Әбу Ханифаның даналығы
Әбу Ханифаның даналығы
14.02.2019
111
0

       Әбу Ханифа мешітте отырған кезінде харижиттер қолдарына қару алып, мешітке басып кіреді. Олардың жаңсақ сенімі бойынша үлкен

күнә жасаған мұсылман кәпір саналып, мәңгілік жаһаннамға кетеді. Сол себепті, харижиттер оны сынау үшін сұрақ қояды:

– «Есіктің алдында екі өлік бар. Бірі – еркек. Араққа тұншығып өлген. Екіншісі – әйел. Зина жасап, жүкті болғанын білген кезде асылып өлген. Осы екеуі жөнінде сен не айтар едің?»

–   Екеуі қай ұлттан? Яһуди ме?

–   Жоқ.

–   Христиан ба?

–   Жоқ, христиан емес.

–   Пұтқа табынушы ма?

–   Жоқ.

–   Сонда қай ұлттан?

–  Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның құлы және Елшісі деген үмбеттен.

–  Шәһадат кәлимасы иманның үште, төртте яки бесте бірі ме?

–  Иманның ондай үште, төртте, бесте бірі болмайды. Ол бөлінбейді.

–   Иманның қаншасы сонда?

–   Тұтасы.

–  Ендеше, жауабын өздерің бердіңдер. Олардың мұсылман екенін айттыңдар.

–  Сен мұны қоя тұр. Олар жаннаттық па, әлде жаһаннамдық па?

–  Айтарым:  Хазіреті  Ибраһим  осы  екеуінің күнәсынан әлдеқайда үлкен күнә жасаған елі үшін Алла Тағалаға былай деп дұға етті: «Маған ілескендер менен. Маған қарсы шыққандарға: «Сен кешірімшіл және рақымдысың»... Сол сияқты Хазіреті Исаның ойы да осы орайдан шыққан: «Егер азап етсең, олар Сенің құлдарың, егер кешірсең, Әзиз және Хәким Сенсің». Менде иман еткендерді қуатын күш жоқ. Осы кезде харижиттер қаруларын тастады.

Әбу Ханифа өскенде кәламнан фиқһ саласына көшті. Фиқһқа ауысуы жайында түрлі көзқарастар бар. Ол ұстазы көз жұмғанша қасында болған. Өзі былай дейді: «Бірде Басра қаласына келдім. Онда жұрттың кез-келген сұрағына мүдірмей жауап беремін деп ойладым. Бірақ небір қиын сұрақтарға тап болып, жауап беруім қиынға түсті. Сонда ұстазым Хаммадтың қасынан өле-өлгенше кетпеуге ант еттім. Он сегіз жыл оның шәкірті болдым».

Имам Ағзам ұстазы қайтыс болғанда, қырық жаста еді. Осы уақыттан бастап ол дәріс беруді қолға алған. Кейде Мекке мен Мәдина қаласына да зияратқа баратын. Екі қалада да табииндер (сахабаларды көргендер) көп еді. Сол жерде олар хадис тыңдап, фиқһ жайлы пікірлесіп әрі үлкен ғұлама кісілерден дәріс алды.

 

«Ханафи мазхабы – ұлттық құндылықтарымыздың ұстыны»

кітабының 51-бетінен алынды. Авторлар:

Мәди Бесбаев, Медет Халықов

 

0 пікір