بِكَ مِنَ الْعَجْزِ وَ الْكَسَلِ, وَ الْهَرَمِ وَ الْجُبْنِ وَ الْبُخْلِ وَ عَذَابِ الْقَبْرِ, اَللَّهُمَّ آتِ نَفْسِي تَقْواهَا, وَ زَكِّهَا أَنْتَ خَيْرُ مَنْ زَكَّاهَا, أَنْتَ وَلِيُّهَا وَ مَوْلَاهَا, أَللَّهُمَّ إِنّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ قَلْبٍ لاَ يَخْشَعُ, وَ مِنْ نَفْسٍ لا تَشْبَعُ, وَ عِلْمٍ لا يَنْفَعُ, وَ دَعْوَةٍ لا يُسْتَجَابُ لَها

«Аллаһым, мен Сенен әлсіздік, жалқаулық, кәрілік, қорқақтық, сараңдық атаулыдан және қабірдің азабынан сақтауыңды сұраймын. Уа, Аллаһым! Нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Расында Сен ең жақсы пәктеушісің. Сен жанымның Иесісің. Алла Тағалам, мені тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын дұғадан сақтауыңды сұраймын». Алла Елшісінің дұғасын жеткізген саңлақ сахаба Зәйд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) осы сөздерді бізге үйреткен, ал біз сіздерге үйретіп отырмыз, – деген екен.
Құрметті жамағат! Құран Кәрім аяттары – Аллаға қарсы келудің, күнәлардан бас тартпаудың, ақ пен қараны ажыратпаудың, обал-сауапты білмеудің ең маңызды себебін «нәпсіні жоғары санау мен оны кінәсіз» деп табу екендігін ишарат етуде. Оған мысал айтсақ, лағнеті шайтанның менмендігі себебінен Аллаға қарсы келіп, Адам (ғ.с.) атаға сәжде етпеуі, Нәмруд патшаның хазіреті Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарды отқа жағуы, өзін Құдай еткен перғауынның хазіреті Мұса (ғ.с.) пайғамбарды өлтіргісі келуі немесе «әл-Әмин, ең сенімді» деген атқа лайық Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға мүшріктердің қарсы шығып, дұшпандық жасаулары да «нәпсіні жоғары санауларынан»болған әрекеттер. Бұдан нені түсінеміз?! Яғни, иманмен тәрбиеленбеген нәпсі өзін Құдай етіп, өзгені өзіне құл етуге әмір еткізеді. Бұл жайында Алла Тағала былай дейді:

أَفَرَاَيْتَ مَنِ اتَّخَذَ اِلَهَهُ هَوَيهُ وَاَضَلَّهُ اللهُ عَلَى عِلْمٍ وَخَتَمَ عَلَى سَمْعِهِ وَقَلْبِهِ وَجَعَلَ عَلَى بَصَرِهِ غِشَاوَةً فَمَنْ يَهْدِيهِ مِنْ بَعْدِ اللهِ اَفَلاَ تَذَكَّرُونَ

Өз әуейлігін (құмарлығын) тәңір тұтып, көңілі соққан нәрсесінің құлы болған, сондай-ақ (ақ пен қараның, ақиқат пен жалғанның парқын) білсе де Алланың Өзі адастырып, құлағы мен жүрегін мөрлеп, көзін перделеп тастаған бейбақты көрдің бе?! Оны Алланың Өзі адастырғаннан кейін тура жолға кім түсіре алады дейсің?! Міне осының өзін ойлап ғибрат алмайсыңдар ма?! («Жәсия» сүресі, 23-аят).
Нәпсінің еркіне қарай өмір сүру – Алланың бұйырған әміріне қарсы тұруға әкеліп соғады. Біріне-бірі қарсы нәрсенің бір арада бірігуі еш мүмкін емес. Мәселен жақсылық пен жамандықтың, күнә мен сауаптың, күн мен түннің т.б. бірігуі ақылға сыймайтын дүние. Мына оқиға соның мысалы.
Бір соғыста хазіреті Әли (р.а.) бір дұшпан жауынгерін астына басып алып  өлтірейін деп жатыр еді. Өлім аузындағы әлгі адам амалсыздан хазіреті Әлидің (р.а.) бетіне түкіріп жібереді.
Хазіреті Әлиге (р.а.) кәпірдің бұл ерсі қылығы үшін басын жұлып алу оған түкке тұрмас еді. Бірақ ол: «Нәпсінің тілін алып ашуланып қаламын ба?!» – деп ойлады да, дереу тоқтай қалып, қолындағы қылышын жерге қойып, дұшпанын өлтіруден бас тартты. Хазіреті Әлидің (р.а.) колында кұрбан болуды күтіп жатқан адам мына жағдайға қатты таң қалады. Себебі, ол істеген жаман ісі үшін хазіреті Әлидің (р.а.) қолынан аман құтылатынын ойынан мүлде шығарған еді.
Бірақ ол ойлағандай болмады, қайта ақиқаттың куәсі болды. Дін дұшпаны хазіреті Әлидің (р.а.) ісіне таңырқап:
– Ей, Әли! Бетіңе түкіргенде мені не үшін өлтірмедің? Бірден өзгеріп сала бердің.
– Мен хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) сыйлаған қылышты Алла жолында колданамын. Бұған ешқашан өз нәпсімді араластырмаймын. Себебі, мен Алланың арыстаны, әрі Оның қылышымын, нәпсімдікі емес... Сен жүзіме түкіріп, мені ашуландырмақшы әрі қорламақшы болдың. Мен сол сәтте ашуыма бой алдырғанымда, мүминге әсте жараспайтын қылықпен яғни, нәпсіме бағынып, сені өлтіріп тастаған болар едім. Алайда мен өз абыройым үшін, нәпсім үшін емес, Алланың жолында соғысып жатқан едім, – деп жауап берген екен.
Оқиғадан түсінгеніміз – нәпсіге еріп, жамандық жасаған адам асыл мақсаттан алыстайды. Ал, нәпсісін тізгіндеп, игілігіне итағат еткізе білген мүмін өзіне жақсы көрген нәрсені өзге мұсылман бауырының бойынан да көргісі келеді. Сахаба Әнас ибн Мәликтен (р.ғ.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

لَا يُؤْمِنُ أَحَدُكُمْ حَتَّى يُحِبَّ لِأَخِيهِ (أَوْ قَال لِجَارِهِ) مَا يُحِبُّ لِنَفْسِهِ

«Мұсылман адам өзіне қалағанды өзгеге де қаламайынша, шынайы иман келтірген болып саналмайды», – деген.
Табиғиннің үлкен ғалымдарының бірі Хасан әл-Басри:
«Расында, мүмін деп өзінің нәпсісін сынаушы адамды айтатынбыз. Ол өзіне: «Айтқан сөзіммен нені қаладым, жеген тамағыммен нені қаладым», – деп үнемі өзін сынап отырады. Ал, пасық болса қадам басқан сайын жақсылықтан ауытқи береді, өзін бұл үшін жазғырмайды да», – деген екен.
Алла Тағаланың адам баласына діни жауапкершілікті жүктеуінің де өзіндік сыры бар. Сондықтан Алла жақсылықты жамандықтан, ақиқатты жалғаннан айыра білу үшін ақыл нығметін берді. Адам баласы кез келген нәрсені ақыл түйсігімен жасағаны секілді, сол ақылымен Алланың алдында есеп беретіндігін есіне түсіріп, нәпсісін ақылына бағындыруға әбден болады.
Жалпы нәпсіні тәрбиелеудің бінеше жолдарына тоқталсақ:
1.Әрдайым Алланың бақылауында екеніңді естен шығармау
Алланың бұйырған әмірлерін орындап, тыйған нәрселерінен сақ болу үшін бұл маңызды талап болмақ. Мұны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тілімен айтқанда «Ихсан» деп атайды. Бірде Жәбірейл (ғ.с.) періште пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) келіп:

قَالَ: فَأَخْبِرْنِي عَنْ الْإِحْسانِ. قَالَ: أَنْ تَعْبُدَ اللهَ كَأَنَّكَ تَرَاهُ. فَإِنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ، فَإِنَّهُ يَرَاكَ

«...Маған ихсан жайлы баяндап бер», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық ету. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады», – деп жауап береді.
Демек, оқитын намазымыз, ұстайтын оразамыз, берер зекетіміз, орындар қажылық т.б. амалдарымыз ихсан жағдайында болса, нәпсінің жақсы жағына тәрбиеленуін жеңілдетеді.
Алла Тағала өзінің елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) хақты ұмытып, адамдарды азғындыққа итермелегендерден сақтандырып, Алланы еске алған, дидарын іздеген жандармен бірге болуды әмір еткен:

وَاصْبِرْ نَفْسَكَ مَعَ الَّذِينَ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ بِالْغَدَوةِ وَالْعَشِىِّ يُرِيدُونَ وَجْهَهُ وَلاَ تَعْدُ عَيْنَاكَ عَنْهُمْ تُرِيدُ زِينَةَ الْحَيَوةِ الدُّنْيَا وَلاَ تُطِعْ مَنْ اَغْفَلْنَا قَلْبَهُ عَنْ ذِكْرِنَا وَاتَّبَعَ هَوَيهُ وَكَانَ اَمْرُهُ فُرُطًا

«(Мұхаммед ғ.с.) таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ Біз, жүрегін, Бізді еске алудан қәперсізденген, әуесіне ерген және ісі шектен асқан біреулерге бағынба»(«Кәһф» сүресі, 28-аят).
2.Қол жеткізген табыстарың мен келіп жатқан нығметті Алладан екенін ескеру
Адам баласы қандай жетістікке жетсін мейлі, «өзімнің күш-қайратыммен, қабілетіммен жеттім» дейтін болса – нәпсінің қалауы осы болмақ. Сондықтан «өзім» деген сөзді жүректен өшіріп, орнына «Алланың қалауымен, бұйырғанымен» деген сөз келсе, нәпсі үшін тәрбие болар еді. «Мен» дегеннің мысалын Алла Тағала Мұса пайғамбар (ғ.с.) заманында өмір сүрген Қарун байдың былай деуімен көрсетеді:

قَالَ إِنَّمَا أُوتِيتُهُ عَلَى عِلْمٍ عِندِي أَوَلَمْ يَعْلَمْ أَنَّ اللَّهَ قَدْ أَهْلَكَ مِن قَبْلِهِ مِنَ القُرُونِ مَنْ هُوَ أَشَدُّ مِنْهُ قُوَّةً وَأَكْثَرُ جَمْعًا وَلَا يُسْأَلُ عَن ذُنُوبِهِمُ الْمُجْرِمُونَ

Қарұн: «Шын мәнінде бұл, маған мендегі білімге берілді» деді. Негізінде Алланың бұдан бұрын, бұдан да күшті, тобы көп нәсілдерді жоқ еткенін білмеді ме? Күнәхарлар, күнәларынан сұралмайды («Қасас» сүресі, 78-аят).
Қарун бай Алла берген нығметті, дүние-мүлікті «мендегі білімге берілді» деп, нәпсіге еріп айтты. Әуеліде оған былай айтылған еді:

وَابْتَغِ فِيمَا آتَاكَ اللَّهُ الدَّارَ الْآخِرَةَ وَلَا تَنسَ نَصِيبَكَ مِنَ الدُّنْيَا وَأَحْسِن كَمَا أَحْسَنَ اللَّهُ إِلَيْكَ وَلَا تَبْغِ الْفَسَادَ فِي الْأَرْضِ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ

«Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла, саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді» («Қасас» сүресі, 77-аят).
Бұл аят нәпсі тәрбиесіне қатысты екі нәрсені еске салады. Біріншісі, қолыңдағы дәулетіңді«Алланың берген нығметі» деп еске алу. Егер мұндай ой болмаса, «өзіңді өзгелерден жоғары санау» психологиясы күш алады. Ақыретін ойлаған адам, дүниесінің есебін Алла берген нығметпен таразылап отырады. Екіншісі, «Алла, саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе...» деген сөз. Демек, Құран бізге нәпсі үшін тапқан дүниені жақсылыққа келгенде, жұмсай алмайтын жағдайға тап болатындығын білдіруде. Ал керісінше Жаратқан Алланың өзіне жасаған жақсылығын есіне алған адам дүниесімен жақсылық жасай алатынын көрсетуде. 

3.Өзгенің қателігін іздегеннен бұрын, өз бойыңдағы қателігіңді көру
Адамның нәпсісі өзінен емес, өзгеден мін тауып, кір іздегенді жөн көріп тұрады. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген:
«Біреудің кемшілігін іздегің келсе, өз кемшіліктеріңді есіңе ал!».
Хасан әл-Басри:«Біреудің кемшіліктерін ескерткің келсе, әуелі өз кемшіліктеріңді есіңе ал», ‒ дейді. Сондай-ақ: «Ізгі жан ешқашан біреудің кемшіліктеріне тереңдеп үңілмейді», ‒ деген екен.
Нәпсісіне еріп, өзін сүттен ақ, судан таза көрсеткісі келетін адамның сипатын Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз былай суреттейді:
«Сыртыңды сыланасың өң беріп,
Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орнына атасың».
Мұсылманның көркем сипаты – өз кемшілігін бойынан іздеу. Өз кемшілігін түзеткен адам ғана екінші бауырына өнеге болары сөзсіз.
4.Жасаған күнәларды жадыда сақтау
Нәпсімен күресіп, оны тәрбиелеудің бір жолы – осы. Кішкентай жасаған күнәларын есіне алып, оның жазасынан қорқып жүретін мүмін мен таудай күнә жасаса да, жүрегі бүлк етпейтіннің мысалын Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай суреттейді:

إِنَّ المُؤْمِنَ يَرَى ذُنُوبَهُ كَأَنَّهُ قَاعِدٌ تَحْتَ جَبَلٍ يَخَافُ أَنْ يَقَعَ عَلَيْهِ، وَإِنَّ الفَاجِرَ يَرَى ذُنُوبَهُ كَذُبَابٍ مَرَّ عَلَى أَنْفِهِ

«Мүмін өзінің күнәсын тау секілді көріп, үстіне құлап кетуінен қорқады. Екіжүзді мұнафық болса, жасаған күнәсін мұрнына қонған және тез ұшып кететін шыбын секілді көреді», – деген.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күнәдан жиіркенетін және ғибадаттан ләззат алатын адам – шынайы мұсылман», – деп айтқан.
5.Нәпсіге қарсы дұғада болу
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Иә, Раббым! Мені соңғы демім жеткенше, өзімді нәпсіме қалдырма!» – деп дұға жасаған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір кісіге:

أَللهُمَّ إِني أَسْألُكَ نَفْسًا بِكَ مُطْمَئِنَّةً تُؤْمِنُ بِلِقَائِكَ وتَرْضَى بِقَضَائِكَ وتَقْنعُ بِعَطَائِك

«Уа, Алла, мен Сенен жай тапқан, Сенімен кездесетін күнге иман келтірген, тағдырға риза болған, бергеніңе қанағат еткен нәпсі сұраймын», – деп айт, – деді.
Бұрынғы өткен ұлылар: «Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойласа, Алла Тағала жайлы танымы аз болғаны. Кімнің өзіне нәпсісінен артық дұшпан бар деген ойы болса, нәпсісін дұрыс білмегені», – дейді екен.
Құрметті жамағат! Уағызымыздың қорытындысын Шал ақын бабамыздың мына сөзімен аяқтайын: 
«Нәпсің бір көкжал бөрідей,
Иманың бағлан қозыдай,
Егер тыю салмасаң,
Иманыңды жеп кетер».
Дүниенің де, ақыреттің де байлығы – иман. Иман байлығын уысымыздан шығарып алмау үшін әуелі нәпсіге тізгін қойып, құрдымға итермелейтін күллі құмарлықтардан тал бойымызды таза ұстау қажет. Сонда ғана иманы бардың – жиғаны болмақ.

Батыржан МАНСҰРОВ

0 пікір