Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
мемлекеттік коммуналдық мекемесінің
ресми сайты

АБДУСАМАТ ҚАСЫМ: НАҒЫЗ МҰСЫЛМАН ҚОҒАМҒА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАЙДЫ



Ислам бейбіт өмірді, тыныш тіршілікті, ынтымақты қарым-қатынасты насихаттайтын болса, мұсылман осы аталған ұғымдарға айрықша көңіл бөліп, назарда ұстауы тиіс. Дегенмен, жұртшылық арасында кей кезде діни таным-түсінік мәселесінде келіспеушіліктер көрініс тауып жатады. Мұның себебі де жоқ емес. Islam.kz  діни ағартушылық сайтының діни сарапшысы, белгілі исламтанушы Абдусамат Қасыммен осы тақырып төңірегінде әңгіме тарқаттық. – Абдусамат Тұрғынұлы, қазіргі кездегі жалпы жұртшылықтың, жастардың дінге бет бұрысына қандай баға бересіз? Қоғамдағы діни ахуал туралы пікіріңіз? – Аллаға шүкір, халқымыздың, соның ішінде жастардың дінге деген бет бұрысы күннен-күнге артып жатқаны байқалады. Жалпы, елдегі діни ахуалдың, дәлірек айтқанда діндарлардың діни білім деңгейлері де күн санап кеңейіп жатқандығы да мәлім. Бұл – әлеуметтік желілерде кең түрде діни бағытта жазылып жатқан жазбалар, мешіт мінберінде айтылып жатқан уағыздар, медреселерде беріліп отырған дәрістердің, жүйелі жолға түскен уағыз-насихаттардың жемісті нәтижесі деп ойлаймын. Дегенмен, әлі де діни ахуалдың күйі жетілуді қажет етеді. Бұл – әрине, уақыттың еншісінде. Дәл қазіргі біздің елдегі мұсылманшылық әлі буыны қата қоймаған жас бала тәріздес. Жекелеген түрде қарағанда, білімді кісілер жоқ емес, бар. Бірақ, бәрібір жаттандыдан гөрі көкірек көзі ояу ойшылдар, дуалы ауыз данагөйлер, жан-жақты сауатты діндар мұсылман тұлғалар әзірге елімізде жоқтың қасы. Болашақта мұндай тұлғалардың қалыптасатынына сенімдімін.  – Сіздіңше діндарлық пен діншілдік ұғымы бір ме, әлде бөлек пе? – «Діндарлық» дегенде, менің ойыма тақуа кісі елестейді: Қолдан келгенше шариғаттың бұйырғанын орындап, тыйғанынан тыйылып жүрген, өсек-аяңнан, біреудің ала жібін аттаудан аулақ, сүннет-мұстахабтарды тәрк еткенінен гөрі, оларды амалға асырғаны көп мұсылман. «Діншілдік» дегенде, көбіне діни мәселеде асыра сілтеушілік ойға келеді. Ислам діні – жеңіл әрі икемді. Уақыт талғамайды.  Әйткенмен де, тілдік тұрғыда екеуінің де мағыналары бір.  – Соңғы уақытта қоғам ішінде, әсіресе, әлеуметтік желілерде дін мен дәстүрді немесе ұлт пен шариғатты бір-біріне қарсы қою яки бөлек дүние етіп көрсету үрдісі байқалады. Шындығы қайсы? – Дін мен дәстүр сабақтастығы бүгінде күн тәртібіндегі нәрсе. Асыл дініміз жеркілікті салт-дәстүрмен және әдет-ғұрыппен санасатындығы, оларды назардан тыс қалдырмайтындығы анық. Ислам шариғатында кей мәселелерде жергілікті әдет-ғұрыпқа қарай үкім шығарылады. «әл-Адәту мүхаккәмә» деген қағида бар. Мағынасы: «Әдет-ғұрып – үкім анықтауда жүгінетін орын». Ханафи ғалымы Имам Сәрәхси былай деген: «Әдет-ғұрыппен бекітілген үкім – насспен (аят-хадис) бекітілген үкіммен тең». Алайда, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген өнегелі сөзді еш ұмытпауымыз керек. Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлердің де ақылға сыйымсыз, адамның өмір салтына теріс келетін тұстары болады. Өйткені, әдет-ғұрыптар – түптеп келгенде, адамдардың туындысы. Тәңірлік уахиға сүйенбейді. Сол себептен, олардың да тозығы жеткендері болуы мүмкін. Біз – мұсылмандар, төл дініміз – Исламды киелі деп білеміз. Ол – құдіреті күшті Жаратушы тарапынан келген «құдайы заң» деп сенеміз. Құдайдан күшті, одан білгір, одан асқан еш нәрсе жоқ. Жаратушымыздан жеткендіктен дініміз кемшіліксіз болатындығы сөзсіз. Сол себепті, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлердің ақ-қарасын діннің іргелі сенім-негіздері мен іргелі қағидаттарына салыстыра анықтаймыз. Дінімізге сәйкес болса, қабыл етіледі. Дінге қайшы келген кейбірі теріске шығарылады. Дегенмен, айта кету керек, қазақи салт-дәстүрлердің дінге сәйкес келмейтіндерінен гөрі үндес түсетін тұсы өте көп. Кейбірі ғана болмаса (олардың өзі қазақ ұлтында ұмытылып жатқандар), басым көпшілігі дінімізге сай. Бұны көптеген жазбаларымызда айтып келеміз. – Осы тұрғыда «Дәстүрлі Ислам діні» дегенді қалай түсіндіресіз?   – «Дәстүрлі Ислам діні» деген сөз – Мұхаммед пайғамбарымыздан бастап, оның ізімен жүруші сахаба-и кирам, табиғин және сәләф ғұламалардан жалғасып келе жатқан, әлемдегі көпшілік мұсылмандардың ұстанатын діни  түсінікті білдіреді. Дәлірегі, «Әһли сүннә уәл жамағат» жолы. Сүнниттік ұстаным. Пайғамбарымыздың тілімен айтқанда «Сәуәдуль Ағзам» – Қарақұрым жолы. Бұл жерде «дәстүрлі» сөзі тілдік мағынада қолданылып тұр: «Ортодоксальды» деген ұғымда. – Дін ұстану арабшылдық болып көрінуінің бір себебі уағыз-насихаттың қайнар көзі мен бояуында жатқан секілді. Мешіт мінберлерінде қазақтан шыққан дін ғалымдарының еңбектері айтыла бермейді. Тарихымызда дін қайраткерлері санаулы ғана ма? Олардың еңбектері неліктен көбірек танылмайды, уағыз барысында қолданылмайды? – «Арабшылдық» деген сөзге қарсымын өз басым. Мүмкін кей мәселелерде бұл сөзді қолдануға болатын шығар. Жалпы алғанда, «арабшыл Ислам» болмайды. Ислам діні – бір. Бәріне ортақ. Ол – Құран және сүннеттен әрі ғұламалардың ижмасынан тұрады.   Құран және сүннет араб тілінде болғандықтан Ислам ғалымы болу үшін араб тілін меңгеруіміз шарт. Өйткені, Құран мен сүннетті және іргелі діни әдебиеттерді түпкі нұсқасында оқымай Ислам ғалымы болам деу бекер.   Бұл жерде, «араб болайық» деп айтқалы отырмағанымды ескерте кеткім келеді. Араб тілінен, араб ұлтынан безу және ол ұлтқа жек көрінішпен қарау - дұрыс емес деп отырмын. Әр ұлттың жаманы да бар, жақсысы да жетіп асады. Кейбір қандастарымыз «арабқұл» деген сөздерді қолданып жатады. XX ғасырда Еуропада «антиарабизм» белең алды. Басында еуропалықтар Исламмен күресті. Одан кейін олар арабтардың өздеріне шүйлікті. Соның әсерінен әлемде араб деген ұлтқа теріс көзқарас қалыптасқан. Бұл – саясат. Тарихта түркі тілдес дін ғұламалар көп болған. Олардың бәрі көбіне араб тілінде сөйлеп, араб тілінде еңбек жазды. Біріншіден, дін ілімі үшін араб тілі маңызды, екіншіден – ол заманда барлық мұсылмандар өз тілдерімен қатар араб тілінде де сөйлейтін. Тіпті, Әл-Фараби мен Ибн Сина да өз еңбектерін араб тілінде жазды. Енді, оларды «арабшылдар» немесе «арабқұлдар» деп айтуға бола ма? Кешегі алаш зиялылардың көпшілігі медресе түлегі. Бәрі арабша хат танып өскен. Біздің мақтанышымыз – Әбу Наср әл-Фәрабидің ғұлама болып, «екінші ұстаз» атануына араб елдеріндегі ғылым жолындағы сапарларының  рөлі орасан зор деп айтуға болады. Әбу Наср әл-Фәраби Фараб пен Бұхарада бастапқы ғылымын алғаннан соң, Бағдатқа аттанған. Одан әрі Дамаск, Каир, Халеб сынды қалалардан ілім іздеді. Әбу Наср әл-Фәраби – араб тілді ғалым саналған. Ислам дінімен жүруді арабшылдыққа немесе арабқұлдыққа балау – өрескел қателік. Ислам діні тек араб ұлтына тән емес. Барлық адамзатқа арналған дүние. Ол – бәрімізді жаратқан бір Алланың шариғаты. Мақсатымыз, Ислам діні арқылы араб ұлтын асқақтату емес. Мақсат – бір құдайдың бұйрығын үйретіп, тыйымын ескерту болып табылады. Төл дінімізді адамдар арасында жаю. Бірақ, Құран тілі – араб тілі болғандықтан және діннің қайнар бұлағы - араб ұлтынан шыққандықтан, араб ұлтына деген ерекше сыйымыз бар екендігі жасырын емес. Әрине, олардың арасында жамандары да бар, жақсылары да бар. Ол басқа мәселе. Бұл жерде мен қазақшылықтан безу керек деп отырғаным жоқ. Әр ұлт өзінің тілі мен салт-дәстүрін сақтауы керек. Онсыз болмайды. Енді сіздің сұрағыңызда айтып отырғаныңыз «дінді түсіндіргенде қазақ менталитетін назарға ұстауымыз керек» дегендік шығар. Мысалы, қазақ даласынан шыққан ежелгі ақын-жазушылардың, даналардың сөздерімен салыстыра түсіндірілсе, олардың айтқан дүниелерінің мәнін аша отырып, дінді олар қалай түсінген? – сол мәселелер кеңінен айтылса, құба-құп.    – Зайырлы қоғам мұсылман қауымы үшін жат па? – Зайырлылық – дін мемлекеттен бөлек деген қағидаға негізделген. Ал, Ислам дінінде дін мемлекеттен бөлек емес. Дегенмен, бұл - жергілікті заңға бағынбау керек деген сөзді білдірмейді. Діндар мұсылман өзінің тұрып жатқан мемлекеттің заңына бағынуы тиіс. Заң дегеніміз, әлеуметтік тәртіп деген сөз. Қаһарман Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзімен айтсақ, «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Қасиетті Құран Кәрімнің «Юсуф сүресінде»Жүсіп пайғамбар жайында оқиға орын алған. Сонда, Жүсіп пайғамбардың Мысыр елінде қазына басшысы болған шағында жергілікті патшаның заңы үстемдік құрып тұрған еді. Енді, Жүсіп пайғамбар да сол заңға бағынғандығын қасиетті аяттардың астарынан ұғынуға болады. Ендеше, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырғандықтан, бұған діндар мұсылмандар да сый-құрметпен қараулары ләзім. Отан – бәрімізге ортақ. – Бүгінгі қоғамдағы мұсылманның мақсат-міндеті қандай болмақ? – Бүгінгі қоғам – біліктілік пен байлықтың үстем етіп тұрған орын. Бүгінде не білімді болуыңыз керек, не болмаса, дәулетті болуыңыз қажет. Мұсылман кісі осы екеуінен де қапы қалмауы ләзім деп ойлаймын. Мұсылманның ең басты мақсаты – Алла ризалығына қауышу. Ізгілікті насихаттау, жақсылықта жарысу. Титтей де болса, игі істер істеп, қоғамға пайдасын тигізу, сол арқылы сауапқа кенеліп, Алланың жарылқауына қол жеткізу болып табылады. Ислам діні бізге «о дүниемен қатар, бұ дүниені де ұмытпа» деп үйретеді. Сондықтан да, мұсылман жан-жақты білікті де, білімді болуы тиіс. Өзінің асыл дінімен қоса, өз мамандығын жетік білгені жөн. Сонымен бірге адал жолмен дүние тауып, бай болу да дінге қайшы емес. Кезінде бай сахабалар болған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Алаған қолдан, береген қол артық» дейді. Алайда, байлық мұсылманның жүрегінде емес, қалтасында орын алуы абзал болмақ. – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Әңгімелескен Жайық НАҒЫМАШ, Kazislam.kz
 


  2018-01-03       21

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев




ҚР Президенті

Нұржан Тұрсынбай




«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының блогы

Кітаптар



СІЗДІҢ ПІКІРІҢІЗ


Сіздің ойыңызша, «Ыстық бағыт-110» қызметі қажет пе?



2338:822

Қолданушылар саны






Яндекс.Метрика