Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
мемлекеттік коммуналдық мекемесінің
ресми сайты

ПЕРЗЕНТ – АТА-АНАҒА БЕРІЛГЕН АМАНАТ



Отбасы – ұлттың және рухани дәстүрлерді үйрететін бір мектеп. Отан, ел алдындағы борышымыз ең алдымен осы отбасынан басталады. «Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демекші, балалар жанұядағы әке-шешесінен көргенін айнытпай қайталап, бойына сіңіреді. Ерлі-зайыпты балаларының алдында сан қырынан жан-жақты үлгі-өнеге болуы қажет. Хазіреті Әли: «Перзент – ата-анаға берілген аманат», – деген.

Әлидің (р.а.) айтқан аманаты, яғни игі перзент болуы үшін сол баланы дүниеге әкелетін анасын иманды, инабатты қыздан таңдау керек. Балаларыңыздың анасы адал мен арамды ажырататын Алланың әміріне бойсұнған бойжеткен болуы өте маңызды. Болашақ балаңызды көтеріп жүрген анасы аузына арам тағам алмауын және дүниеге келген соң да сәбидің адалдан тамақтануын, дұрыс есім берілуін әкесі қадағалауы қажет. Өйткені бұл нәрсе отағасына аманат. «Баласына жақсы ат қою, кәмелетке жеткенінде оны үйлендіру және оқып-жазуды үйрету әкеге жүктелген міндет» (Әли әл-Муттаки).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Сендер қиямет күні өз есімімен және әкелерінің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан балаларыңа жақсы ат қойыңдар»– деп бұйырған (Әбу Дауіт). Сол себепті аталарымыз жаңа туылған сәбиге азан шақырып, мағыналы да мазмұнды мұсылманшылық ат қойып келген.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) келесі хадистерінде былай деген: «Ер кісі жанұяның тәрбиешісі. Сондықтан ол жанұяның тәрбиесі үшін жауапкер»– деп айтқан (Имам Табарани).

«Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол  –  қол астындағыларға жауапты»(Бұһари). Жоғарыдағы аят-хадистер бізге исламдағы ата-ананың бала тәрбиесі, отбасы үшін қаншалықты жауапты екенін көрсетіп отыр.

Көрнекті ислам ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазали бала тәрбиесіне қатысты мынадай ойды айтады: «...Біліп алғайсың! Баланың тәрбиесі ең маңызды істердің бірі. Перзент –ата-анаға аманат. Баланың жүрегі пәк, нәзік, аңқау және ешбір нақыш салынбаған таза гауһар тасы сияқты. Жүрекке қандай ою-өрнек салынса, ол соған ұқсап пішінделеді, оны иген тарапқа қарай иіледі. Егер бала жақсылыққа үйреніп, жақсылықты әдеттенсе, дүние мен ақыретте бақытын табады. Әрине, бұл сауапқа оның ата-анасы және тәрбиешісі мен оған тәлім берген адамдар бөленеді.

 Егер балаға көңіл бөлінбей шетте қалып қойса, жамандықтың ортасында өссе, бақытсыздыққа душар болып, құрып кетеді. Бұл жағдайда күнәнің ауыртпалығы оны осы күйге түсіргендер мен ата-ананың мойынына артылады. Алла тағала былай деп айтқан:

«Ей, мүминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар» (Тахрим: 6).

Әке перзентін дүние отынан (азабы мен машақатынан) қаншалық сақтаса, ақырет отынан да сонша сақтауы лазым. Тәрбие жолында көркем мінездің, қасиеттерін үйрету және жамандықтан қайтару, бұзық құрбы-құрдастардан қорғау, жеңіл өмірге әдеттендірмеу, байлыққа махаббатын оятпау арқылы әке перзентін тозақ отынан сақтайды. Егер бала дүние құмарлығына бой алдырса, мәңгілік тұңғиыққа кетті деген сөз...» (Жан тәрбиесі кітабынан).

Алла тағала «Таһа» сүресінің 132-ші аятында: «Үй ішіңді намаз оқуға бұйырып, өзің де оған көңіл бөл»– деп бұйырған. Осы аятқа қатысты Әбу Һурайра (р.а.) мына оқиғаны баяндайды. Хазіреті Омар (р.а) осы аяты естіп:

– Уа, Алланың елшісі! Біз Алла Тағаланың азабынан сақтануға тырысамыз. Ал, бала-шағамызды қалай сақтандырсақ болады?

Аланың елшісі (с.ғ.с.):

– Алла сендерді неден қайтарған болса, сендер де бала-шағаларыңды содан қайтарыңдар! Алла сендерге нені істе деп бұйырған болса, сендер де бала-шағаларыңа соны істе деп бұйырыңдар! (Бұһари, Мүслим).

Тегіңіздің жалғасы шаңырағыңыздың егесі ұлдың атыңызға кір келтірмей жақсы ер азамат және Алланың сүйікті пендесі болуы – ата-ананың қолында. Баланы жас күнінен біліміне, мінезіне достарына көңіл бөліп, ержеткенде ішімдікке, лас әрекеттерге үйрететін ортаға және басын көрге сүйрейтін әдепсіз, имансыз әйелге тап болмайтындай тәрбиелеу қажет.

«Инабатты болса әйел текті» демекші, балиғат жасына жеткен қызды да анасы білімді, ибалы он саусағынан өнер тамған, қолынан іс келетін ақылына көркі сай бойжеткен етіп өсіруі тиіс. «Қызың жаман болса ата тегіңнің түбіне жетеді» дегендей, жасөспірімдік кезеңінен бастап қызды әурет жерлерін жауып жүруін талап ету керек.

Кеш батса жартылай жалаңаш күйде көшеде қыдырып, ер балалармен көңіл көтеріп бой жетіп тұрмыс құрса, перзент аманатына қиянат болмай ма? Ұл-қызыңызды қараусыз өз еркімен жіберсеңіз, онда тәрбие дұрыс болмады. Әрбір ата-ана немерелерінің, балаларына бір кездері өздері берген теріс тәрбиесінің залалын тигізіп жатқанын көріп жаны ауырмай, қабырғасы қайыспай жайбарақат қарап отыра алады ма екен? Кімде-кім балаларына Алла көрсеткен бағытта тәрбие бермесе перзент аманатына қиянат қылған болады. Біз оларды қастарында өзіміз болмайтын уақыт үшін дұрыс тәрбиелеп, жетілдіруіміз керек. Хазіреті Әли: «Перзенттеріңізді өздеріңіз болмайтын уақыт үшін тәрбиелеңдер, өйткені олар сол уақыт үшін жаралған»– деп кеңес берген. Балалар біздің келешігіміз. Егер алдымыз жарқын болсын десек, онда балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру сіз бен біздің борышымыз. Қызымыз туылған нәрестені қоқысқа тастаудан аулақ, ұлымыз адасқан радикалды ағымнан сақ жүргенін қаласақ, онда ұл мен қыздың тәрбиесіне, қоршаған ортасына тиісінше көңіл бөлейік.

 Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ,

дінтанушы


  2016-09-20       248

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев




ҚР Президенті

Нұржан Тұрсынбай




«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының блогы

Кітаптар



СІЗДІҢ ПІКІРІҢІЗ


Сіздің ойыңызша, «Ыстық бағыт-110» қызметі қажет пе?



2338:822

Қолданушылар саны






Яндекс.Метрика