Азан дауысы туралы шу — түсінбестік
Азан дауысы туралы шу — түсінбестік
18.06.2018
111
0

Qazaquni.kz сайтында жарияланған журналист Қазыбек Исаның «Қалетаев қасиетті діни қағидамызға қарсы шығып, мұсылманның күнәсін көбейтпек пе?» атты сыни мақаласы шындыққа жанаспайтыны анық. Мен дін істері комитетінің өкілі ретінде осы мақаладан орынсыз айтылған бірнеше мәселеге арнайы тоқталып кетсем.
Біріншіден, автордың азан мәселесіне байланысты жағдайлардан толық хабардар болмағаны көрініп тұр. Елімізде мешіттерде бұған дейін микрофон арқылы азан шақыратын сәтте, дыбыс зорайтқыш аппаратурасының санитарлық ережелері мен нормаларына сәйкес дауыс 35-40 децибел көлемінде айтылып келген болатын. Яғни, бұл ереже Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы №841 «Тұрғын үйлер, қоғамдық орындар мен құрылыс алаңдарындағы шу мен дыбыстың номативтік гигеналық деңгейі» нормасына сәйкес қабылданған болатын.
Екіншіден, Министрлік мешіттердегі азанның даусын азайтуға емес, тұрғындардың наразылығын тудырмаған жағдайда азан даусын 35-40 децибелден 70 децибелге дейін көтеруге ықпал етті.
Үшіншіден, автордың елміздегі мұсылмандардың қара шаңырағы болып табылатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына да орынсыз тиісіп, Бас мүфти Серікбай қажы Оразға тіл тигізіп, негізсіз сынаған. Қазақстан Республикасының заңнамалары бойынша еліміздегі барлық діни бірлестіктердің құқы тең қорғалған. Олардың барлығы заң аясында бірдей, ал Министрліктің міндеті олардың заң шеңберңнде жұмыс жасауына барынша қолдау көрсету. Осы ретте Бас мүфти еліміздің заңдарын құрметтегендіктен, заңнамамен белгіленген ережелердің шеңберінде өз жұмыстарын жүргізуде.
Сондықтан, еліміздегі діни бірлестіктерді өздерінің қызметін заңнама талаптарын сақтауға шақыруды «азанға шақыруға қарсы» деп бұрмалауға еш негіз жоқ. Қолданыстағы заңнаманы бұлжытпай орындау барлық азаматтардың және ұйымдар мен бірлестіктердің міндеті. Сондықтан бұл жерде автордың сыны мүлдем орынсыз айтылып тұрғаны көрініп тұр. Елді бірлікке шақырудың орнына дұрыс ақпаратты бұрмалап бүлікке жетелеуден ешкімнің ұтпасы анық. Ел аман, жұрт тыныш болса, діннің де жағдайы жақсарары белгілі.

Ал ақпаратты қасақана бұрмалап, елді дүрліктіру заңмен жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске салып өткім келеді.

 

Балғабек МЫРЗАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары

0 пікір