Оңтүстіктің діни қызметкерлері Жаңа заң жобасын қызу талқылады
Оңтүстіктің діни қызметкерлері Жаңа заң жобасын қызу талқылады
06.03.2018
517
0

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің ұйымдастыруымен дін саласындағы жаңа Заң жобасына енген өзгерістерді түсіндіретін арнайы әдістемелік-ақпараттық семинар өтті. Алқалы жиынға «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» басшылығы мен барлық мамандары, облысқа қарасты қала, аудандардың бас имамдары мен Ішкі саясат бөлімдерінің мамандары қатысты. 
Семинарда оңтүстікке арнайы іс-сапармен келген ҚМДБ наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан жаңа заң туралы ой-пікірімен бөлісті. Алқалы жиынға ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазастандағы өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев, өзге де мешіт қызметкерлері қатысты. 
Семинарды мекеме директоры Асылбек Ноғаев жүргізді. Ақпараттық-әдістемелік жиында орталықтың дінтанушы маманы Медет Халықов, заң ғылымдарының PhD докторы Ермек Бекбосынов Жаңа заң жобасында қаралып жатқан өзгерістерді бүге-шігесіне дейін түсіндіріліп, қызықты танымдық слайдтармен қуаттап отырды. 
Бұл семинарда, әсіресе, имам-молдалардың күнделікті қызметтеріне қатысты тақырыптар қызу талқыланып, бір ымыраға келісті. 
Жиынды қорытындылаған Асылбек Әуезханұлы қалың ел мемлекет қызметкерлері мен имам-молдалардан үлкен үміт күтіп отырғанын жеткізіп, құстың қос қанатындай бірге жұмыс жасап, бейбіт елдің келешегі үшін қызмет етуге шақырды.

ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін 
зерттеу орталығы» МКМ-нің ақпараттық қызметі

0 пікір