Ел қадірін білейік!
Ел қадірін білейік!
18.10.2018
83
0

Мен Сапарбаева Г.С  1989  жыл  ОҚО  Кентау қаласында дүниеге келдім. Отбасында он жанбыз. Мен үйдің жетінші намысты, ержүрек биязы қызымын. Ата-анам мені шамасы келгенше асырап бақты. Тоқырау мен таршылық кездері менің алдағы армандарымды үзіп кетті. Қара нан мен қара суды тәубе етіп анама қол ұшымды беріп, ауыртпашылықты бірдей көтеріп, қазақтың тәрбиесінен  бойыма сіңірген, ұлттық санам мені ерте есейтті. Мен оныншы сынып оқып жүргенде намазға қызығушылық танытып оқи бастадым. Үлкен әпкем пәкістан азаматына тұрмысқа шыққан болатын. Әпкемнің күйеуі менің дін қабылдауыма себепші болды. Ол кісі әр мұсылман адамға намаз оқу парыз екенін айтып түсіндірді. Осылайша намаз оқи бастадым. Өзім де кішкентайымнан Алла бар деп жүрегімнен сезетінмін.
2007 жыл мектеп бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ университетіне “Металлург” мамандығына  грант бойынша оқуға түстім. Оқуымды 2011 жылы озат бітірдім.
Мен 3 курс оқып жүрген кезімде жатақханада хиджаб киетін қыздар көп болды, солармен бірге жиналып уағыз айтып, мешітке бірге барып жүрдім. Маған әйел адам әурет жерін бөтен ер кісілерге көрсетпеу керектігін, Құран аяттарынан мысалдар келтіріп дәлелдер көрсетті. Содан кейін хиджаб кидім. Әсем мүсінім мен кескін келбетіме, ажарлы өңіме көзі түскендер аяқ бастырып жүргізбеді. Ақыры көзі түскен жігіттің құрығына іліктім. Амалсыз сол жігіттің жары болып күн кештім. Осылай күндер өте берді, сол аралықта екі қыздың анасы атандым. Күйеуіммен ренжісіп қалып, ол бізді тастап кетті.  Кеткен күйеуімді іздеймін деп қойныма кіргеннің ата-тегі мен аты-жөні де жұмбақ болды. Себебі ол менімен танысқанда «Абдулкарим» атты лақап атпен танысты. Бірінші әйелінен ажырасқан еді.  Шын атын сұрағанда қажеті қанша деген сөзбен қысқа қайырды. Мен қайта сұрамадым. Себебі шынайы мұсылман ғой деп басқа ойға бармадым. Ұзақ ата-анамның үйінде тұрып қалғандықтан ол кісі менің хақымды дұрыс бермегендіктен хақымды дұрыс беруін, мені алып кетуін айтқан болатынмын. Ол қаражат жағынан қиналып жүргенін сылтауратып, қазір алып кетпейтінін айтты. Осыдан кейін ренжісіп ұрысып қалдық. Ол ашудың үстінде, мен де ашуланып «талақ» сұрадым, ал ол болса «бақытты бол» деп соңғы сөзін айтып тастап кетті.
Сол жұмбақты шешемін деп өзіме жеткілікті білімімнің барысында зерттемек болдым.  Вконтакты парақшасын ашып, Сирияда соғысып жүрген азаматтардан күйеуімді іздеп сұрастырдым. Сол уақыт арасында олардың парақшасынан, нашид,  видео-аудио роликтер, жиһад туралы, шахидтің әйелі болу туралы, ақырет күніне дейін, шахид болған күйеуді күтсең соның сауабы, шариғатпен өмір суріп жатырмыз, деп көрсетілген видеоларды көрдім. Христиандар мен Еврейлер мұсылмандарды қырып жойып жатқанын көрсетті. Хижра (өз еліңнен көшу) жасау әр мұсылманға қажет екенін айтты. Бірақ онда жүрген азаматтар менің күйеуімді танымайтынын айтты. Мен өз парақшамдағы аудио-видео жазбаларды тыңдап көрдім, сол уақыт арасында, мен “эмоцияға” беріліп онда жүрген мұсылман бауырларды дұрыс жолда соғысып жатыр деп ойладым. Қалай адасқанымды да білмей қалдым.
Осылайша уақыт өтіп жатты. Күндердің бір күнінде күйеуімнің өзі хабараласты. Ол Түркия елінде жұмыс жасап жүргенін айтты, бізді Түркия еліне шақырды. Ал, мен қыздарымды әкесінен айырмаймын деп, қиналып кеткен соң Түркия еліне хижра жасамақ болдым. Сол зерттеудің түбі мені сорлаттып қылмыскер етіп, темір торға тоғытты. Қазіргі таңда ИЧ 167/11 мекемесінде жазамды өтеп жатырмын.
Бұл жаза менің басымдағы қайғыны ауырлатып есеңгіретіп тастады. Басқа дінді емес өз балаларыма, өз баламның үнін естуге зар болдым. Ағаттық жібердім, аяғымды шалыс бастым, жаздым жаңылдым, көкейімде өксік, көзімде жас еңірегенде етегім жасқа толды.
Құрметті “елін сүйген - Елбасы”  Нұрсултан Әбішұлы Назарбаев! Дінаралық қантөгістің азаматтық текетірестің алдын алу, ол үшін елдің рухани келбетінің дұрысталуы барысында жанкешті елдің ынтымағымен бірлігін сақтап қалуда атқарып жатқан еңбегіңіз үшін сізден де, бүкіл Қазақстан жұртшылығы алдында кешірім сұраймын. Сіз баптаған заң өте орынды, қырағаттық болмағанда кім білсін менің өмірімнің соңы қайғымен бітерме еді. Дәл уақытында «асауға тұсау» болып  менің кері кетіп бара жатқаныма уақытысында тоқтау болды. Мен қылмысымның заңсыз екенін толық мойындаймын. Қылмыс орын алған жерде, жаза орынды жазалады. Мен ақ пен қараны енді түсіндім, түзелу жолына нық тұрдым. Қазіргі таңда мен арнайы жазаны өтеу мекемесінде белгіленген мерзім бойынша өз жазамды өтеп жатырмын. Жазамды өтеу барысында радикалдық көзқарасымды өзгертуге өз қатемді түсініп түзеуге, дәстүрлі діни көзқарасыма оралуыма, өз отанымнан кешірім сұрауға мүмкіндік беріп себеп болған имам-теологтарға айтар алғысымыз шексіз.
Енді жазамды өтеп, асыға күтіп отырған қыздарым, ата-анам мен бауырларыма оралып болған соң, өзегімді өртеген өкінішімді басты назарға ала отырып, елді рухсыздықтан құтқару жолында өзімді таныта білемін деп,  сіздерді сендіре отырып, еліміздің жасампаз жаңғыруына, титтей де болса да еңбек етіп балаларымның асыл анасы деген атымды кірлетпеймін деп, сіздерден бүкіл қазақ елінен кешірім сұраймын.

 

Сапарбаева Г.
ИЧ 167/11

0 пікір