Ғаламтор құрбаны
Ғаламтор құрбаны
17.10.2018
183
0

 Мен Рыскулов Ф.А 1983 жылы Шымкент қаласында дүниеге келдім. Әкем Абадбек ҚазМХТ институтын бітірген, мамандығы инженер-технолог. Шымкент мұнай өңдеу зауытында көп жылдар бойы еңбек еткен. Анам Айжамал «Қыздар Мемлекеттік педагогика институтын» бітірген, мамандығы кітапханашы, бірақ балабақшада тәрбиеші болып қызмет еткен. Орта деңгейдегі отбасыдан шыққан қарапайым қазақтың баласымын. Мектепті орташа бағамен тәмәмдадым. Араласқан ортамда ерекшеліктермен білініп көрінбеген жанмын. Бірақ дінге деген көзқарасым басым болатын. Әжеміз марқұм жас кезімізден құлағымызға Алланың, Пайғамбардың, тозақтың, жұмақтың хақ екенін құйып кеткен еді. Ол кісі ауылдағы имамдардан естігенін айтып беруші еді. Ер жеткеннен кейін жаназаға көп баратын болдым. Адамды жерлегенде денем түршігіп кетуші еді. Неге дегенде өлген адамның рухы қай жаққа барады екен деп ойланатынмын. Үйде әке-шешем астан кейін Құран оқып бата беруші еді. Мен мұны дәстүр деп есептейтінмін. Құранның сауабы өлген әруаққа тиеді деп ойлайтынмын. Қожа Ахмет Яссауи бабамызды зиярат еткенде міне хақ дін, осылай ұстанып жүруіміз керек екен деп жүрдім. Айына, жылына бір рет барып зиярат етсең болды үлкен бір құлшылықтың түрін жасағандай сезінесің. Намазды 50-60 жасқа келгенде оқимын деп жүргенмін.
2000 жылы мектеп тәмәмдаған соң, Алматы қаласына жоғары оқу орнына оқуға аттандым. Жаңа орта, жаңа өмір, жаңа достар. Түнгі клубтар, отырыстар, ішімдіктер, мейрамханалар жалпы айтқанда жастық шақ. Бірақ дінге деген көзқарас өзгерген жоқ. Асет деген досым екеуміз әрдайым ислам діні туралы көп деген сұхбаттар жүргізіп отыратынбыз. Ол Атырау қаласынан болатын. Оның әке-шешесі намаз оқуына мүлдем қарсы еді. Күндердің күнінде Атыраудан 3 намазхан жігіт келетін болды, олар Асеттің жолдастары екен. Асет сабаққа келуін тоқтатты. Мен оның қал-жағдайын білгелі үйіне барған едім, үйіне кірсем сақалды 3 жігіт «ассаламу алейкум» деп сәлем берді. Оның ішінде Асет те бар. Ол да сақал қойып, шалбарының балағын қысқартқан екен. Мен аң-таң болып қалдым. Сосын мені өз орталарына алып әңгімеге тартты, әңгіме барысында Асет оларға менің дінге деген көзқарасымды айтып берді. Олардың біреуі менің басымнан сипалап менің дінге кіріп, намаз оқуыма өте қуанатынын айтты. Әңгіме барысында өлгендерге Құран оқып бет сипау, зиярат ету, келіннің сәлем беруі, бөтен еркектерге көрінуі мүлдем ислам дінінде тыйым салынғанын айтып берді. Бұлардың қай ағымда екенін мен ажырата алмадым. Маған олар «Жұмақ пен тозақ» деген  кішкентай кітапшаны оқуға берді. Мен оны қуана оқып шығып ислам дініне бір саты болса да жақындадым деп ойладым. 2003 жылы мен Асеттің үгіттеуімен намазға жығылдым. Әлгі үш жігіттің Асетке тастап кеткен Шейх Мұхаммед ибн Абдуль Уахабтың Ислам идеологиясы (ақида) атты кітабын оқып бітіргеннен соң, менің жүрегімде Құран оқып бет сипау (бағыштау) дұрыс емес деген көзқарас күшейе түсті. Сол жылы жазғы демалысқа шығып, Шымкентке қайттым. Менің намаз оқығанымды білген әке-шешем қуанып кетті. Бірақ менің теріс ағымда жүргенімді олар тез байқады, мен ет жемейтін болдым, харам деп есептедім. Мешітке жұма намазға бармай жүрдім. Теледидар көру харам, музыка (ахи) тыңдау харам дедім. Мұны естіп әке-шешемнің төбе шашы тік тұрды. Үйімде айтыс-тартыс, бүліктер күшейе түсті. Мен барынша сабыр етуге тырыстым. Сосын бұлай жүруге болмайды, діни білім алу керек деп шештім.
2006 жылы жүргізуші болып ұзақ бағытқа қатынайтын көлік жүргізушісі болып қызмет еттім. Қасымдағы жүргізуші намазхан бауырым еді, онымен діни көзқарасымыз сәйкес келетін. Ол менің білімге деген қызығушылығымды білгеннен кейін Сүлеймен деген білімі бар ұстазбен мені таныстырды. Мен оның қолында 1 жылдай дәріс алдым, әрдайым мені өзімен бірге алып жүрді. Мен оған көкейімдегі сұрақтарымды қойып қанағаттанарлық жауаптар алдым. Әке-шешемді тыңдау, құрметтеу, мәзһаб ұстану, салт-дәстүрді ұстану, ешкімді кәпірге яғни (такфир) етпеуді Құран-хадистен дәлел келтіріп берді. Қоғаммен жамағатпен бірге болуды өсиет етті. Оның айтқаны «әрбір адам бір мәзһабта болады» мәзһабсыз болу мүмкін емес деген. Көп ұзамай бұл кісі Қырғызстанға сапар шекті.
2007 жылы әлгі Алматыда Асетке келген 3 жігіттің біреуіне телефон арқылы байланысқа шықтым. Олардың біреуі Арман есімді бір жігіт өзінің Египет, яғни Мысыр елінде екенін мәлімдеді. Мен одан Мысырға қалай бару керектігін сұрап, сол жылы маусым айында Египет Мысыр еліне аттандым. Мысырда білім алып жүрген қазақстандық жігіттердің саны көп екен, әсіресе олардың басым көпшілігі батыс өңіріндегі Орал, Атырау, Ақтөбе қалаларынан болатын. Атыраулықтармен бір жыл көлемінде бірге тұрдым. Олардың ішінде «жиһад» мәселесін көп қозғайтындар бар еді. Ғаламтордан алынған бейнероликтерді көріп, пікір таластар күшейе бастады. Бұл бейнероликтерді көрудің нәтижесінде бауырлар екі топқа бөлінді. Бір тобы жиһад ету фарз (айн) міндетті, ал екіншілері фарз (кифая) міндетті емес деді. Мен осы екі топтың ортасында қалдым. Шынымды айтсам өлімнен қатты қорықтым. Өйткені адамға жан бір рет беріледі.
Мен уақыт өте келе ғаламтордан шықпай әлгі бейнероликтерді көріп әсерлене бастадым. Ауғанстан, Ирак, Шешенстанда орын алған қантөгістер маған қатты әсер етті. Олардың пиғылы мұсылмандарды өлтіру, тонау, намыстарын таптау болып көрінді. Менің өз басыма бейнероликтегі келтірілген хадис түрткі болды, роликте Пайғамбардан келген сахих хадис: «Кімде-кім таңертең тұрып мұсылмандармен ісі болмаса бізден емес» деп келеді.  Одан кейін кімде-кім Алла жолында соғысып өлсе сұраусыз, қабір азабы, тозақ отынан аман қалады екен деген уағыз маған қатты әсер етіп, менің жүрегімдегі күдікке нүкте қойылды. Осыдан кейін мен өзіме ұқсас, пікірлес бауырларды тауып жиһадқа баруға жол іздей бастадым.
Көп ұзамай 4 жігіт болып жол білетін Абу Хаттаб есімді Тәжікстан азаматымен таныстық. Енді мен өмірімдегі ең қиын сәттермен бетпе бет келдім.  Бара жатқан жерім соғыс, қан, өлім осы нәрселерге тап боламын ғой деп ойланып, қатты қиналдым. Әлгі 3 жігітке сендер менсіз кете беріңдер, мен бара алмаймын дедім. Кейіннен ойым онға, санам санға бөлініп, өксіп жыладым. Кеткен бауырларымды сағынып, олар өлімге бас тігіп жәннәтқа кетті деп өз-өзімді қорқақпын деп жек көрдім. Не керек өзімді жеңіп мен де 2008 жылы шілде айында Атыраулық Раймбек пен Сәрсен есімді екі жігітпен, әлгі тәжіктен Түркия және Иран елінде бізді күтіп алатын адамдардың телефон нөмірлерін алып сапарға шықтым.
Ауғанстанға барудағы мақсат - жаудың оғынан қаза тауып жәннәтқа сұраусыз кіріп, исламның бір парызын орындау. Алайда жиһад біз ойлағандай емес екен. Жиһад - үлкен машақат, қиындық.  Пайғамбарымыз (с.а.с) бір шайқастан қайтып келе жатқанда сахабаларына: «Біз кішкентай жиһадтан қайтып, ең қиын жиһадқа келе жатырмыз» деген екен. Неге дегенде? Нәфсімен жиһад бұл өте қиын жиһад, адам өз-өзін бір күнәдан тыю. Айталық зинақорлық, ғайбат айту т.б бұл ішкі рухани күрес бауырлар.
Күндердің күнінде біз сол айтқан соғыс жиһадына аттандық. Айналамыз тау, ағынды су, талдар төбеңде тікұшақтар ары-бері ұшып одан сайын қорқу салады. Маған қиын болғаны сол таулар мен суларды кешіп өту болды. Неге десеңіз? Жоғарыда айтқанымдай барлық нәрсе нәфсіге келіп тірелді. Рухани дайындық болмаса әрбір басқан қадамың ауыр келеді, бірге келе жатқан бауырыңа ашуланасың, күн суық, түн қараңғы ештеңе жақпай кетеді. Бірақ жүректе жастық жалын ұрып тұр. Мен бір-екі қақтығысқа қатыстым.
Менің ең соңғы қақтығысым 2012 жылы болды. Себебі мен тұтқынға түстім. Мені тұтқынға алған Американың әскерилері мен ауған ұлттық әскерилері. Мені ұстаған жерімде ауған әскері келіп әңгімеге тартты. Ол өзбек ұлтынан еді. Маған қайдан боласың, бұл жерде не істеп жүрсің? – деп сұрақтың астына алды. Мен Қазақстаннанмын, соғысуға келдім дедім. Ол сен білесің бе мен де мұсылманмын ғой деді. Сөйтіп менен намаздың парыз бен сүннеттерін сұрай бастады. Ол мені мұқият тыңдағаннан кейін: «Сені Құдай сақтаған екен. Бұл сенің соғысың емес. Бөтен елдің саясатына араласпа» деді. Таңғы 05.00 тен түнгі 21.00-ге дейін нәр татпай әскерилермен бізден қалған адамдар мен жасырылған оқ-дәрі мен зымырандарды іздеумен әлек болды. Біз 16 адам болып келгенбіз, оның 15 өліп тек өзім аман қалдым. Американың әскери базасында 2 жыл тұтқында болдым. Сол 2 жыл ішінде көрмегенім қалмады тергеу, сұрақ-жауап, суық абақты, бірақ бір қуанғаным 5 уақыт намазыма тимеді. Мен сол абақтыда ауған әскерилерінің намаз оқып, сақал қойып, «Ассаламу алейкум» деп маған сәлем берулері, Құран Кәрімді жатқа білетін қариларды көргенде көзіме жас толып өксіп жылаған күндерім болды. Неге десеңіз, мен мұсылман еліне барып адасқан басыммен, ешнәрсені түсінбестен, Құранның аяттарын, Пайғамбардың хадистерін өзімше оқып түсінбей қараңғылықта қайдағы жоқ біреулердің құйтырқы саясатына қолшоқпар болғаныма өкіндім. Осыдан кейін мені Алла Тағала кешіреді ме? деп өзімді іштей кеміріп жей бастадым. Кезінде 2007 жылы Сүлеймен ұстазымның айтқан сөзі есімнен кетпей тұр, ол маған: «Әй, Фараби! Сен үйдің кірпішін қалап алмай, асығып шатырына ұмтыласың. Біраз сабыр ет, сенің айтқаның «жиһад» емес, біреудің құйтырқы саясаты, соның құрбаны болып қалма» деп өсиет еткен еді.
2 жылдан кейін, яғни 2014 жылы 4 тамыз күні мені арнайы американың әскерилері басшылығында ұшақпен тікелей Ауғанстан жерінен туған өлкем Шымкент қаласына алып келді. Мен Шымкент қаласы ИЧ–167/3 мекемесінде жазамды өтеудемін. Имам-теолог тарапынан терроризм, экстремизм, Абу Ханифа мәзһабы, дін мен салт-дәстүр тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қандай статьямен келсең де бұл мекемеде діни көзқарасы теріс болған экстремизм – терроризм болсын бәріне бірдей тең қарайды. Неге дегенде? Оңтүстік өңірі әрқашанда дінге жақын, қонақжай, салт-дәстүрге берік.
Тағы бір айта кететін бір жайт, менің мұндай адасуымның себебі қазақтың тарихын білмеуімнің себебі еді. Не? Кімнен? Қалай? дінді үйрену керектігін білмедім. Нәтижесінде мен осындай жағдайға тап болдым. Ал менің бұрынғы болмысым, ұстанған бағытым уаххабилік, салафиттік көзқарас болды. Бұл екі айтылған бағыт ата мен баланы, туыстық қарым – қатынасты бұзады.
Біріншіден адамды такфир ету (кәпірге) шығару ата – ананың, туыстардың намаз оқымауын себеп етіп, олармен бір дастарханда отырмау, үйдегі жас келіннің үлкендерге сәлем беруін ширк деп, салт – дәстүрге сай той–домалақтар өткізу, музыкалық аспаптарда ойнау т.б.
Екіншіден ол қоғамға жалпылық кері әсерін тигізу ұлтқа оның құндылығына, Конституциялық бағытқа қарсы бағытталған яғни (шариғат) уаххабистік идеологияны орнату, жалпылай айтқанда іріткі салу сияқты кереғар ағымдардың алдын алу. Мен өзімнің осындай жағдайыма қуанамын және ашынамын. Куанғаным бұл мекемеде 10 ай ішінде менімен дұрыс жүйелі түрде сабақтар жүргізілді, шынын айтсам бұрынғы ойымнан қайту маған өте ауырға соқты, менімше әрнәрсеге уақыт керек екен. Бұл деген білім ізден, қай жерден қате кеттің соны тап деген сөз. Пайғамбарымыз айтқандай: «Жәннәт аналарыңның аяғының астында». Мен өз басым шешемді ауыр халде тастап Ауғанстанға жиһад деп кеттім, нәтижесінде береке таппадым, тек шешемнің 2-топтағы мүгедек болуына себеп болдым. Алла Тағала осы істеген күнәләрым мен қателіктерімді кешіре гөр деп сұраймын. Алла күнә істеп, кейін оған тәубе еткендерді жақсы көреді.
Мен осы мекемеде отырып дәстүрлі бағытымыздағы Имам Абу Ханифа мәзһабында діни сауатымды арттырудамын. Кейінгі өсіп келе жатқан жастарға айтарым, елмен бірге болып, әртүрлі кереғар ағымдардан сақтаныңыздар. Ғаламторға көп көз салатын бұрынғы пікірлес ахи бауырларыма айтарым, біреудің құйтыртқы саясатына ілеспей, білмегендеріңізді жергілікті имамдардан сұраңыздар, дүние мен ақыретіңізді ойлаңыз, адамға жан тек бір рет қана беріледі. Осы жазған мақаламдағы сөздер бір мұсылманның күнә істемеуіне себеп болса нұр үстіне нұр болар еді. Алла Тағала баршамызды тура жолдан тайдармасын, амалдарымызды қабыл етсін, біліп – білмей істеген күнәләрімізді кешірсін дегім келеді.

 

Ф.А.Рыскулов 
ИЧ – 167/3 мекемесі

0 пікір