Құрбан айт әр шаңыраққа құт-береке, ырыс әкелсін!
Құрбан айт әр шаңыраққа құт-береке, ырыс әкелсін!
21.08.2018
503
0

Ассалаумағалейкум, барын құрбан етіп, Құдайға құлдық ұрған мұсылман қауым!

Баршаңызды төрткүл дүниедегі исі мұсылманның ең қастерлі мейрамы Құрбан айтымен құттықтаймын. Жаратқанның атын айтып құрбан шалу сонау Адам ата, Хауа ананың дәуірінен бері қарай адамзат баласына етене таныс құлшылық. Құрбан айты жүректегі сенімнің салмағын мысқалына дейін өлшеп беретін ұлық безбен іспеттес. Әлбетте, шалынған малдың қаны да, еті де Құдайдың құзырына жетпейтіні, Оған жететін тек қана көкейдегі шын ниет пен ықылас қана екендігі Құран кітапта айтылғанын білеміз. Олай болса, Арапа күннен бері жапа тармағай құрбандыққа шалатын мал іздеп, бауырсағын пісіріп, ақ дастарxанын дайындаумен шапқылап жүрген қалың қауымның осы ниет-ықыластары қабыл болсын деп тілейміз. Таң атпай ұйқыдан тұрып, бар жақсысын киініп, Айт намазына асыққан жұрттың да ақ білегін көтеріп тілеген тілектері орындала берсін!
Бұл мейрам ең алдымен бірлік пен ынтымақтың мейрамы. Бұл мейрам жомарттық пен теңдіктің мейрамы. Жоқ-жітіктің көңілін аулайтын жомарттықтың мейрамы. Қасқайып тұрып ең жақсы малын Алла жолына арнап жіберетін мәрттіктің мейрамы.
Ағайын мен туған-туыстың ығы-жығы араласып мәз мәйрам болысатын тас түйін татулықтың мейрамы.
Бәрін айт та бірін айт, дін мен дәстүр қатар келетін елдіктің мерекесі.
Қазақтан Республикасында осы мерекенің құрметінк арнайы демалыс беріліп, осынша ғанибеттің орындалуына жағдай жасалуы да өз алдына бір ғанибет. Тәуелсіз мемлекеттің дін саласындағы ең бірінші мұраты тыныштық пен тұрақтылық десек, Құрбан айт мейрамы осы мұраттарға жеткізетін мықты тетіктердің бірі деп санаймыз. Ләйім, ел іргесі тыныш болып, байтақ даланы еркін жайлаған қазақ елін бірлік ынтымақтан ажыратпасын!
Құрбан мейрамы әр шаңыраққа құт-береке, ырыс әкелсін! 


Түркістан облысы Дін істері басқармасы
"Дін мәселелерін зерттеу орталығы" МКМ директоры
Асылбек Әуезxанұлы 

0 пікір
Соңғы Жаңалықтар