АБАЙ АМАНАТЫ – АДАЛ ЕҢБЕК
АБАЙ АМАНАТЫ – АДАЛ ЕҢБЕК
26.06.2018
132
0

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбай­ұлының ойы мен сөзі, өнегесі уақыт сынынан сүрінбей өтті. Қандай  да  қиындық пен тұтқиылдан алып шығар жолды нұсқаған Абай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап», –  деп бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беріп, жол көрсеткен.
Осы жолда ақын өсиеті туған халқы үшін өркениеттің өріне жүргізетін, маңдай түзер темірқазығы болды. Бірақ біз еріншектік, пайдақұмарлық, көрсеқызарлық, байлаусыздықты жеңе алдық па?
Абай өз шығармаларында елдің ел болуы халықтың өзін-өзі тәрбиелеуіне, қоғамның кертартпа әдеттерден арылуына байланысты деп білген.
Абай айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, арын сатып тіленген малы құрсын», «Еңбек – қуаныш, жалқаулық арылмас азап», «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық» деп ақын заман шерін ақтарған.
Абай еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Оның ойынша, еңбектен қашып, жұмысты жек көрген адамның өмірі бір-бірін аңдумен, бір-бірін тонаумен өтеді.
Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар
Болмаған соң жұмыс қып,
мал табарлық…
Ниеті мен талабы, еңбегі мен өнері жоқ елде алдау, ұрлау, берекесіздік орын алатыны белгілі.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын, – деп ақын алаяқтық пен алауыздық енген елдің масыл тірлігінен:
Арын сатып, ант ұрып іздегені
Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас, – деп жерінген. Арыңды сатып, иманыңды саудаға салып мал тапқаннан гөрі:
Жалға жүр, жат жерге кет,
мал тауып кел, – дей отырып данышпан ары мен иманын сатып мал тапқан адамды мүлде кісі қатарына қоспайды.
Абай, егер еңбегің елдің қажетіне, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те шын еңбек болмақ емес деп білген. Ол сондықтан да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – дейді.
Абай  халықтың болашағы жастардың қолында деп білді. Өз өлеңдерін де көбіне соларға арнады. «Талапты ерге нұр жауар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» деп өнер іздеуге, адал еңбек етуге шақырады. Мұны:
Адал жүріп, адал тұр,
Есебің тура келуге.
Жаның жақса, соңынан,
Жалқауланба еруге…
Бес нәрседен қашық бол.
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз,.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс, көнсеңіз…
…Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл, – деген өлең жолдары адал еңбек еткен адамның жолы болатынын, алдына мақсат қою керектігін түсінуге жетелейді.
Қоғамда араны ашылған пайдакүнемдік, баюға деген құштарлық тойымсыздыққа әкеліп соғатынын Абай сол кездің өзінде аса қауіпті құбылыс деп көрсеткен:
Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып, түзден жимас…
…Алса қоймас, араны тағы тоймас.
Әрқашан ар-ұятты өзіңе серік ете жүріп еңбек ізде, жалқаулықтан безін, кәсіп ізде, өнер тап дейді. Бұл ойларын ол «Сегіз аяғында» анық етіп ескертеді:
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде…
Ақын ұлттық дәстүрімізді сақтап, имандылық, ар-ұят, қанағат, мейірім деген түсініктерді тәрк етпеген саналы жанды ұлық тұтады.
Абайдың сөзі мен өсиеті өмірдің барлық саласында өзекті. Қалай өмір сүріп, еңбек етуге үйрететін өмір оқулығы. Ұлы ақын ұлағаты да осында.
Сондықтан әрбір қазақтың үстелінде Абайдың жинағы жатса,  ұлы ақын өлеңдері мен ғақлия сөздерін қазақ баласы тегіс танып, тегіс білсе, құба-құп.
Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген азамат Абайға жүгінсе, жол таппай қоймайды. Дара да, дана ақынның асыл мұрасынан сусындаған адам жаманнан жиреніп, өтірік, ұрлық, бекер мал шашпақ сияқты ұятты істерден бойын аулақ ұстары сөзсіз.

 

Шынар Мұратқызы,
Абайдың мемлекеттік қорық-
мұражайының бөлім жетекшісі

 

0 пікір