Мемлекет тікелей орамалмен күресіп жатқан жоқ
Мемлекет тікелей орамалмен күресіп жатқан жоқ
27.02.2018
162
0

Мемлекет тікелей орамалмен күресіп жатқан жоқ

        

         Соңғы кездерде қоғамда түрліше алыпқашпа әңгімелер өрбуде. Атап айтқанда, дін саласындағы заңнамаларға өзгерістер енгізіледі деген күннен бастап мемлекет мұсылман қыз-келіншектерінің орамалына тыйым салады екен деген арандатушы пікір желдей ескені ақиқат. Бұл мәселеге ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев БАҚ-ға берген бірнеше сұхбатында ашықтап, ондай заң қабылданбайтынын, мұсылман қыз-келіншектерінің діни сенім бостандықтарына құрметпен қарайтынын атап өткен еді. Дегенмен, министр қоғамдық орындарда бетті тұмшалап жүруші, жеке басты анықтауға кедергі келтіретін киімдер мен қоғамға оғаш, қара жамылуға қатысты заң жобасы бар екендігін тілге тиек еткен болатын.
        
Сонымен қатар, еліміздің батыс өңірлерінде болып жатқан орамал мәселесіне қатысты мәселелер де қоғамда қызу талқылануда. Сырт көзге қарағанда орамал тағып мектепке келуші оқушы қыздармен мемлекет біржақты жұмыс жасап жатқандай әсер қалдырады. Шынтуайтуына келгенде мектеп жасындағы орамал тағып келуші қыздар ішінде мекетеп бағдарламаларындағы сурет сабақтарын күнәға балап, сабаққа қатыспауға әрекет жасағандары, сол секілді музыка сабағын да теріс шығарушы оқушы қыз балалар пайда бола бастаған, сондай-ақ, еліміздің мемлекеттік әнұранын айту мен рәміздерге құрмет көрсетпейтін болған және мектеп бағдарламасындағы кейбір оқулықтар ислам дініне қайшы деп оны да оқудан бас тартқан жағдайлар кездеседі. Жоғарыдағы жайттардан түсінікті болғанындай мемлекет тікелей қыз балдардың басындағы орамалмен емес, сол орамал астына бүркенген діни теріс идеологиялармен күресуде.
     
2017 жылғы деректерге сүйенетін болсақ Атырау және Маңғыстау облыстарында орамал тағушы әйел азаматшалар діни көзқарастарына сәйкес перзентханаларда босану мен генеколог-дәрігерге қаралу «харам» деген себеппен үй-жайларда босанғаны анықталған. Ал, бұл өз кезегінде ана мен баланың денсаулығына теріс әсер ететендігі айдан анық дүние. Осындай теріс әсердің салдарын дұрыс жағын қоғамға ашып көрсетпей, мемлекет ислам діні мен оның ішінде әйел баласының орамал тағуына қарсылық танытып келеді деп арандатушы теріс пікір қалыптастырудың, таратудың қажеті жоқ. 
       
Мемлекет ислам дінін ұстанушыларға, соның ішінде балиғатқа толған, тұрмыстағы мұсылман қыз-келіншектердің, әйел затының сеніміне құрметпен қарайды. Осы орайда жастайынан қыз балдарға орамал тақтырып, балиғатқа толмаған қыздарды мәжбүрлеуші ата-аналарға төмендегі мәселелерді ұсынар едік.

  1. Мұсылман үмметінің алға басуының, оның күшеюінің алғы шарттарының бірі – басшыға бағыну, өзара бірлікте ынтымақта болу. Басшыға бағыну – әрбір мұсылман үшін парыз амал. Бұл амалдың парыздығы Құран Кәрім мен хадистерде бекітілген. Алла тағала Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 59-аятында: «Әй мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» - делінсе, Пайғамбар (с.а.у.) Муслимнің хадистер жинағында «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны» - деп атап өткен.

      Мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі басшыға бағынуда жатыр. Әлемде болған барлық өркениеттер, мәдени ошақтар бір басшыға бой ұсынған тұрақты, тыныштық үстемдік құрған жерлерде болған, өйткені тұрақтылық адамды ғылым-білімнің дамуына, ғылыми жаңалықтардың ашылуына апарады.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы - тiкелей мемлекеттің, Eлбасының салиқалы саясатына сәйкес ислам шеңберінде жұмыс істейтін діни мекеме. Оның бағыт-бағдары мемлекет тарапынан жіті қадағалануда және үлкен қолдауға ие. Негізгі мақсаты елімізді имандылыққа үйіріп, ынтымақ-бірлігін асқақтату. Діни үкімдер беру, халықты діни тұрғыда сусындандыру - тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тиесілі әрекет. Осы діни басқармаға қарсы ислам бағытындағы кез-келген ағым ол заңсыз болып саналады. Демек, діни басқармаға халық діни мәселеде бағынып, құлақ асуы міндетті.

  1. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Ал паранжа (ниқаб) киюдің салтымызда болмаған, басқа елдің үлгісі екенін де ерекше атап өткеніміз жөн.

 Ислам шариғатында қыз баланың балиғатқа толуын 9 жаспен шектеу дұрыс емес. Мұсылман ғалымдары қыз балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сай, көпшіліктің жағдайын назарға алған дұрыс.
Ислам діні балиғат жасына толмаған, санасы толық қалыптасып үлгермеген, орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай қыз баласына орамал тағуды міндеттемейді. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті.        

  1. Алла Тағала күллі адамзат баласына иманды болуды әрі білім алуды әмір еткен. Құран Кәрімнің ең алғаш түскен «Алақ» сүресінің аятының өзі «Оқы!», деген бұйрықпен басталуы ерекше назар аударарлық. Келесі Зумар сүресінің 9 аятында «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?», – деп білім иелерін ардақтайды.

Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болғай): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әйелге де парыз»,– деп білім ізденудің әйелдерге де тиісті екенін айтқан.

Сондықтан да, дінімізде мұсылман ер кісі мен әйелге білім алу – міндет. Ал мектеп жасындағы балаға имандылыққа баулып, білім үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық борышы. Діни һәм зайырлы білім алу – жарқын болашақтың кілті.
Ғалымның жай құлдардан артықшылығы, айдың өзге жұлдыздардан артықшылығына ұқсайды. Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары. Пайғамбарлар алтын мен күмісті мирасқа қалдырмайды, тек қана білімді мирас етіп қалдырады. Ол мирасты алған адам молшылыққа кенеледі».
Негізі адамның білімі артқан сайын Аллаға деген сенімі, құрмет, қорқынышы артады. Жалпы, білім алу – Исламның ең басты құндылығы. Сол себепті, Құранның ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Алланың атымен оқы!» деп «Алақ» сүресінің алғашқы аяттары түсті. Алланың бұл жерде «Оқы!» деп отырғаны қай кітап? Ол – екі кітап: бірі – Құран кітабы, екіншісі – физикалық және метафизикалық жаратылыс кітабы. Ал жаратылыс ілімінен хабары жоқ адам Құранды дұрыс түсіне алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасында оқытылатын химия, математика, биология және тағы басқа пәндердің барлығы дүниенің құдіретін  тануға жол ашады. Сондай-ақ, аспан мен жер жаратылысы, күн мен түннің алмасуы, күн мен айдың белгілі бір жүйеде қозғалуы, адамның жаратылуы сияқты Алланың бар екенін дәлелдейтін әрі терең ойлануға жетелейтін түрлі құбылыстар тек қана білім арқылы болады.
Исламда қыз балаға білім алу – парыз. Аллаға құлшылық ету үшін де, алдындағы түпкілікті міндеті мен жауапкершілігінің шегі мен мүмкіндігі арасын ажырату үшін де білім, таным, ойлау, сана тұрады. Бүгінгі заманның үдерісі еліміздің әрбір азаматы мен лауазымды тұлғасына білімді, иманды, отаншыл ұрпақ қалыптастыруды талап етуде. Бұл – баршамыздың ұлы борышымыз, асыл міндетіміз.
Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Конституцияға сәйкес, еліміз зайырлы мемлекет болып табылады, онда азаматтардың ар-ождан бостандығына еркіндік берілген. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда діни бірлестіктердің мемлекеттің қызметіне араласпайтыны көрсетілген. Аталған Заңда еліміздегі білім беру және тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі және зайырлы сипатта болатындығы айтылған.
Діндар азаматтар қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Дініміздегі бойұсыну – негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан мұсылмандар заңға құрметпен қарауы тиіс.
Еліміздің заңнамалары бізге балаларымыздың орта білім алуын қамтамасыз етуімізді міндеттейді. Білімсіздік бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуын ата-аналары еліміздің заңнамасы талаптары шеңберінде қамтамасыз еткендері жөн.  

ОҚО дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

МКМ-нің дінтанушы, маманы

 Халықов Медет  

0 пікір