Жасанды түсік – қоғам дерті
Жасанды түсік – қоғам дерті
24.05.2018
59
0

 Жер бетіндегі күллі жанды нәрсенің баршасы босқа жаратылмаған. Оның ішінде ақыл нығметі берілген адам баласының жауапкершілігі өз алдына. Ойлап қарасақ, ақылы бойында, иманы жүрегінде, ар-ұяты үстем болған жан әрбір жасар ісіне ден қойып, пайым-парасатымен таразылап, жауапкершілікпен қарайды. Оның дұрыстығы мен бұрыстығына терең көз жүгіртеді. Сондай-ақ, болашағын ерте ойлап, өткен күндеріне өкінбес үшін аяғын аңдап басады. Бұл әрине ұядан тәрбие көргендіктің, жұдырықтай жүрекке иман нұры түскеннің және шын мұсылманшылықтың белгісі.
Десекте өмір соқпағында қадамын шалыс басып, қателікке бой алдырған жандар жетіп артылады. Әрине, оның көрінісін сонау алыстан емес, өзіміздің айналамыздан кездестіруге болады. Күнделікті ақпарат ағындарынан жағымды жаңалықтан гөрі азғындық істер жарыса жазылып, теледидар беттерінен сүйінші сұрағандай беріліп жатады. Шындап келгенде, мұны мақтанып айтар жетістік емес екенін көзі қарақты кез келген пенде біледі.
Сондай қоғамның өзегін өртеп, жегідей жеген жат нәрсенің бірі – қыз балалар арасындағы түсік жасату ісі. Өкінішке орай, бабасы түсінде көрмеген осындай жексұрын әрекеттер қазақ қоғамын ентелей жайлап, кейінгі ұрпақ қолымен жасалып жатқанына қарап, қарныңның ашқанына емес, қадіріңнің қашқанына кәдімгідей налисың.
«Әлімсақтан бері мұсылманмын» деген кешегі бабаларымыз Құранның әміріне, пайғамбар өсиетіне өне бойы бағынды. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дегенді өміріне өзек етті. Бар өмірі мен тіршілігін, күнделікті әдет-ғұрпын соған сай қалыптастырып, өскелең ұрпағына өнегелі із қалдырған-ды.
Алла Тағала адам баласын ең ардақты етіп, көркем бейнеде жаратты. Өсіп-өну үшін ризық-несібесін беріп, құлдарына дүние қызықтарын көруді бұйыртты. Алланың соңғы елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттеpдің алдында мақтаныш етемін». Осы аталған хадис бізге мынаны жеткізеді. Яғни, өмірде теңін тауып, шариғат жолымен шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүю – Алланың берген сыйы екенін жазбай түсінеміз.
Бірақ… дейміз-ау. Әлгінде ғана сөз еткен түсік жасату сынды жиіркенішті іс адамзат болмысына өшпес өкініш туғызары сөзсіз. Бүгінгі қоғамымызда жастар «азаматтық неке» деген желеумен немесе ардан аттап, ессіз әрекет салдарынан бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қылықтарға баруда. Ата-анасынан сескенген, ауылдағы ағайынынан қымсынған, тығырыққа тірелген нәзік жан түсік жасатуға еріксіз барады. Осылай күнәсін жасырып, жауырды жаба тоқуға тырысып бағады.
Тіпті, кейбір ақ некелі ерлі-зайыптылардың өзі баланы бағып-қағудан қорқып, өзара шешіммен түсік жасатуға бел буып жатады. Әрине, шариғат заңы бұл аталған әрекеттердің ешбірін құптамайды. Өйткені, некесіз бас қосу, онан көтерген жүктілік немесе ерлі-зайыптылардың сәби нәсібінен қорқып, «жасанды түсік жасату» байламына келуі Алла қойған жүйеге толықтай қайшы. Себебіне тоқталайық…
Алла Тағала адамзатқа былай әмір етеді: «Зинаға жақындамаңдар. Ол масқаралық, бұзықтық» («Исра» сүресі, 32-аят). Аяттың мағынасына мән берсек, Алла Тағаланың «зина жасамаңдар» деп бұйыруы «зинаға жақындамаңдар» дегені. Яғни мұндай арсыз істен алыс болуды бұйырып тұр. Демек, зина жасау – дінімізде үлкен күнә.
Екіншіден, ешбір себепсіз түсік жасату дінімізде дұрыс емес. Ресми тіркелген дерек бойынша Қазақстанда жыл сайын 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбаны болады екен. Мамандардың айтуынша, құрсақтағы шарана операция кезінде жанталасып пышақтан қашатын көрінеді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 80 млн.-ға жуық әйел жоспарсыз жүкті болады екен. Соның 20 млн.-ға жуығы жасанды түсік жасататын көрінеді. Соның салдарынан жыл сайын 80 мың әйел көз жұмады. Бұл үрей тудыратын жағдай.
Құранда Алла Тағала: «Кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да сендерді де қоректендіреміз. Расында оларды өлтіру зор (үлкен) қателік», — дейді («Исра» сүресі, 31-аят). Әрине, Алла тыйым салған әрбір істе адамзат үшін бір зияндылықтың бары ақиқат. Ішімдік адам өміріне және денсаулығына қандай зиянды болса, жасанды жолмен түсік жасату да сондай зардапты. Бойына біткен баланы алдыртқан нәзік жанды сәбиін өлтіргенімен қоймай, Алланың адамға берген үлкен сыйы болған денсаулығына да едәуір қиянат жасайды. Соңғы кезде ел ішінде әйелдер ғана емес, тіпті кәмелетке толмаған жасөспірім қыздардың да түсік жасатуы жиілеп кеткенін БАҚ өкілдері жариялауда.
Түсік жасату хирургиялық әдіс болғандықтан оның берер зардаптары да орасан. Мамандар түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен 20%-ға айырылатынын айтады. Сондай-ақ, аборт жасатқаннан кейін балалы болудың өзі сирек кездесетін құбылыс екенін атаған. Тіпті, бала көтергеннің өзінде кемтар сәбиді өмірге әкелетінін ғылыми тұрғыда дәлелдеген.
Иә, бұл өмірде бір перзентке зар болып жүрген жандар қаншама?! Оны айналамыздан кезіктіре аламыз. Дегенмен, сұратпай берген Алланың сыйын місе тұтпайтындар тағы бар. Құрсағына біткен перзентін жасанды жолмен қырып алуы – Құдай берген нығметке қарсылық болып табылады. Ар-ұят алдында да айықпас дерт.
Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өз балаларыңды бағып-қағудан қорқып, ризығын тауып беруді қиынсынып, оны өлтірмеңдер», — деп жасанды түсік жасату әрекетіне қатаң тыйым салған. Өйткені, Алла ананың құрсағындағы перзенттің тағдырын, өмірін, ризығын оның төрт апталығы кезінде белгілеп қояды. Сондықтан, ананың құрсағындағы баланы алдыру – ауыр күнә. Демек, ол – қылмыс.
Мәзһабымыздың имамы Әбу Ханифа және көптеген ислам ғалымдары түсік жасату харам, кісі өлтіргенмен бірдей деп үкім берген. Бірақ, білікті, бірнеше дәрігердің анасының өміріне айтарлықтай қауіп төнгенін анықтап, дәлелді түрде айтқан жағдайда ғана (анасын аман алып қалу мақсатында) шариғат түсік жасатуға рұқсат етеді. Мұндай жағдайда ислам ғалымдарының кейбірі шаранаға жан бітсе де алдыруға болатынын айтқан («Қадаиә фиққииә муғасира», 3-том, 123-бет, Каир).
Аттың жалында, түйенің қомында жүрген байырғы бабаларымыз дархан байтақ жеріміздің о шеті мен бұ шетін жаудан қорғап, бүгінгі ұрпағына жеткізді. Ұшса құстың қанаты, шапса аттың тұяғы талатындай ұлан-ғайыр даламызды қорғау бізге берілген баба аманаты. Дана халқымыз: «Ұл бала – ұлттың намысы, қыз бала – ұлттың ұяты» немесе «Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» деп ұлағатты сөздер қалдырған.
Әрбір қыз баласы, ол – ертеңгі ана. Ал, ана бір қолымен бесікті, екінші қо-лымен әлемді тербететін қасиетке ие. Аруларымыздың некесіз бала көтеріп, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жолымен алып тастап жатқаны, әрине, қоғамымыз үшін қасірет емей немене?! Демек, ұлт болашағы, ұрпақ жалғасы болған қыздарымызды аждаһадай жалмап бара жатқан «некесіз қаты-нас», «жасанды түсік жасату» мәселесіне бей-жай қарауға тағы болмайды.
Мұның барлығының негізгі дерті – имандылықтан алыс болудың нәтижесі. Егер отбасы, ошақ қасында әрбір ата-ана ұл мен қызға обал-сауап, жақсы-жаман дегендерді үнемі айтып отырса, мұндай лас әрекеттер қоғамда орын алмас еді. Арды таптап, ел болашағына қауіп төндіретін осындай опасыз індеттен айығу үшін ұлттық тәрбиенің де рөлі зор.
Бабаларымыз әу бастан қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Қызының өзі үйде, қылығы түзде» болатынын білген аталарымыз «қызға қырық үйден тыйым» салған. Сондықтан біз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуіміз» керек. Ең алдымен, жастардың бойына рухани тәрбиенің дәнін егіп, имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеуге міндеттіміз.
Атам қазақ: «Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» деп хайуанекеш хайуанның өзі нәпақасыз қалмайтындығын меңзеп кеткен. Демек, мұның жанында ақыл иесі – адам баласы ар-абыройын аяқасты етпей адал, ақ некесімен дүниеге сәби әкелер болса, бұл сол отбасының да, еліміздің де бақыты емес пе! Ал, дүниеге келген сәби ризық-несібенің артуына себеп болады. Шал ақын: «Перзент сүймей адамның мейірімі қанбас» десе, хакім Абай: «Адамның бір қызығы бала деген» деп дүниеге сәби әкелудің нағыз бақыт екенін айтқан.
Түйіндей келе, жанұя, қоғам болып жасанды түсікті жасатудың жолын емес, сол жолға қыз балаларды апармаудың мәселесін қарастыру керек. Сондай-ақ, жастарымызды имандылыққа, адамгершілікке, арлылыққа тәрбиелеп, кішкентайынан тәнін, жанын рухани тазалыққа үйрету аса маңызды. Сонда ғана жаһанның қасіретіне айналған жасанды түсіктен аман болып, өсіп-өнген, тамырын тереңге тартқан халыққа айналырымыз хақ.

 

 

0 пікір