Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
мемлекеттік коммуналдық мекемесінің
ресми сайты

ЗАҢ



Қазақстан Республикасының
«Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заңы

ДІНИ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕР ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-IV Заңы

Осы Заң Қазақстан Республикасының өзiн демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепiлдiк беретiнiн, ханафи бағытындағы исламның және православиелiк христиандықтың халықтың мәдениетiнiң дамуы мен рухани өмiрiндегi тарихи рөлiн танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетiн басқа да дiндердi құрметтейтiнiн, конфессияаралық келiсiмнiң, дiни тағаттылықтың және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтеудiң маңыздылығын танитынын негiзге алады.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ғибадат үйi (ғимараты) – құдайға құлшылық етуге, дұға оқылатын және дiни жиналыстарға, дiни тәу етуге (мiнажат етуге) арналған орын;
2) дiни қызмет – дiндарлардың дiни қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
3) дiни қызметшi – дiни, уағыздаушылық қызметке тиiстi дiни бiрлестiк уәкiлеттiк берген адам;
4) дiни бiрлестiк – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде дiни қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен бiрiккен ерiктi бiрлестiгi;
5) миссионерлiк қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасында тiркелген дiни бiрлестiктердiң атынан Қазақстан Республикасының аумағында дiни iлiмдi таратуға бағытталған қызметi;
6) уәкiлеттi орган – дiни қызмет саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк- құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Eгep Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленген болса, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
3-бап. Мемлекет және дiн
1. Мемлекет дiн мен дiни бiрлестiктерден бөлiнген.
2. Дiни бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар дiнге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.
3. Ешбiр дiн мемлекеттiк немесе мiндеттi дiн ретiнде белгiленбейдi.
4. Дiни бiлiм беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесi дiн мен дiни бiрлестiктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады.
5. Заңды дiни қызметке кедергi келтiруге, жеке тұлғалардың дiнге көзқарасы себептерi бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың дiни сезiмдерiн қорлауға, қандай да бiр дiндi ұстанушылар қастерлейтiн заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдiруге жол берiлмейдi.
6. Әркiм Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дiни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысуға және миссионерлiк қызметпен айналысуға құқылы.
7. Ешкiмнiң де өз дiни нанымдары себептерi бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген мiндеттерiн атқарудан бас тартуға құқығы жоқ. Дiни қызметшiлер, миссионерлер, дiни бiрлестiктердiң басшылары немесе қатысушылары (мүшелерi) болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары саяси өмiрге Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен бiрдей тек өз атынан ғана қатыса алады.
8. Дiн мен дiни бiрлестiктердiң мемлекеттен бөлiну қағидатына сәйкес мемлекет:
1) Қазақстан Республикасы азаматының, шетелдiк пен азаматтығы жоқ адамның дiнге және ұстанатын дiнiне өз көзқарасын айқындауына, ата- аналардың немесе балалардың өзге де заңды өкiлдерiнiң балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуiне, мұндай тәрбиелеу баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершiлiгiн шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендiгiне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда, араласпайды;
2) дiни бiрлестiктерге мемлекеттiк органдардың функцияларын орындауды жүктемейдi;
3) егер дiни бiрлестiктердiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, дiни бiрлестiктердiң қызметiне араласпайды;
4) дiн ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлi дiни бiрлестiктер арасында өзара төзушiлiк пен құрметтеу қатынастарын орнатуға жәрдемдеседi.
9. Дiн мен дiни бiрлестiктердiң мемлекеттен бөлiну қағидатына сәйкес дiни бiрлестiктер:
1) мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметiне араласпайды;
2) саяси партиялардың қызметiне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейдi, саяси қызметпен айналыспайды;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.
10. Дiни негiздегi партиялардың қызметiне, мақсаттары мен iс-әрекетi мемлекетте бiр дiннiң үстемдiгiн орнықтыруға, оның iшiнде зорлық- зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа үндеумен және өзге де құқыққа қарсы iс-әрекеттермен байланысты дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған дiни бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне тыйым салынады.
11. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне, сол сияқты Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дiнге көзқарасын айқындауда, дiни бiрлестiктердiң қызметiне, дiни жораларға және (немесе) дiндi оқып-үйренуге қатысуына немесе қатыспауына қандай да бiр мәжбүрлеуге жол берiлмейдi.
12. Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға зорлық-зомбылық көрсетумен немесе олардың денсаулығына өзге де зиян келтiрумен не ерлi-зайыптылардың некесiн бұзумен (отбасының бұзылуымен) немесе туыстық қарым-қатынастарды тоқтатумен, имандылыққа нұқсан келтiрумен, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзумен, азаматтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген мiндеттерiн атқарудан бас тартуға түрткi болумен және Қазақстан Республикасының заңнамасын өзге де бұзушылықпен ұштасатын дiни бiрлестiктер қызметiне жол берiлмейдi.
13. Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, оның iшiнде қайырымдылық қызмет арқылы және (немесе) олардың дiни бiрлестiктерден шығуына кедергi келтiретiн, оның iшiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық немесе өзге де тәуелдiлiгiн пайдалана отырып бопсалау, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту жолымен не алдау жолымен өз қызметiне мәжбүрлеп тартатын дiни бiрлестiктердiң қызметiне жол берiлмейдi.
14. Дiни бiрлестiктiң қатысушыларын (мүшелерiн) және дiн ұстанушыларын дiни бiрлестiктiң, оның басшылары мен басқа да қатысушыларының (мүшелерiнiң) пайдасына өздерiне тиесiлi мүлкiн иелiктен шығаруға мәжбүрлеуге жол берiлмейдi.
15. Дiндi және дiни көзқарастарды пайдалана отырып, мемлекеттiк органдардың қызметiне қасақана iрiткi салуға, олардың үздiксiз жұмыс iстеуiнiң бұзылуына, елдегi басқарушылық деңгейiн төмендетуге әкеп соғатын шешiмдердi қабылдауға және iс-әрекеттер жасауға жол берiлмейдi.
16. Дiни бiрлестiктiң басшысы кәмелетке толмағандардың ата-анасының бiреуi немесе оның өзге де заңды өкiлдерi қарсылық бiлдiрген кезде кәмелетке толмағандарды дiни бiрлестiктiң қызметiне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.

2-тарау. ДIНИ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

4-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
1) дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын қалыптастыруға және iске асыруға қатысады;
2) Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, дiни бiлiм беру ұйымдарының қызметiн зерделеп, оған талдау жүргiзедi;
3) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша түсiндiру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз етедi;
4) Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
5) дiни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл мәселелерi бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының қызметiн үйлестiредi;
6) дiнтану сараптамалары және дiни бiрлестiктердi құруға бастамашы азаматтар тiзiмдерiне тексеру жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
7) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзушылықтарға қатысты өтiнiштерiн қарайды;
8) шет мемлекеттердiң дiни қызмет саласындағы уәкiлеттi органдарымен ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
9) республика аумағындағы шетелдiк дiни бiрлестiктердiң қызметiне, шетелдiк дiни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер басшыларын тағайындауына келiсiм бiлдiредi;
10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
5-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының дiни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл мәселелерi бойынша құзыретi
Дiни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл мәселелерi бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) өңiрдегi дiни ахуалға зерделеу және талдау жүргiзедi;
2) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
3) жергiлiктi деңгейде өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi;
4) дiни әдебиеттi және дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды тарату үшiн арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекiтедi, сондай-ақ ғибадат үйлерiнен (ғимараттарынан) тыс жерлерде дiни жораларды өткiзуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын келiседi;
5) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) салу туралы, олардың орналасатын жерiн анықтау, сондай-ақ үйлердi (ғимараттарды) ғибадат үйлерi (ғимараттары) етiп қайта бейiндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешiмдер қабылдайды;
6) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасы жергiлiктi атқарушы органдарға жүктейтiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
6-бап. Дiнтану сараптамасы
1. Уәкiлеттi орган мынадай негiздер бойынша дiнтану сараптамасын жүргiзудi қамтамасыз етедi:
1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың уәкiлеттi органға өтiнiштерi;
2) Қазақстан Республикасы ұйымдарының кiтапхана қорларына, сондай-ақ уәкiлеттi органға дiни әдебиеттiң, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келiп түсуi;
3) жеке тұлғалардың миссионер ретiнде тiркеу және дiни бiрлестiктердi тiркеу туралы өтiнiшi;
4) жеке өзi пайдалануға арналған материалдарды қоспағанда, дiни мазмұндағы ақпараттық материалдардың әкелiнуi;
5) уәкiлеттi орган басшысының бұйрығы.
2. Құрылтай құжаттары, сондай-ақ дiни мазмұндағы басқа да құжаттар, дiни бiлiм беру бағдарламалары, дiни мазмұндағы ақпараттық материалдар мен дiни мақсаттағы заттар дiнтану сараптамасы объектiлерiне жатады.
3. Дiнтану сараптамасын дiнтану саласында арнайы бiлiмi бар адамдар, қажет болған жағдайда мемлекеттiк органдардың өкiлдерiн және өзге де мамандарды тарта отырып, жүргiзедi.
4. Дiнтану сараптамасын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ДIНИ ҚЫЗМЕТ

7-бап. Дiни жоралар мен рәсiмдер
1. Дiни бiрлестiктер құлшылық ету орындарын ұстауға құқылы.
2. Құдайға құлшылық ету, дiни жоралар, рәсiмдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерiнде (ғимараттарында) және оларға бөлiнген аумақта, құлшылық ету орындарында, дiни бiрлестiктер мекемелерi мен үй- жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделерi сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнде бөгетсiз жүргiзiледi (жасалады). Өзге жағдайларда дiни iс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Құдайға құлшылық етудi, дiни жораларды, рәсiмдердi және (немесе) жиналыстарды өткiзуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлiк қызметтi жүзеге асыруға:
1) осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың
2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердiң
3) дiни бiлiм беру ұйымдарын қоспағанда, бiлiм беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берiлмейдi.
4. Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететiн арнайы мекемелерде ұсталатын, жазаны орындайтын мекемелерде отырған, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде әлеуметтiк қызмет көрсетуден өтетiн, стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарының емделушiлерi болып табылатын адамдарға олардың немесе олардың туысқандарының тiлегi бойынша салт жораларының қажеттiлiгi жағдайында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген дiни бiрлестiктердiң дiни қызметшiлерi шақырылады. Бұл ретте дiни жораларды, рәсiмдердi және (немесе) жиналыстарды өткiзу аталған ұйымдардың қызметiне кедергi келтiрмеуге, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзбауға тиiс.
8-бап. Миссионерлiк қызмет
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.
2. Миссионерлiк қызметтi жүзеге асыратын адамдарды тiркеудi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi құжаттар ұсынылған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмде жүргiзедi. Миссионер ұсынған материалдар бойынша қорытынды алу үшiн дiнтану сараптамасын жүргiзу кезiнде тiркеу мерзiмi тоқтатыла тұрады.
3. Қазақстан Республикасының аумағындағы миссионерлер уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.
4. Миссионерлер тiркелу үшiн уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) паспортының немесе жеке куәлiгiнiң көшiрмесiн;
2) миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiштi;
3) дiни бiрлестiктiң атынан миссионерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген құжатты;
4) миссионер өкiлi болып табылатын дiни бiрлестiктi Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң және оның жарғысының көшiрмесiн;
5) миссионерлiк қызметке арналған дiни әдебиеттi, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды ұсынады. Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионер ретiнде тiркелу үшiн уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне мынадай құжаттарды:
1) миссионер оның атынан өкiлдiк ететiн дiни бiрлестiктiң шет мемлекеттiң заңнамасы бойынша ресми тiркелгендiгiн куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты;
2) Қазақстан Республикасында тiркелген дiни бiрлестiктiң шақыруын қосымша ұсынады. Шет мемлекеттер берген құжаттардың қазақ және орыс тiлдерiне аудармасының дұрыстығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрiнде табыс етiледi.
5. Миссионер ретiнде тiркеуден өту үшiн құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дiнтану сараптамасының терiс қорытындысы негiзiнде, сондай-ақ, егер оның миссионерлiк қызметi конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртiпке, адамның құқықтары мен бостандығына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндiретiн болса, тiркеуден бас тартылады.
6. Миссионерлердiң дiни мазмұндағы материалдарды және дiни мақсаттағы заттарды пайдалануына дiнтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейiн ғана жол берiледi.
7. Миссионерлiк қызметтi тiркеусiз жүзеге асыруға тыйым салынады.
9-бап. Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар, дiни бiрлестiктер өздерiнiң қалауы бойынша дiни әдебиеттi, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды сатып алуға және пайдалануға құқылы.
2. Дiни әдебиеттi, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерiнде (ғимараттарында), дiни бiлiм беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары арнайы белгiлеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол берiледi.
3. Жеке пайдалануға арналғандарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына дiни мазмұндағы ақпараттық материалдарды әкелудi тiркелген дiни бiрлестiктер ғана дiнтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейiн жүзеге асырады.
4. Дiни бiрлестiк шығаратын және (немесе) тарататын дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарда дiни бiрлестiктiң толық атауы болуға тиiс.
10-бап. Қайырымдылық қызметi
1. Дiни бiрлестiктер қайырымдылық қызметiн жүзеге асыруға және қайырымдылық ұйымдарын ашуға құқылы.
2. Қайырымдылықты жүзеге асыру кезiнде дiни қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық тәуелдiлiгiн (мұқтаждығын) пайдалануға жол берiлмейдi.
11-бап. Дiнге сенушiлердiң және дiни бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары мен қарым-қатынастары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар мен дiни бiрлестiктер олардың мiнажат етуге, жиналыстар мен басқа да дiни iс-шараларға қатысу үшiн шетелге шығып тұруын қоса алғанда, халықаралық байланыстар мен жеке қарым-қатынас орнатуға және қатынастарын үзбеуге құқылы.
2. Дiни бiрлестiктер дiни бiлiм беру ұйымдарында оқыту үшiн шетелге Қазақстан Республикасының азаматтарын жiбере алады және Қазақстан Республикасының аумағындағы дiни бiлiм беру ұйымдарында оқыту үшiн шетелдiктердi, азаматтығы жоқ адамдарды қабылдай алады.

4-тарау. ДIНИ БIРЛЕСТIКТЕРДI ҚҰРУ, МЕМЛЕКЕТТIК ТIРКЕУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ, ТАРАТУ

12-бап. Дiни бiрлестiктердiң мәртебесi
1. Қазақстан Республикасында: жергiлiктi, өңiрлiк және республикалық мәртебесi бар дiни бiрлестiктер құрылуы және әрекет етуi мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасының кемiнде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегiнде әрекет ететiн дiни бiрлестiк жергiлiктi дiни бiрлестiк болып танылады.
3. Кемiнде екi облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкiлдiк ететiн, олардың әрқайсысынан Қазақстан Республикасының кемiнде екi жүз елу азаматы бар екi және одан да көп жергiлiктi дiни бiрлестiктердiң қатысушылары (мүшелерi) болып табылатын, Қазақстан Республикасының кемiнде бес жүз азаматының бастамасы бойынша құрылған дiни бiрлестiк өңiрлiк дiни бiрлестiк болып танылады.
Өңiрлiк дiни бiрлестiктер осы жергiлiктi дiни бiрлестiктердiң қызметi аумағының шегiнде құрылып, өз қызметiн жүзеге асырады.
4. Барлық облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкiлдiк ететiн, Қазақстан Республикасының кемiнде бес мың азаматының бастамасы бойынша құрылған, олардың әрқайсысында Қазақстан Республикасының кемiнде үш жүз азаматы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) бар дiни бiрлестiк республикалық дiни бiрлестiк болып танылады.
13-бап. Дiни бiрлестiктердi құру
1. Дiни бiрлестiк он сегiз жасқа толған, құрылтай жиналысын (съезiн, конференциясын) шақыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамасы бойынша құрылады, онда дiни бiрлестiктi құру, оның атауы, жарғысы туралы шешiмдер қабылданады және оның басшылық органдары құрылады. Азаматтар құрылтай жиналысына (съезiне, конференциясына) өз еркi бойынша жеке түрде қатысады.
2. Дiни бiрлестiктiң мынадай белгiлерi:
1) ортақ дiни iлiмi;
2) дiни жораларды, рәсiмдер мен уағыздарды орындау;
3) өз қатысушыларын (мүшелерiн) және дiн ұстанушыларын дiнге тәрбиелеу;
4) қызметiнiң дiни бағыты болуға тиiс.
3. Республикалық дiни бiрлестiктер мен өңiрлiк дiни бiрлестiктер өз жарғыларына сәйкес дiни қызметшiлер даярлаудың кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыратын мекемелер нысанында дiни бiлiм беру ұйымдарын құруға құқылы.
4. Дiни бiлiм беру ұйымдарын қоспағанда, дiни бiрлестiктен басқа өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда дiни қызметпен айналысатын заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметiне жол берiлмейдi.
5. Мемлекеттiк органдарда, ұйымдар мен мекемелерде, бiлiм беру және денсаулық сақтау ұйымдарында дiни бiрлестiктердiң ұйымдық құрылымдарын құруға жол берiлмейдi.
14-бап. Дiни бiрлестiктiң атауы
1. Дiни бiрлестiктiң атауы ұстанатын дiнi мен мәртебесiн қамтуға тиiс.
2. Толық және қысқартылған атауы мен оның нышаны Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердiң мемлекеттiк рәмiздерiн, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, Қазақстан Республикасында тiркелген дiни бiрлестiктердiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуына байланысты тыйым салынған және (немесе) таратылған дiни бiрлестiктердiң атауы мен нышанын толық немесе оның елеулi бөлiгiнде қайталамауға тиiс.
15-бап. Дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеу
1. Дiни бiрлестiк оны мемлекеттiк тiркеген сәттен бастап заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгiне ие болады.
2. Республикалық дiни бiрлестiктердi және өңiрлiк дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.
Жергiлiктi дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеудi, филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеудi аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.
3. Дiни бiрлестiктi құру туралы шешiм қабылданған сәттен бастап екi ай мерзiм iшiнде тiркелу үшiн тiркеушi органға өтiнiш берiледi. Өтiнiшке:
1) дiни бiрлестiк басшысының қолы қойылған дiни бiрлестiктiң жарғысы;
2) құрылтай жиналысының (съезiнiң, конференциясының) хаттамасы;
3) құрылатын дiни бiрлестiктiң бастамашы азаматтарының тiркеушi орган белгiлеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткiзгiштердегi тiзiмi;
4) дiни бiрлестiктiң орналасқан жерiн растайтын құжат;
5) дiни iлiмнiң пайда болу тарихы мен негiздерiн ашып көрсететiн және осы iлiмге сәйкес келетiн дiни қызмет туралы мәлiметтер қамтылған дiни баспа материалдары;
6) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу үшiн алымдар төлемiн растайтын құжат;
7) дiни бiрлестiктiң басшысын сайлау туралы шешiм не шетелдiк дiни орталық басшыны тағайындаған жағдайда, уәкiлеттi органмен келiсiлгенiн растайтын құжат қоса берiледi.
4. Өңiрлiк дiни бiрлестiктi тiркеу кезiнде тiркеушi орган белгiлеген нысан бойынша өңiрлiк дiни бiрлестiктердi құруға бастамашылық жасаған жергiлiктi дiни бiрлестiктердiң әрқайсысының қатысушыларының тiзiмi, сондай-ақ олардың жергiлiктi дiни бiрлестiктерi жарғыларының нотариат куәландырған көшiрмелерi қосымша табыс етiледi.
5. Республикалық дiни бiрлестiктер мәртебесiн растау үшiн тiркелген күнiнен бастап бiр жыл өткенге дейiн тiркеудi жүзеге асыратын органға олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) аумақтық әдiлет органдарында есептiк тiркеуден өткенiн растайтын құжаттардың көшiрмелерiн ұсынуға мiндеттi.
6. Осы баптың 5-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда, республикалық дiни бiрлестiк Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қайта ұйымдастырылуға немесе таратылуға жатады.
7. Дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеу және олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн есептiк тiркеу, дiни бiрлестiктердi қайта тiркеу, тiркеуден бас тарту осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, «Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттiк тiркеудiң (қайта тiркеудiң) мерзiмiне дiнтану сараптамасын жүргiзу және дiни бiрлестiктi құруға бастамашы азаматтар тiзiмiнiң осы Заңның талаптарына сәйкестiгiн тексеру үшiн үзiлiс жасалады.
9. Тiркеушi орган мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) мерзiмiне үзiлiс жасау туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей уәкiлеттi органға дiнтану сараптамасын жүргiзу және дiни бiрлестiктер құруға бастамашы азаматтар тiзiмдерiн тексерудi ұйымдастыру үшiн қажеттi құжаттардың көшiрмелерiн жiбередi.
10. Ұсынылған құжаттардың заңнамаға сәйкестiгiн тексерудiң, жүргiзiлген дiнтану сараптамасының, дiни бiрлестiктi құруға бастамашы азаматтардың тiзiмiн тексерудiң нәтижелерi бойынша дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеу туралы немесе мемлекеттiк тiркеуден бас тарту туралы шешiм қабылданады.
16-бап. Дiни бiрлестiктiң жарғысы
1. Дiни бiрлестiк өз қызметiн жарғының негiзiнде жүзеге асырады, онда мыналар:
1) атауы, қызметiнiң мәнi мен мақсаттары;
2) орналасқан жерi және оның шегiнде өз қызметiн жүзеге асыратын аумақ
3) құрылымы, басқару органдарын қалыптастыру тәртiбi мен олардың құзыретi;
4) қатысушыларының (мүшелерiнiң) құқықтары мен мiндеттерi;
5) ұстанатын дiнi, дiни iлiмiнiң негiздерi және осы iлiмге сәйкес келетiн дiни қызметi туралы мәлiметтер;
6) дiни бiрлестiктiң мүшесi етiп қабылдаудың және одан шығудың шарттары мен тәртiбi;
7) мүлiктi қалыптастыру көздерi;
8) құрылтай құжаттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;
9) қызметiн қайта ұйымдастыру және оны тоқтату шарттары;
10) таратылған жағдайда мүлiктi пайдалану тәртiбi;
11) филиалдар мен өкiлдiктер туралы мәлiметтер болуға тиiс.
2. Дiни бiрлестiктiң жарғысында оның қызметiне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.
3. Дiни iлiм негiздерi мен дiни қызмет туралы мәлiметтерде негiзгi дiни идеялар, дiни бiрлестiк қызметiнiң нысандары, осы дiни бiрлестiк қатысушыларының (мүшелерiнiң) және басқа да адамдардың неке мен отбасына, бiлiмге, денсаулыққа көзқарасының ерекшелiктерi, оның қатысушылары (мүшелерi) мен қызметшiлерiнiң конституциялық құқықтары мен мiндеттерiн iске асыруға көзқарасы қамтылуға тиiс.
17-бап. Дiни бiрлестiктi тiркеуден бас тарту
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, сондай-ақ құрылтай құжаттарындағы және өзге де ұсынылған құжаттардағы мәлiметтер дәйексiз болса және (немесе) құрылатын бiрлестiк дiнтану сараптамасының нәтижелерi негiзiнде дiни бiрлестiк ретiнде танылмаған жағдайларда дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеуден, оның құрылымдық бөлiмшесiн (филиалы мен өкiлдiгiн) есептiк тiркеуден бас тартылады.
2. Тiркеуден бас тартылған жағдайда сотқа шағымдануға болады.
18-бап. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату
1. Дiни бiрлестiктердi қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қосылу, бiрiгу, бөлiну, қайта құру және бөлiнiп шығу жолымен дiни бiрлестiктiң құрылтай құжаттары уәкiлеттiк берген органның шешiмi бойынша не сот шешiмi бойынша жүзеге асырылады. Дiни бiрлестiк тек басқа дiни бiрлестiк болып немесе жеке мекеме болып қайта құрылуы мүмкiн. Дiни бiрлестiктердi қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылған ұйымдар осы Заңның талаптарына сәйкес келген жағдайда дiни бiрлестiктер ретiнде тiркелуi мүмкiн.
2. Дiни бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру және оны тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
19-бап. Мемлекет және шетелдiк дiни бiрлестiктер
1. Шетелдiк дiни орталық уәкiлеттi органмен келiспей тағайындаған дiни бiрлестiк басшысының қызметiн жүзеге асыруына жол берiлмейдi.
2. Шетелдiк дiни орталық дiни бiрлестiктiң басшысы лауазымына кандидатты келiсу үшiн уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) кандидат туралы, оның шетелдiк дiни орталықтағы бұрынғы қызметi туралы мәлiметтер қамтылған қолдаухатты;
2) кандидатты Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн дiни бiрлестiктiң басшысы етiп тағайындау туралы шешiмдi;
3) дiни бiрлестiктiң басшысы лауазымына кандидаттың паспортының немесе жеке куәлiгiнiң көшiрмесiн ұсынады.
Құжаттар қазақ және орыс тiлдерiне аудармасының дұрыстығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрiнде табыс етiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген құжаттарды уәкiлеттi орган олардың ұсынылған күнiнен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қарайды.
4. Егер Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiк басшысының қызметi конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртiпке, адам құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндiретiн болса, уәкiлеттi орган шетелдiк дiни орталықтың оны тағайындауына келiсуден бас тартады.

5-тарау. ДIНИ БIРЛЕСТIКТЕРДIҢ МҮЛIКТIК ҚҰҚЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ

20-бап. Дiни бiрлестiктердiң меншiгi
1. Дiни бiрлестiктердiң өз қаражаты есебiнен сатып алынған немесе жасалған, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, ұйымдардың қайырмалдықтарға берген немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiкке меншiк құқығы бар.
2. Меншiк құқығындағы жылжымайтын және жылжымалы мүлiк дiни бiрлестiктердiң меншiгi болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жердегi мүлiк те дiни бiрлестiктердiң меншiгiнде болуы мүмкiн.
4. Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқа да қайырмалдықтар сұрауға және оларды алуға құқылы.
5. Дiни бiрлестiктердiң меншiк құқығы заңмен қорғалады.
21-бап. Мемлекеттiң, ұйымдар мен жеке тұлғалардың меншiгi болып табылатын мүлiктi пайдалану
1. Дiни бiрлестiктер өздерiне шарттық негiзде берiлген үйлердi, аумақты және мүлiктi пайдалануға құқылы.
2. Дiни мақсаттағы тарих және мәдениет ескерткiштерi дiни бiрлестiктердiң пайдалануына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлуi мүмкiн.
22-бап. Таратылған дiни бiрлестiктiң мүлкiне иелiк ету
1. Дiни бiрлестiк таратылған немесе қызметi тоқтатылған кезде оның меншiгiнде болған мүлiкке иелiк ету оның жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Құқық мирасқорлары болмаған кезде мүлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүлiк туралы заңнамасына сәйкес мемлекет меншiгiне өтедi.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

23-бап. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Өтпелi ережелер
1. Дiни бiрлестiктер осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жылдың iшiнде осы Заңның талаптарына сәйкес өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге мiндеттi. Сонымен бiр мезгiлде тiркеушi органға дiни бiрлестiктiң мәртебесiн растайтын құжаттар табыс етiледi.
2. Дiни мүдделерi мен қажеттiлiктерiн қанағаттандырумен айналысатын және осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн дiни бiрлестiктен басқа өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жылдың iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.
3. Көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн өздерiнiң құрылтай құжаттарын осы Заңның талаптарына сәйкес келтiрмеген заңды тұлғалар дiни бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органның жүгiнуi бойынша сот тәртiбiмен таратылады.
25-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. «Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы» 1992 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1992 ж., № 4, 84-құжат; 1995 ж., № 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53- құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат) күшi жойылды деп танылсын.


СІЗДІҢ ПІКІРІҢІЗ


Сіздің ойыңызша, «Ыстық бағыт-110» қызметі қажет пе?



2331:556

Қолданушылар саны






Яндекс.Метрика