Дін мен ділдің пәктік құдіретін кеш түсіндім
Дін мен ділдің пәктік құдіретін кеш түсіндім
19.10.2018
147
0

Жасаған қылмысымды өтеу үшін алты жыл, алты айға бас бостандығымнан айырылып, жазамды ИЧ-167/3 мемлекеттік мекемесінде өтеп жатқаныма жылдан аса уақыт өтті. «Бәріне өзім кінәлімін» деп тұңғиық ойға батып, өмірден түңіліп, өмір сүруден күндер үзіп өкінгеніммен ешқандай да пайда еместігін кеш болса да түсіндім. Мекеменің сыртқы және ішкі тәртібіне бейімделіп, түзелу жолына да нық тұрдым. Жаңа өмірдің жаныма жәй берген көңілге қонымды талаптарымен тынысталып, қасымдағы сотталғандармен бірге жанымды мазалап жүрген беймезгіл ойлардан аулақ жүріп, «мойынға көтерген ауыр жүкті» бір кісідей көтеруге икемдендім. Отбасымда әкенің тәрбиесінсіз өсіп жатқан Диас ұлым мен тәй-тәй қадам басып, қылығымен қызықтырған Руханият қызымның болашағын көп ойланамын. Оларды мәпелеп бағып-қағып, сапалы білім беріп, зиялы тәрбиелеу әкелік борышым. Жан тәніммен ұнатып, «мәңгілік бірге боламыз, отбасының ыстығы мен суығына бірге төземіз, бірге көнеміз» деп әйеліме уәде беріп, бүгінгі таңда «жуық арада, мына, сұсты торлы есіктен шықпайтынымды» сезінсем тынысым тарылады, денем шымырланып түршігеді. Бар үмітім тұңғиыққа батқандай болады. Алайда, түрмеде діннің шексіз пәктігін ұғынып, шырағымды өшірмеуге қадам бастым. Өмірдің ақиық жолын түсіндім. Аллаға деген сенімім жаныма шипа беріп, қуаттандырды. «Өмірдің соқпағына ұрынған пендем сен де жақында отбасыңмен бірге боласың. Өсіп жатқан ұлың Диас пен аяулы қызың Руханиятқа асқақ ұлтымыздың асыл тәрбиесін берсін. Нұрлы жолмен көгерсін...» деген нақты сенім үмітті арттырды. Түзеу мекемесінде имандылық жолына тәрбиелеп, жасаған қателіктерді түзеуге екпінмен көмектесіп жатқаны нұрлы жолдың сөнбес шырағын жағып тұрғандай.
Бәрін де басынан бастайыншы: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе баланы жан-жақты білу керек» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай дер кезінде менің қабілетімді, болмысымды, мінез-құлқымдағы өзгерістерді  байқамай, ұрмай-соқпай, қол көтермей, «жүрегін жараламайын жасқаншақ болып өспесін», «әй, әкесі-ай баланың қабағын сескендірме» деген анамның махаббатпен берген еркелігі кері әсер бергені қазір менің жаныма батады. Отбасымда көңілге елемес сәл ғана кикілжің болса, «өзіме қол жұмсаймын» деп үйден қашып, бөгде жолға түстім. Күн-түн демей көше кезген жігіттермен бірігіп, жасаған іс-әрекеттерімізге жауап та бермей жүрдік. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» дегенді ұмыттық та. Бұзақылыққа бейімделіп, жаман жолға түсу де қиындық тудырмады. «Мен басқаша өмір сүремін» деген жасаң оймен үйден тыс кетіп, Шымкент пен Алматы арасын жол еттім. Әсем қалаларда жаңадан ашылған «түнгі клубтар» мен «дискожайларда» көңіл көтеріп, «интернет клубтарда» түрлі сайттарды парақтап «бұл менің өмірім, менің қызығым» деп айқай салып, арқаны кең тастап жүрдім де алдамшы дүниелермен миды жаулатып, тұншықтырдым. Сол кезде мұндай «өмір ләззатының» арты жақсылыққа апармайтынын түсінбеппін. Түсінгім келмеді де. Бір күні «интернет клубта» бейтаныс бір жігіт маған белгісіз сайтқа кіріп, бейхабар хабарлардың топтамасын ұсынғанда қызығушылық танытып, ерекше назар аудардым. Бірден қызығушылығым оянды. Маған қажетті жақын дүниелер. Ата – бабалардың «діни» көзқарасын басқаша түсіндім ұқтым. Дінге деген көзқарасым өзгерді. Ойлар да көңіліме қонымды болды. «Бейтаныс» жігіттің көмегімен күнсайын жаңашыл дүниелермен қауыштым, намаз оқитын бөгде адамдармен таныса бастадым. Олардың уағыздарын зейін қойып тыңдадым. «Үйрен де жирен» дегенге білгенімше уағыз айтуды үйрене бастадым. Естігенімді, жас болсам да ойымды мазалап жүрген көзқарастарымды жеткізе бастадым. Кейде олақ сөздерді қысқартып тастап, нақты бағытымды таныттым. Сол кезде өзіме «көр соқырдың» менменшіл жиркенішті іс – әрекеті бойыма сіңіп, жан дүниемнің өзгеріп бара жатқанын сезбедім. Маған «ей бала, сандырақтамай есіңді жый» деген адам да табылмады. Керісінше жарайсың Асхат! деген сайын өзімді «ғұламадай сезініп» кері жолға түскенімді кеш түсіндім. Қасиетті орын мешітке барып діннің саңлақ жолын айқын көрсететін имамдармен әңгімелесіп, имандылықтың шынайы пәк жолына түспегеніме өкінемін. Өкінгенмен не пайда? «Алланың жолына» түстім деп, білімсіздігім мен сауатсыздығымнан ластанған теріс қағидалы қараңғы бағытқа қасымдағы сопылармен бір ағыспен ағып, үлкен қателік жасағанымды кеш болса да дер кезінде менің «қатерлі» пікірлеріме балта шапқан қылмысты анықтайтын мекемелердің жауапты қызметкерлеріне мың бір алғысымды білдіремін. Беймезгіл сәтте әлемнің тыныштығын бұзбай уақытында тоқтатты. Аллаға шүкір, еліме қауіп төндірмей жазамды өтеп, оң мен солды айқындап жол көрсеткеніне ризамын.
Қазір жазамды өтеп отырған ИЧ-167/3 мекемесінде білімді теолог мамандар мен мекемеде дін жолына қателескен сотталғандармен жеке дара әңгімелесіп, дидарласу жұмыстарын тиянақты атқарып, жауапты жұмыстарына ерекше назар аударған қызметкерлердің саңлақ тәрбиесімен сабақтаса көгеріп, діни көзқарасымды өзгерткенін жүрегіме зиялы әсер берді. «Тайға таңба басқандай» Хазірет Пайғамбарымыздың ізгілік жолын, Абу Ханифаның ұстанған жолын, Матуруди мектебінің сенімін айқындап, көрсетіп бергендеріне сансыз шүкір етіп отырмын. Мекеме кітапханасының кітап сөресіндегі еліміздегі білікті имамдар мен дін жолында ізгі нұрын төккен ғұлама ғалымдардың баршаның назарына шығарған құнды «Кітап – алтын қазынадан» көптен іздеген қажетті мағлұматтарды алып, жіберген қателігімді түсіндім. Ойымды өрістетіп саңлақ жолға түстім.
Мекеме кітапханасында елге танымал көптеген ғұлама теолог мамандармен жиі жүздесіп тұрамыз. Жақында Алматы қаласынан арнайы келген Ерсін Әміре бауырымыздың Абу Ханифа мәзһабының ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ислам туралы ілімін тереңінен жеткізіп бергені көңіліме шуақ нұрын шашты. Ерсін Әміре бауырымыздың ақида хақында сабақ жүргізіп, асқақ насихаттың тамырлы жүйесімен сусындатқаны жанымды қуаттандырды. Сонымен бірге ұлтымыздың ғажап әдет-ғұрыптардың басым бөлігі түркілік дәуірден бері үзіліссіз жалғасып келе жатқанын түсіндім. Жай қарапайым мысал: ұлтымызда келін түскенде жасалатын «беташар» дәстүрін айтайықшы. Барлық салт-дәстүр бір сәтте атқарылып, жас отау тіккен жастарға ауыл ақсақалының ақ батасы берілгеннен кейін, жаңа өмірдің де басталары даусыз. Бұл дәстүрді ата-бабамыз исламға дейін берік ұстанған. Сондықтан да бұл салт-дәстүр араб елінде қазақ еліндегідей жасалмайды. Исламшыл топтар беташар дәстүріне қатысты жиі дау туғызып жатады. Исламның ықпалына түскен соң, көне түрік мәдениетінің ішкі мазмұны, Құран мен сүннеттен кемелдейді.
Менің айтатыным ата-бабамыздан рухани құндылықтарды, ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа аманаттап жеткізу. Абу Ханифа жолын насихаттап, ұрпақты тәрбиелеу барлық ата-ананың қоғам алдындағы міндеті. Осы міндетті атқаруға тиістіміз.
«Адамның жақсы болуы – тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе содан көп жұғады» деп Абай Құнанбаев айтқандай ортада тәрбиеленуде орта деңгейде жан-жақты білім алып шынайы келбеті қандай болуы сыпайылықпен, кішіпейілділікпен сарапталып берілсе нұр үстіне нұр жауары сөзсіз.
Шынайы мұсылманның келбеті қандай болуға тиіс, кішіпейілділіктің нұрын қалай себуге тиіспіз? Әрине, бұл жолда Абу Ханифаның жолын таңдап, жастарға имандылық жолына сауатын ашып, білімнің қайнар көзінен сусындаса ғана бүгінгі таңда түрлі ағымдарға ерімейтіндігі хақ.
Мекемеге келетін имамдардың керекті білімді алып, қазақ мәдениетінің мәтініндегі діни сананың мазмұны исламнан бастау алатынын кеш түсіндім. Кеш түсінгеніме өкіндім. Діни сана – ұлттың болмысы, табиғаты, ерекшелігі зиялы жұрттың мойнында рухани бір міндет болса, өзінен кейінгі ұрпаққа рухани құндылық қалдыру маңызды. Исламның негізгі қағидасы адамды кемелдікке жетелеу десек, бұл дүниеде де тоқтаусыз рухани дамып отырғанда ғана адам баласы кемелдіктің жоғары сатысына жете алады. Әр адамның қабілеті қарым-қатынасы әр түрлі десек, исламда соны игерудің ортақ шарттары көрсетілген қарапайым мысал қандай да бір істі бастар кезде істі адам өзінің шама-шарқына қарап іске кіреді емес пе? Исламдық дүниетаным қайнарынан сусындаған жандарда рухани әлемнің биігін бағындырмас бұрын, біреуге ислам туралы уағыз айтпастан бұрын ең алдымен өзінің кім екенін пайымдап алу міндетті. Пайғамбар хадисі бойынша адам өзін тану арқылы Жаратушы Иесін таниды. Себебі, пайғамбарлар бір халыққа емес адамзат баласына ортақ тұлғалар, олардың өнеге істері келе-келе өркениетті қоғамның даму айнасына айналады. Яғни пайғамбарлар өмірінен үлгі болып қалған дәстүрлер неғұрлым көп болса, соғұрлым өлмейтін өркениетке жалғаса түседі. Сондықтан салт-дәстүрлердің қолдану аясы шексіз. Кез келген халық оны өз мәдениетіне бейімдеп дүниетанымын байыта алады.
Ұлттық тәрбиеде  бала тәрбиесінде сөзбен емес, іспен үлгі көрсетіп, балаға жылулық сезіндіріп, оларға мейірім мен махаббатын оятуға міндеттіміз. Балалармен үлкен адамдарша пікірлесіп, сөйлесіп, жүйелі түрде тәрбие беруге ден қойған дұрыс. Балалардың қолымен қайырлы істерді жасатып, игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі жарасқан қайырлы баланы Алладан тілеп өткен мұсылманның мұраты да иманды, ізгі ұрпақ тәрбиесі. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Ақынның ақындығы атақты емес Ақынның ақындығы орда ғана» - деп жырлағандай рухымыз пәк те таза, жігеріміз нақ та мекем болса, өмірде жамандық пен жақсылықты, адамдық пен сатқындықты, махаббат пен зұлымдықты шынайы ажыратып, ойды нақ түйіндесек тоқсан тараулы жолда саңлақ жолды табу қиынға түспес болар. Ар-ожданымыздың шынайы пәктілігінде болашақта қателеспейік бауырларым.

Сарсенбаев А.А
ИЧ-167/3 мекемесі

0 пікір