Көтере алатын жүк
Көтере алатын жүк
26.06.2018
67
0

Қамшының қысқа сабындай келте бес күндік бұл дүние пенденің өз-өзін танитын һәм өзінің қаншалықты құл бола алатынын Хақ Тағалаға көрсететін сынақ алаңы. Адам баласы бұл өмірге бейнеттеніп сол бейнетінің зейнетін осы жерде көру үшін келген жоқ. Ғұмырдың келтелігі де тәттілігі мен қатар ащылығы осының дәлелі.
Құранда бір аятта Алла Тағала: «Біз адам баласын қиыншылықтар ішінде жараттық» дейді. Алла Тағала осы тар жол тайғақ кешуді тектен текке беріп отырған жоқ. Егер Жаратушы пендесіне осы ауыртпалықтарды бермегенде онда ол екі түрде қалар еді. Оның біріншісі егер адам бұл дүниеде сынаққа түспесе періштелер тәрізді бір деңгейде қалып қояр еді. Тек сынақ арқылы ғана жақұт пен бақыр екіге айырылмақ. Сондай-ақ егер адамға өзіне қажетті ауыртпалықтар бермесе онда адам баласы жаратылыс деңгейінде ғана қалып қоймай азғындап жыртқыштан да асып кетер еді.
Сондықтан да адам баласы Хақ Тағалаға дұға еткенде өзіне көтере ала- тын жүкті ғана сұрауы қажет. Және өз еркінде болса көтере алатын жүкті ғана арқалағаны дұрыс. Кейде дінге жаңа келген бір мұсылман Жаратушыға бірден жақындамақ болып бірден өзіне көп құлшылықты жүктейді. Бірақ көп ұзамай сол жүктің астында қалады.
Бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйіне үш адам келіп оның қалай құлшылық жасайтынын сұрайды. Хақ пайғамбардың қалай құлшылық жасайтынын естіген олар оны өздеріне азсынып: «Пайғамбардың (с.ғ.с) жанында біз кімбіз? Оның өткен және болашақтағы барлық күнәлары кешірілген» деді. Сосын біреуі тұрып: «Мен өмір бақи түнімен намаз оқимын» деді. Келесі біреуі: «Мен өмір бақи күнде ораза ұстаймын» деді. Үшіншісі тұрып: «Ал мен өмір бақи үйленбеймін» деді. Артынша Пайғамбар (с.ғ.с) келді де оларға: «Осылай да осылай деген сендерсіңдер ме? Алла Тағаланың атымен ант етейін! Алладан ең көп қорқатын және Оған қарсы шығудан ең қатты сақтанатын менмін. Сөйте тұра мен кейде ораза ұстап кейде ауыз бекітпеймін. Намаз оқимын бірақ ұйықтаймын және әйелдермен үйленемін. Егер кімде-кім менің сүннетімнен бет бұратын болса онда ол менен емес» деп ескерту жасайды (Бұхари, Муслим).
Міне, Алла Тағала адам баласын жоғарыда айтылғандай қиыншылықтар ішінде жаратқан. Бірақ бұлар көтере алатын қиыншылықтар. Егер де әлгі сахабалар осыларды өздерінің мойындарына алғанда көп ұзамай жеңіліп қатты қиыншылық тартар еді. Айтқандай-ақ бір сахаба Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құзырында «күн ара ауыз бекітемін» деп сөз беріп кейіннен өмірінің ақырында әбден қартайған шағында өзі берген сөзіне қатты өкінеді. Өйткені ол Пайғамбарымызға (с.ғ.с) осылай ұстаймын деп бекіттіріп алған болатын.
Құлшылық сынағы осылай болғанда өмірде басқа сынақтардың алмағы мен салмағы қандай болмақ?! Өмірдің әр бір қалтарыс бұлтарысында әр түрлі сынақтар бар. Алла Тағалаға әр пендеге өзіне лайық сынақ берген. Өздеріне жетерлік ризық, берекет, пай берген. Міне, адамның бұл дүниеде өздерін бақытсыз санауы сол берілген пайға ырзалық танытпауы. Һәм Алла Тағала сол берілген үлестерді пенделеріне лайық болғаны үшін,сынақ үшін берген. Мысалы бір адамға әсем дауыс беріп сол арқылы жұлдызы жанып елдің атақты әншісі болады. Енді біреу ілімге құштар болып әйгілі ғұлама болады. Біреуіне байлық берілсе, біреуіне кедейлік беріледі. Біреуге денсаулық берілсе, біреуге науқас, кембағалдық беріледі. Егер де Алла Тағала жер бетіндегі осы пенделеріне осыларды беріп мәңгі бақи осы дүниеде қалдырып қойса онда шамасы шағымдануларына болар еді. Алайда бұл дүние – жұмақ емес қой. Бұл жалған – өмірдің нақты өзі емес қой. Бұл дүние – нағыз бақыт пен баққа, шынайы өмірге жетудің жолы ғана ғой. Мысалы, спорт саласында барлық спортшылар өз саласында чемпион болуға тырысады. Біреу шахмат арқылы, енді біреуі балуан болып күрес арқылы чемпион болады. Ақырында елге оралғанда сол әр түрлі саладағы чемпиондар барлығы бірге бір қатар тұрып бірдей марапатталады. Шахматист «мен неге балуан секілді күшті емеспін» демейді. Сол сияқты әркім өзіне берілген үлес арқылы өмірдің додасына түседі. Біреу кедейлігі арқылы енді біреу байлығы арқылы аламан бәйгеге түседі. Алайда, осы кезде біреу өзіне берілген пайға разы болмай өзгенің пайына жармасса онда сол пай өзіне шақ келмегендіктен әлгі шахматистің шахматын тастап күреске түскені секілді өмірдің додасында шаң қауып жеңіліске ұшырайды.
Ілгеріде хазіреті Мұса (ғ.с.) сахарада келе жатып ұзақтан денесі ғана көрініп тұрған бір адамды көреді. Хазіреті Мұса әлгі адамға жақындап келіп қараса әлгі адамның әуретін құмға көміп отырғанын байқайды. Хазіреті Мұса әлгі адамнан мұның мәнісін сұрайды. Сонда әлгі кісі:
– Ей, Пайғамбар несін сұрайсың үстіме тұрмақ әуретімді жабар киім жоқ. Сондықтан осылай құмға жауып отырған халім бар. Сен қолыңды жайып Алла Тағалаға мен үшін дұға етіп жіберсең. Хақ Тағала маған күн көрісіме жетерлік қана дүние берсе екен. Болмаса кедейлік мені әбден шаршатып титықтатып жіберді, - дейді. Сосын хазіреті Мұса қолын жайып дұға етеді де Хақ Тағала әлгі кедейге мал-мүлік береді.
Көп ұзамай хазіреті Мұса тағы да жолаушылап кетіп бара жатып әлгі адам тұратын ауылдан өтіп бара жатып бір топ адамның үймелеп тұрғанын байқайды. Жандарына тақап қараса орталарында әлгі сахарада көрген кедейдің тұрғанын көреді. Сосын қасындағы адамдардан:
– Бұл не жағдай? Бұл адамға не болған? деп сұрағанда олар:
– Несін сұрайсыз? Мына адам шарап ішіп мас болып, ел арасында төбелес шығарды. Ақырында өзімен төбелескен бір адамды өлтіріп тынды. Енді міне «қанға қан, жанға жан» деп тиісті жазасы берілгелі жатыр, - деп жауап береді.
Хазіреті Мұса осыдан соң Алла Тағаланың әділдігіне тағы да терең иман келтіріп, дұға еткені үшін тәубе етіп: «Егер Хақ Тағала құлдарына ризықты артығымен берсе онда олар жер бетінде небір азғындықтар жасайтын еді» деген аятты оқиды.
Иә, қазіргі кезеңде де осының мысалдары толып жатыр. Кедей болып жүріп өсіммен байып соның салдарынан бүкіл туыс пен жақындарынан безіп асқақтап ақырында ісі сотты болып қарызға белшесінен батып түс көргендей қайта оянып істеген ісіне пұшайман болып жүргендер қаншама десеңізші!..
Әрине, бұл жерде адам кедей болса «кедей екенмін» деп қол қусырып қарап отыру дұрыс емес. Қолындағы кетпені мен тоқпағымен Хақ Тағаланың қақпасын ұрып дұға ету басқа бір мәселе. Біз бұл жерде Хақ Тағаланың ризығы пен пенделерге берілген пайы арқылы сынақты айтып отырмыз. Сондықтан да Бақара сүресінде айтылғандай: «Раббым! Бізге шамамыз келмейтін жүкті артпа!» деп дұға еткен абзал.

 

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
теология
ғылымының докторы, профессор

0 пікір