Сыбайлас жемқорлық – ар алдындағы қылмыс
Сыбайлас жемқорлық – ар алдындағы қылмыс
31.05.2018
137
0

Сыбайлас жемқорлықты жақсы іс деп атайтындар ел ішінде жоқтың қасы шығар. Мемлекетттік қызмет атқарып жүргендер де, жұртпен қатар несібе теріп, отбасын асырап жүрген қарапайым адамдар да бұл әрекетті жақсы деп айтпайды.  Алайда мемлекет ұсынған лауазымдық дәрежесін қара басының мүддесіне қолдана отырып осы «жақсы емес іске» араласып жүрген тұлғалар бүгінде жоқ дей алмаймыз. Жыл сайын мыңдаған адам жемқорлық қылмыстары үшін жауапқа тартылып жатыр. Жемқорлықтың қоғам мен мемлекетке әкелетін зардаптары жайлы қаншама сөздер айтылып, неше алуан мақалалар да жазылып жүр. Осы салада жүйелі жұмыс жүргізу үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттік Төрағасымен  «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша 2018 жылға арналған кешенді жоспары» да бекітілді. Бірақ осынау бір жебір қылмыс толастайтын түрі байқалмайды. Сонда келешегімізге зиян келтіріп, тамырымызға балта шауып отырған осы бір кесірдің себебі неде?  Жоқшылық па? Тоқшылық па? Әлде мәжбүрлік пе? Жазылмаған заңдылық па? Осы жөнінде ой-пікір өрбітпекпіз.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған  2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталған жолдауында айрықша көтерілген мәселе сыбайлас жемқорлықпен күрес пен заңның үстемдігіне қатысты болатын. Соңғы 3 жылда жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталғаны, сол уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелгені қалың жұртқа паш етілді.
Жалпы, сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні анық. Ең бастысы - адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

Жалпы, мамандар бұл қылмысты үш ірі топқа жіктеп қарастырады:

Корпоративті сыбайлас жемқорлық – капиталдың елден шығарылуы, салық төлеуден жалтару, кәсіпкерлігін жүргізу үшін шенеуніктерге пара беру, үстемақы алу үшін монополиялық жағдайды пайдалану, келісім, сараптама мен сертификат алу үшін пара беру.
Саяси сыбайлас жемқорлық – ақша алып, мемлекеттік сатып алудың бюджеттік қаржысын заңсыз бөлу, түрлі мемлекеттік қызметтердің орындалуын тездету үшін пара алу, түрлі заңбұзушылықтарды жасыру үшін ақша бопсалау, қаржының депозит не облигация ретінде қаржы ұйымдарына жіберілуі, инвесторларға заңсыз түрде қолайлы жағдай жасау.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық – түрлі әлеуметтік жеңілдіктер мен қызмет үшін тұрғындардан пара алу, заңның бұзылуын жасыру, түрлі рұқсатнамалар алу.
Бұл, әрине, жемқорлықтың ең үлкен тармақтары. Одан әрі бұл аталғандар тағы да тарамдалып кете береді.
Негізінде, әркім де өзі өмір сүріп отырған қоғамның әділетке құрылуын, тұрақты түрде дамуын қалайды. Мысалы, жастар өз білімі мен біліктілігіне сай қалаған оқу орнында білім алса,  ауруға шалдыққандар дәрігерлерден мемлекеттің толыққанды жәрдемін алса, шаруалар мен диқандар өздеріне бөлінген тиісті жәрдемақыларға қол жеткізсе, қысқасын айтқанда, халық пен биліктің арасында өзара сенім орнаса, өркениеттің ең үлкен көрсеткіші осы болса керек. Ал егер аталмыш көмек түрлері «бармақ басты, көз қыстымен» өз иесіне жетпей, ортан жолда қалып қойса, қалың жұрттың мемлекетке деген сенімі азаятыны сөзсіз.
Осы ретте жемқорлық жол берілген жағдайда кім ұтады, кім ұтылады деген заңды сауал туады. Бір қарағанда, жең астынан ұзатылған кір ақшаның себебімен біреулер өз қара бастарының жағдайын жақсартып, ұттық деп есептеуі ықтимал.  Алайда бұл әрекеттен олар уақытша жетістікке жеткенмен ұтқан жоқ ұтылды. Өйткені жемқорлықтың субъектісі де, объектісі де өздері өмір сүріп жатқан қоғамды қалыптастырушылар. Әлеуметтану ғылымындағы «әркім өз қоғамының баласы» деген қағиданы ескерсек, олар өздері атсалысып құрып жатқан қоғамда өмір сүреді. Мысалы, бір ауданда автокөлік жолдары дұрыс жөнделмесе, медицина қызметі дұрыс көрсетілмесе, жастар өздеріне тиесілі мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана алмаса, мұндай қоғамда өмір сүрудің зардаптары жемқорлыққа қатысы бар адамдардың өздеріне де тиері сөзсіз. Өйткені олар да, олардың бала-шаға, үрім-бұтағы да осы қоғамнан қашып кете алмайды. Біз бәріміз өзіміз құрып жатқан бір қоғамның «балаларымыз».
Осы ретте халық арасында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда «мен бай болмасам да, елім бай болсын» деген ұлттық принциптің маңызы үлкен.
Кезінде Бөлтірік шешен қолындағы бар малды көрші-қолаң, ағайын-туыстарына түгел үлестіріп бергенде, бір манап тұрып: «Уа, Бөлтеке! Малдың бәрін таратып бердіңіз, өзіңіздің де келім-кетім қонақтарыңыз бар емес пе? Өзіңізге де бір-екі тоқты-торым қалдырсаңыз етті» деп ой білдіреді. Сонда шешен: «Бұл халық менің кедей екенімді білмейді дейсің бе? Маған қонақ келсе, мына сендер күтесіңдер. Өз алдыма мал жиып қайтейін?» деп жауап қайырған екен. Міне, бұл әңгіменің астарында өзінен бұрын елінің бай болуын қалайтын ұлы мұрат жатыр. Біздіңше, осындай ірі бабалардың бүгінгі ұрпағы да осы мұратты ұмыт қалдырмағаны жөн. Өзіміз кедей болғанмен, еліміз бай болса, сол бай елдің шарапаты бәрімізге де тиетін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудың тағы бір тетігі ар-ұят механизмін іске қосу. Өйткені қазақ халқының арғы-бергі тарихында «күнә», «қылмыс», «арам» деген ұғымдарға қарағанда, «арыңа сын», «ұят болады» деген механизмдер әлдеқайда тиімді нәтижелер беріп отырған.
Кезінде Абай атамыз көптеген даналық ойларында ар мен ұят категориясын алға тартады. Мысалы, отбасын құрғысы келетін жас жігіттерге: «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан ғапыл қалма!» деп кеңес береді. Неге мұнда алдымен ар айтылады? Өйткені әр адамның жүрегінің ең түбінде жататын ар-ұждан безбені ешқашан алдамайды. Ақты ақ, қараны қара деп бағалап береді. Арды шын ойлаған адам қылмысқа бармайды және оған қарауылдың да қажеті жоқ. 
Арды жаннан артық қадірлейтін ұлттық қасиеттің  де атадан балаға мұра болып келе жатқаны тектен тек емес. Сондықтан болар, Абай хакім тағы бір өлеңінде: «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор» деп  өсиет айтады. Міне, ар мен ұяттың бар болуын кісілікке, үлкендікке, зор деген сипатқа қосады. Арға дақ түсіріп, ұятынан ажырап қалған кісі абыройлы жандардың қатарына қосылмайды деген сөз.
Құрмысы бидің «Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс, ағаңды алдау – анаңның алдында қылмыс» деген қанатты сөзі де өте терең мағынаны қамтиды. Міне, осы тұрғыдан келгенде, сыбайлас жемқорлықты да ар алдындағы қылмысқа жатқызсақ қателеспейміз.
Енді мәселенің тағы бір қырына келейік. Жемқорлықтың бір себебі жалақының аздығы деп қарайтындар бар. Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Өйткені өркениетті елдерде дамудың көрінісі әрбір маманға бөлінетін жалақының көптігімен, ұзақ өмір сүру көрсеткішімен және туылған бала санының молдығымен өлшеніп жүргенін байқаймыз. Кейбір әлемдік тәжірибелерде жалақыны қызметкердің атқарып отырған жұмысына ғана емес, оның өзінің және отбасының материалдық қажеттіліктеріне де қарай қарастыру жағы орын алған. Әрине, бере берсең, адам қажеттілігі шексіз ғой деген сұрақ тууы мүмкін. Мұның да жауабы дайын. Бұл ретте адамдарға  күнделікті керек болатын биологиялық, әлеуметтік қажеттіліктерді ескеріп, ал ысырапшылдыққа жол ашатын паразиттік қажеттіліктерді назарға алмау арқылы мәселені шешуге болады.
Сөзімізді қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың үш тазалық туралы даналығымен түйіндейміз: «Біріншіден, қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – Қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ -  Арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген де, тіптен ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – Жүзім таза!».

 

 

Сапарбаев Самат Айдарханұлы
Оңтүстік Қазақстан облысы 
дін істері басқармасының басшысы

0 пікір