«Бізге көбінесе мейірімділік жетіспейді»
«Бізге көбінесе мейірімділік жетіспейді»
27.04.2018
224
0

Қазір қоғамымызда дінге қатысты көптеген түсініспеушілік түйіткелдері орын алуда. Сондықтан болар, жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетуі, өздерін-өздері өлімге қиюы, мектеп оқушыларының хиджаб киюі, медицинаны мойындамауы, салт-дәстүрімізге сызат түсіру сияқты келеңсіздіктер ара-тұра орын алып жатыр. бұған көз жұма қаруға болмайды. Дінді негізге алып, қоғамды бөле-жаруға әрекеттенушілерге әрекет керек, түсіндіру жұмыстары қажет. Осыған орай, біз ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің директоры Ноғаев Асылбек Әуезханұлынан арнайы жолығып, жоғарыдағы мәселелер бойынша ой-пікір бөліскен едік. 

- Асылбек Әуезханұлы, әңгімеміздің басында өзіңіз туралы, еңбек жолыңыз жөнінде хабардар болып, негізгі сұрақтарға содан кейін көшсек, қалай қарайсыз?

Келісемін. Мен 1979 жылы маусымның 15-інде сол кездегі Сайрам ауданына қарасты Бадам елдімекенінде дүниеге келдім. Осындағы №38 Циолковский атындағы орта мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы Сауд әл-Баптин әл-Кувейти атындағы Шығыстану институтына (қазіргі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті) «Қазақ тілі, әдебиеті және ағылшын тілі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, үздікаяқтап шықтым. Біздің бақытымызға қарай, сол кездері Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азияға танымал профессор, академиктер, Орта Азияға танымал, түркі халықтарының тұтқасы бола білген Мейірбек Оразовтың жетекшілігімен дипломдық, магистрлік жұмыстар қорғап, тәжірибе арттырдымӨзге де білікті ұстаздар өмірлік дәрістер берді. Сол кісілердің арқасы болар, ғылымның не екенін, зерттеу жұмыстарының нәтежиесін, шет тілдерін үйренудің пайдасын түсіндім. Магистрлік диссертацияны қазіргі Қазақ-Түрік университетінде қорғап, Қазақ тілі бөлімі бойынша, арасында түрік, араб, ағылшын тілдерін қосымша меңгеріп шықтым. Он жылға жуық жоғары оқу орындарында ұстаздық еттім, кафедра басқардым. Оқу-әдістемелік бөлімдерге жетекшілік жасадым. Дін саласындағы еңбек жолым 2009 жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы «Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс» бөлімінде референт болудан басталдыСол мекеменің жазба жұмыстары бойынша бірсыпыра еңбек етіп, тер төктім. 2009-2012 жылдары Ораза айында «Қазақ» ұлттық радиосында «Даналық ойдан дән ізде!», «Отбасы шаттығы», «Ислам құндылықтары» секілді діни хабарлар жасапжүргіздім. «Қазақ» радиосының сол кездегі директоры Ғалымжан Мелдешов: «Сіздің уағыздарыңызда Абай да, Шәкәрім де, ғылым, философия, психология да, халықтық салт-дәстүр де бар екен. Осындай хабарлар бізге қажет» деген соң 3 жыл бойы әр жұмада осы радио арқылы қалың жұртқа уағыз-насихат жасадым. Сол дайындықтарымның негізінде «Даналық ойдан дән ізде», «Ізгілік қалсын әр ізде», «Жанұя жарасымы» атты 
кітабым жарық көрді. Кітаптарым лезде өз оқырмандарын тауып, жақсы пікірлер айтылып жатты.

2012 жылы ҚМДБ «Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, жұмысым еселене түсті. Осы жылы Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы қызметіне келдім. Елбасымыздың: «Бұл мешіт тек құлшылық ететін орын ғана емес, мәдениеттің, өркениеттің рухани орталығы болуы тиіс», - деген сөзін негізге ала отырып, мешіттің рөлін көтеруге тырыстық. 2013 жылы мешіт ішінен «Хикмет» телерадиосының негізін қаладық. Сол кездегі мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлының қажырлы еңбегінің арқасында Америкадан аудиожәне бейне студиясының техникалық құрал-жабдықтарын алдырдық. Тиісті мамандарды жұмылдырыпмұсылмандық пен ұлттық құндылықтар жөнінде көптеген бағыттағы аудио және бейне өнімдер шығардықСодан беріғаламтор бетінде «Хикмет» телерадиосының сан мыңдаған көрермендері мен тыңдармандары қалыптастыАлматы, Астана қалаларында жүргенімде «Муфтият.кз», «Муслим кз» діни ағарту сайттарына жетекшілік жасадымҚысқасы, сол жылдары кітап арқылы да, ғаламтор арқылы да халыққа рухани азық боларлық дүниелер жасаумен айналыстық. Имам, молдаларға арналған түрлі кітаптар шығарылды. Діни уағыздармен бірге қазақтың ұлы ойшылдарының мол рухани мұрасы да жұртшылыққа жол тартып отырды. 2014 жылы Шымкентке оралып, «Асыл сөз медиа» шығармашылық орталығында еңбек еттім. Облыстағы, қаладағы әкімдіктермен, орталықтармен байланысып, әр түрлі іс-шаралар, конференциялар, семинар-кеңестер өткізіп тұрдық. 

- Басқармаға қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығына» қалай келдіңіз, ұсыныс қай тараптан болды?

Атқарылған жұмыс еш уақытта жерде қалмайды ғой. Өткізген семинар, конференцияларым, бұл саладағы тәжірибем мен ұстанымдарым облыс әкімдігінедін істері басқармасына жеткен болуы керекСөйтіп басшылыққа менің кандидатурам ұсынылып, қабыл етіліпті. Маған бұл ұсыныс жасалғанда, өз келісімімді бердім. Бірақ алда қыруар жұмыстар, талай-талай асулар мен белестер күтіп тұрғанын жақсы түсініп, саналы түрде келдім. Бірінші кезекте ұжымдағы мамандарыммен дұрыс, адами қатынас орнатуға тырыстым. Ол ойыма қол жетті. Орталық қызметкерлерінің бірлік-ынтымағының арқасында осы аз уақыт ішінде бірнеше ірі іс-шараларды еңсердік. Облыстағы барлық аудандардың діни ахуалын талдадық. Діни карталарын жасап шықтық. Бірнеше мекемемен келісім-шартқа отырдық. Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне кеңейтілген семинар өткізілді. Бейнероликтер жасадық. Осылардың арасында қала, аудандардағы көптеген мекемелерде жалпы және жеке кездесулер өттіОсы жуырда ғана бүкіл Шымкент жастарын қатыстырып, арнайы эстафеталық флешмоб ұйымдастырып, өткіздік. Оған облыстағы 11 жоғарғы оқу орындарының 1300-ден астам студенттері белсене қатысты. Эстафетаны қабылдаған университеттердің дайындықтары өте жоғары. Осы ретте, осы іс-шарамызға қолдау білдірген университеттердің басшылықтарына, жастарға, олардың жетекшілеріне, өнерпаздарға, белсене атсалысқан өзге де азаматтарға алғысымды білдіремін.  Жастардың діни теріс ағымға қарсы екенін, ондай жат әдетті қолдамайтындықтарын өзгелерге сездірдік. Жас мамандарымыз түрлі бағытта зерттеу мақалаларын жазып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да түсінік жұмыстарында жүргізуде. Міне, осының бәрі ынтымағы жарасқан ұжымның ғана қолынан келеді.

- Дін – қоғамның ажырамас бөлігі екені рас. Осы мәселе төңірегінде жастарға қандай түсінік, бағыт-бағдар керек деп ойлайсыз?

- Рас, қазіргі кезде дін мәселесі өткір тақырып болып тұр. Айналамызға байыптап қарар болсақ, бізге керегі бейбіт заман, тыныштық екенін түсінеміз. Өсірген перзенттерінің көз алдында аман-есен ойнақтап жүргені – әрбір ата-ананың арманы. Ендешеосы тыныштықтың қадірін білу аса маңызды шаруа. Өркениеттің өзегі деп өзге елдің жақсысын өзімізге жапсырудың қажеті бар ма? Қазақ халқы іргелі де, дамыған жұртБұл елдің арғы, бергі тарихында үлкен өркениет болған

Қазақтың салт-дәстүрлерін теріске шығарып, ғұрыптарын мойындамай жүрген жастар шыға бастады ғой қазір. Бұл жайлы ой-пікірлеріңіз қандай?

Дінді әлемдік деңгейде зерттеген уақытта Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін дәл қазақ халқы сияқты терең түсінген ел жоқ секілді көрінді маған. Әрине, тым асқақтата айтылған сөз секілді естілуі мүмкін. Алайда шындығында солай. Тіпті, бұл жағынан біз бүгін бүкіл мұсылман жұртшылығына үлгі бола аламыз. Мысалы, бір хадисте «Аллаға ақырет келтірген адам, қонағын қадірлесін» деген бар. Қонағын қадірлеу деген бұйрық бар, бірақ қалай екеніайтылмаған. Осыны әр ұлт, әр халық өзінше атқаруға тырысады. Ал қазақ халқының қонақ қадірлеуі олардікіне мүлдем ұқсамайды. Қонағын Құдайындай сыйлап,  төрден орын беру, мал сойып, жөн сұрамай-ақ 3 күн күту қай халықтың салтында бар? Бес баласы бар қазақ малын алтыға бөліп, алтыншысын қонақтың еншісіне балаған. Оны қонақ сұраса алып кетеді, алып кетпесе жеп кетеді. Қазақ өзі жемеген асын қонағына сақтайды, астындағы атынан түсіп, қонағына мінгізеді. Мұндай мәрттік қай ұлтта бар? Басқа да асату, сарқыт сияқты деген дәстүрлеріміз ше? Бұлар да терең өркениеттің нышандары емес пе? Қасиетті Құранда:«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер» деген де аят бар. Сонымен қатар жомарт болуға шақыратын үндеулер де кездеседі. Қазақ халқы  мұны да өзіндік салт-дәстүрімен шеше білді. Мал сояды, айналасындағыларға қонақ кәде жасайды. Қалған асты жастарға асатады. Келіндеріне сарқыт деп береді. Ғажап емес пе? Бұл жерде әрі ысырапшылықтан қашу, әрі жомарттық. Жомарт болыңдар, ысырап болмасын деген екі талапты да халқымыз асқан даналықпен өз орнына қоя білді.  Қысқасы, баланың дүниеге келіп, өмірден өткенге дейінгі ғұрып-әдет, салт-дәстүрлердің барлығы дінімізге, өркениетімізге байланысты. Осының барлығын жастарымыз жақсы білуі керек, әлемдік жаһандануда жастарымызды сақтап қалар құндылықтар, міне осы салт-дәстүріміз, өркениетіміз. Сондықтан біздің орталық бұл саланы да назарынан тыс қалдырмайды.

- Ал, мектеп оқушыларының хиджаб киіп, оранып-қымтануларына қалай қарайсыз?

- Біз зайырлы мемлекет қатарындамыз. Мұндай елде білім алудың да зайырлы сипаты болуы тиіс. Бұл талап Ата Заңымызда көрсетілген. Мектеп оқушылары біркелкі форма кию талаптарын орындап жатса, біздің де айтарымыз жоқ. Әйтсе де, мектеп талаптары орындалмай, мектеп басшылығы мен ата-аналар арасында түсініспеушіліктер орын алып жатқанжағдайлар да кездесіп қалады. Бізге де кейде мұғалімдер, ата-аналар хабарласып: «Хиджаб киетін, орамал тағатын қызымыз бар. Айтқанға көнбейді, сөйлесіп беріңізші» деген өтініштер жасайды. Бұл дұрыс. Алайда «қызым  шашын қызылға бояп алды, келте юбка киеді, сөйлесіп көріңізші» деп бір де бір шағым жасаушы жоқБұл әлі де білім берудің зайырлылық сипаты халық дұрыс түсіне алмай жатыр деген сөз.Негізінде, орамал таққан қыздарға қойылатын талап мектеп формасын менсінбей, ашық-шашық жүрген оқушыларға да қойылуы шарт. Сонда оқушылар арасында тепе-теңдік болады.  Зайырлылық сипат қалыптасады.  Осы мақсатта Төлеби және Ордабасы аудандарында біздің орталықтың ұйымдастыруымен «Орта білім беру мекемелеріндегі зайырлылық қағидаттары» атты семинарлар өтті.

Мәселе орамал шештіруде емес, білім берудің зайырлы сипатын қалыптастыруда.

Сіздер өткізген жиындарға халық көп жиыла ма? Аудандардың қамтылу жағы қалай?

Бір ғана дерек бере кетейін, биыл облыс әкімінің тапсырмасымен және облыс прокуратурасының бастамасымен «жергілікті десант» деген үлкен жоба ұйымдастырылды. Сол жобасының 4-ші бағыты: «діни экстремизмнің алдын алу бағытында іс-шараны іске асыруды» бойынша өткен болатын. Міне, сол жоба аясында Сарыағаш ауданына қарасты 26 ауыл округте 88 жалпы және 124 жеке кездесу өтіп, 11481 адам қамтылды. Мақтарал ауданына қарасты 24 ауылдық округте 63 жалпы және 25 жеке кездесуөтіп 5947 адам қамтылды. 

Бұл кездесулерге елді мекен тұрғындары, мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары, колледж студенттері, мемлекеттік қызметкерлер, медицина саласының қызметкерлері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіт-филиалдарына келушілер, деструктивті діни ұйымдардың жақтаушылары, т.б. қатысты.

Ендігі бір нәрсе, біздің мамандардан жасақталған арнайы мобильді топ Мақтарал ауданы, «Жаңа жол» ауылдық округіне қарасты Фердауси елді-мекенінде әлеуметтік және діни ахуалына сараптау жұмыстарын жүргізіп қайтты.

- Асылбек Әуезханұлы, қазіргі кезде жастар арасында суицид яғни, өзін-өзі өлімге қию оқиғалары жиіліп кетті. Мұның себебі неде, алдын алуға қандай мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз?

- Қазақстан әлемде суицид бойынша төртінші орында тұр. Бұл мақтаныш емес, қасірет деп ойлаймын. Мұның себебін іздесек, біріншіден – біз жастардың жанын терең түсініп, олардың ішкі жан дүниесіне аса мән бере алмайтындығымыз. Ата-ана да қазіргі бала тәрбиесінен гөрі күнделікті күн көріс қамын көбірек ойлайды. Баламен бетпе-бет сөйлесу, олардың өмірге деген көзқарастарын зерттеу ата-ана үшін маңыздылығын жоғалтып барады. Одан гөрі серуендеуді, теледидардағы сериалдарды көруді дұрыс көретін ата-аналар жоқ емес. Екіншіденбала бойынан табылар білімсіздік. Мектепке барғысы келсе барып, барғысы келмесе көше кезіп, қыдыруды әдетке айналдырған балалар мектептің де, ата-ананың да назарынан тыс қалып жатады. 

Қазір ақпарат заманы. Әлемнің  кез келген нүктесінен қажетті ақпарат ала алатын технологиялар жеткілікті. Мұның да жастар үшін пайдасынан зияны көп пе дейсің. Инстограм, фейсбук, вконтакте, ватсап секілді әлеуметтік желілерге байланған жастарымыздың ілуде біреуі болмаса, әдеби кітап оқып, мәдени орындарға барып жүргендері кемде кем. Ата-ана ақылын тыңдамай, ұстаздарының кеңесін керек қылмай өскен бала қандай болуы тиіс? Өзімшіл, өркөкірек, мінезі шәлкес болып өспей ме

Тағы бір үлкен мәселе - бізге көбінесе мейірімділік жетіспейді. Әрбір ата-ана таңертең баласын мейіріммен оятып, жылы сөздерін арнап жатса, бойдағы қатыгездікті мейірім жеңген болар еді. Мейірімге қанбаған бала қатыгездікті тез қабылдайтынын ұмытпауымыз керек. Мейірім терапиясы дұрыс жұмыс жасаса, кез-келген түйіткілді шеше алатынын ғалымдар зерттеп, дәлелдеген. Әр бала мейірімге қанық болса, төңірегіне шуағын шашып жүреді

Жақында ғана суицид мәселесіне байланысты барлық мамандарымыздың басын қосып, арнайы семинар өткіздік. Жоғарыдағы мәселелер тілге тиек болды. Жалпы, бұл қасіретпен қоғам болып күресіп, тығырықтан шығар жолды таңдай білуіміз керек. Өмір деген қиналған сәтіңде қия салатын нәрсе емес. Қайта өмір сүру үшін күресіп, өзіңе ата-ағаңа, қоғамға пайдаң тиетіндей әрекет жасау керек.  

-Тағы бір келеңсіз көрініс, бұл – «Қарттар үйінің» көптігі мен ондағы өмір сүріп жатқан ата-аналарымыздың тағдыры. Төле би ауданында «Мүгедектер үйі» барын білеміз. Ондағы тәрбиеленушілер кәмелеттік жасқа толған соң «Қарттар үйіне» ауыстырылады екен. Қилы-қилы тағдырларды көріп отырып, көзімізбен жер шұқимыз. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

- Иә, жетімін жылатпаған, қарттарын қаңғыртпаған, жесірін жібермеген ел едік қой, бір кездері. Ата-анасының басқан ізін іздеп, сүюге зар болған, әкесін «жәннәтім» анасын «жұмағым» деп қадірлей білген бізге не болағанын түсінбей барамыз. Кез-келген үйдің қарты  - сол отбасының қазынасы, береке-бірліктің бастауы. Ата-анасының батасын алып өскен ұл-қыз бақыттың құшағына бөленеді, өзі де перзенттеріне көргенін істейді, дұрыс тәрбиелей біледі. Қатыгездік белең алып тұрған мына заманда әке-шешесін «Қарттар үйіне», бауыр еті баласын «Жетімдер үйіне» өткізіп, аса бір маңызды іс атқарғандай маңғазданған қандастарымды көргенде жердің тесігіне кіріп кетердей қысыламын. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» демекші, Құдайын да, салты мен дәстүрін, қазақы ұғымын тәрк етіп, тоғыз ай толғатқан анасын, өмірге әкелдірген әкесін «Қарттар үйіне» өткізген қатыгез ұл-қыздардың алдында ертеңгі күні өз перзенттері алдына келтірерін олар неге ойланбайды екен? «Әкеңе не істесең алдына сол келеді» дегенді неге ұмытады олар?

Иә, бізде мейірімділік, имандылық, құрмет деген кеміп барады. Бір кездері ұл-қызын осылай тәрбиелеген ата-ана кінәлі ме, әлде бұған да қоғамды кінәлаймыз ба, мұны әр оқырманның өз құзырына қалдырып, мұндай сұмдықтың алдын кесу жолдырын барлығымыз іздеген дұрыс.

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

- Еліме, жеріме адал қызмет ету. Бабалардан қалған сөз бар, «Кімге қарыздарсың?» дегенде «Елге қарыздармын» деген. Елімді ұлықтау, туымды жоғары көтеру менің қарызым да, парызым. Менің адам болып өсіріп-өндіргені үшін еліме, жеріме қызмет етуден жалықпаймын. Төріне шығарып, жақсы айтса да, етегімнен тартып жаман айтса да, ол – менің елім. Елімнің еркесімін, серкесімін. Құдайдың жаратқан бір пендесімін. 

- Уақыт бөліп, ашық сұхбатта бізбен сыр бөліскеніңіз үшін алғысымызды айтып, еңбектеріңіздің еселене беруіне тілектеспіз. 

- Рахмет!

 

Сұхбаттасқан:  Назипа Дарханбайқызы

0 пікір