Қала жастарын жат ағымнан қорғайық
Қала жастарын жат ағымнан қорғайық
28.05.2018
360
0

Дәстүрі емес діни ағымдардың санының көбеюі адамдардың діни сауатының жоқтығынан немесе сауатының аздығынан туындайды. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Арбаушылар көбінесе қиыншылыққа төзімсіз, өмірлік тәжірибесі аз, білімі таяз жандарды тартуға тырысады. Өйткені білімсіз адамның өте көнгіш келетінін жақсы біледі. Арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде білімі жөнінен алғанда радикалды идеология ұстанушыларының; 36%-ы – орта, 18%-ы – жоғары білімді болған (Басқа санаттағылар (аяқталмаған орта, аяқталмаған жоғары білімді) да болуы мүмкін, олар жөнінде мәлімет келтірілмейді). Тұтастай алғанда 84% лаңкестердің мүлде діни білімі болмаған. Ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың еркін қолжетімділігі де маңызды себептердің бірі. Жалпы, елімізде интернет пайдаланушылардың саны 12 миллионнан асып жығылыпты. Бұл халықтың 70 пайызы деген сөз. Сондай-ақ, осыдан бес-алты жыл бұрын ғаламторда жастар көбіне ресейлік «Мой мир» желісін пайдаланса, кейіннен «Фейсбук», «ВКонтакте», «Инстаграм», «WhatsApp», «Скайп» секілді қосымшаларды пайдалана бастады. Шымкент қаласындағы арнаулы орта білім беру мекемелерінің жастары мен кейбір мектептерде жүргізілген зерттеулеріміз бен кездесулердегі пікірлесудің барысында азын-аулақ болса да, осындай фактілердің орын алатынын байқадық. Қазір ұялы байланыссыз жүрген жастарды көрсек, таңырқайтын болдық. Әлеуметтік желіде көрген-білгендерін қызықтап, қажетті ақпараттармен бөлісіп, фото орнату, лайк басу, пікір білдіру, селфи жасау үрдісі қалыпты дағдыға айналды. Сенім сергелдеңіне түсіп, түрлі діни ағым, топтардың соңында адасып жүрген жастар мен олардың қылығы бүгінде қоғамның зардап шегуіне, жаншошырлық жағдайға әкелуде. Әлеуметтік желілердегі дүмше догмаларға сеніп, дәстүрін алға тартқан қазақ арасында дау шығарып, бүлік тудырып жүргендерді де көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. «Адамды түсіне қарап таныма, істеген ісіне қарап таны» дегендей, халықты дәстүрінен, дінінен бұра тартып, өздеріне тәуелді етіп жүрген ағымдардың жетекшілері де уағыздарын осы әлеуметтік желілер арқылы жүргізуде. Бүгінгі таңда қауіпті діни ағымдардың жетегінде жүргендердің көпшілігі осы әлеуметтік желілердегі жазбаларға имандай сеніп, адасып жүргені айқын. Бұл мәселедегі ең қиыны - ғаламторды тиімді пайдалана отырып жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын т.б. осы мазмұндас топтардың, сайттардың санының күннен-күнге артуы. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде радикалды ағымдардың соңында кеткендердің жас ерекшелігі 15-29 жас аралығындағы отандастарымыз екені анықталды. Социологиялық зерттеулер өздерін дінді ұстанатындардың қатарына жатқызатын жастардың көп бөлігі дінге отбасындағы тәрбие ықпалымен келгендігін көрсетеді. Екіншісі – жастардың дінге өздерінің рухани ізденістері нәтижесінде келуі. Келесі сатыда – респонденттердің дін жолына өз таныстары мен достарының ықпалымен келгендер. Яғни, жастардың дінге келуін оның қоршаған әлеуметтік ортасымен және басқа да әртүрлі жағдайларға қатысты бірнеше факторлармен айқындауға болады. Осы деректер және күнделікті өмірдегі қарапайым бақылау жастардың дінге келуі мен ұстануында олардың ішкі ізденістерінен гөрі, сыртқы факторлардың ықпалы басымдау екендігін көрсетеді. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі”, – деп ұлағатты сөз айтқан. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын» деген тамаша тәмсіл де сөзіміздің айғағы. Кейде тұрмыстың тауқыметі, материалдық жағдайдың жетіспеушілігінен айналасынан көмек сұрауға мәжбүр болатын сәттер өмірде көптеп кездеседі. Тіпті далада қалып, ішерге су, жейтін тамаққа зар боласың. Осындай кезде бар мұң-мұқтажыңды түгелдей орындаған адамды қалай қарсы алатының айтпаса да түсінікті. Мұндай кездегі жақсылықты адамдар ешқашан ұмытпақ емес. Сондықтан дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоғамнан осындай жандарды іздейді. Жалпы лаңкестік идеологияға бой ұрғандардың 52%-ының тұрақты жұмыс орны жоқ, 38%-ның тұрмыс деңгейі төмен, 52%-ы баспанасыздар болған. Бүгінде азаматтарымыздың жат ағымның жетегінде кетуінің басты себептерінің бірі – ата-ананың қарауынсыз қалу. Яғни тәрбиенің жетімсіздігі. Жалпы зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша радикалды идеологияны ұстанушылардың 18% ын толық емес отбасынан шыққандар құрайды екен. Отбасынан аламаған қажеттіліктерін көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас - өкініштерге соқтығып жатады. Осының салдарынан қаншама отбасында ата-анасының сөзін керек қылмай, өзім білемдікке салынуда. Бала – жанұя тәрбиесінің айнасы. Отбасы қоғамның алғашқы ұясы болғандықтан оны нығайту, тәрбиелік мәнін арттыру, сол қоғамның басты назарында болуы керек. Отбасы – ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оған мәдени- әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірибесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Барлық өнеге отбасынан тарайды. Көптеген ата – аналар жеткіншек ұрпақтың тәрбиесімен жүйелі айналысудың орнына тиіп – қашып, барлық жүкті мектепке итере салады. Ал мектептен келген баланың күн ұзақ далада жүріп, көше бойының тәрбиесінде, әртүрлі ортада болатынын, жаңа достарының көмегінің нәтижесінде сорақы әдістерін қолымен жасайтыны жасырын емес. Ал бала тәрбиесі мұндай салғырттыққа, сылтау, себеп іздестіруге төзбейді, оны дұрыс деңгейде жүргізу үшін кәсіптік білгірлігі, ата – аналардың мектеппен ынтымағы қажет. Сондықтан ата – ана тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алмайды. Моральдық жағынан азғындаған отбасында әдетте балаға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Бала ата – ана қамқорлығы мен сүйіспеншілігін сезінбегендіктен, ертеңгі күннің қуанышын жоғалта бастайды. Ал материалдық жағынан толыққанды жеткілікті отбасы – баланың кез келген сұранысын сол мезетте қанағаттандыру арқылы аламын деген нәрсені сөзге келмей сатып алып беруді бала тәрбиесіндегі міндетін орындаушылық деп түсінеді. Ал ол балалардың еңбек құнын сыйлауды білмейтін, арамтамақ, жалқаулар санын көбейтіп жатқанынан бейхабар болып қалады. Кезінде Әл-Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» демеп пе еді?!. Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорындарда жұмыс істейтін жастармен, кейбір оқу орындарының студенттерімен жұмыс жүргізудің барысында өмір сынына қатысты мәселенің өзіндік орны барын байқап, олармен арнайы жұмыс істеуге қол жеткіздік. Оның нәтижесі де көңілге қонарлықтай деңгейден көріне білді.

 

 

ОҚО дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ
бөлім басшысы Ф.Тайтелиев

0 пікір